Ел бюджетінен Олимпиада және Паралимпиада жүлдегерлеріне миллиардтар төленуі мүмкін

4743

Париждегі жазғы Ойындар Қазақстан тарихындағы ең бір қымбат спорттық жарысқа айналғалы тұр.

Ел бюджетінен Олимпиада және Паралимпиада жүлдегерлеріне миллиардтар төленуі мүмкін Фото: idman.biz

Францияда 26 шілдеден 11 тамыз аралығында жүрген XXXIII жазғы Олимпиада аяқталды. Жаһандық сайыстардың соңғы күнінде Қазақ елінің намысын қорғау жеңіл атлетші Жанна Мамажанова мен еркін күресші Әлішер Ерғалиге (97 келіге дейін) жүктелген. Екеуі де ел үмітін ақтамады. Мамажанова жұрт соңында шаң қауып қалып, 33-ші нәтижені місе тұтты. Спортшыларға өзін-өзі жұбату үшін берілетін қосымша жекпе-жекте Ерғалиді ирандық Әмір Әли Хамид Азарпир илеп тастады. Сөйтіп, ол тіпті қола жүлде үшін таласу мүмкіндігін жіберіп алды.

Осылайша, Қазақстан Париж Олимпиадасынан 7 медальмен оралды. Оның 1-еуі – алтын, 3-еуі – күрес, 3-еуі – қола. Бір қарағанда, қоржыны қомақты. Қазақстан медальдік есепте дүниежүзілік елулікке кірді.

Бірақ бұл Олимпиада қазақстандық қоғам тарапынан да, спортшылар қоғамдастығы тарапынан да қызу пікірталас, сұрапыл сын тудыруда. Пікір білдірушілердің ой-пікірлерін тұжырсақ, бұл олимпиалық ойындар Қазақстанның спорттық резервінің нашар екенін паш етті. Сарапшылардың айтуынша, Париж Олимпиадасында жеңіс тұғырларына студенттер көп көтерілді. Бұл балалар мен студенттік ойындардың әлемде серпінді дамып жатқанын паш етті. Ал, Қазақстанның медалистерінің көбі – спорттық мансабын ресми аяқтамағанымен, табиғи-жастық шектеуге байланысты аяқтау қарсаңында тұрғандар. Олардың төрт жылдан соң жас ұрпақпен тең тайталасуы неғайбыл екен.

Бұл шын ба? Қазақстанға жалғыз алтынды әкелген дзюдошы Елдос Сметов 1992 жылы туған, таяуда, 9 қыркүйекте 32-ге толады. 2028 жылғы шілдеде АҚШ-тың Лос-Анджелесінде өтетін XXXIV жазғы Олимпиадада 36-ға таяп қалады. Спорттық рекордтар жыл сайын жаңарып жатқан қазіргі қарқынды заманда бұл жаста ірі жетістіктерге жеткен спортшы аз.

Боксшы Нұрбек Оралбай Қазақстанға күміс жүлде әкелді. Ол – 2000 жылғы 11 маусымда туған, бүгінде небары 24 жаста. Бірақ келесі лосанджелестік Олимпиадаға бірде бір қазақстандық боксер жіберілмейді. Өйткені біріншіден, биылғы мамырда Халықаралық олимпиялық комитет әбден жемқорлық басқан, даудан арылмаған Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) мүше ұлттық федерациялардың боксшылары бұдан былай олимпиялық ойындарға жіберілмейтінін жариялады. Қазақстан IBA-ға мүше. Екіншіден, допингке, коррупцияға, басқасына қатысты ауыр атлетика және бокс спорттары Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасынан алып тасталуда.

Демек, боксшыларымыз Нұрбек Оралбай мен Назым Қызайбай келесі жаһандық олимпиялық жарыстарға қатыса алмай қалғалы тұрғандай.   

Қазақстанға тағы бір күміс сыйлаған гимнастшы Нариман Құрбанов 1997 жылғы 6 желтоқсанда туған, жасы – 26-да. Уикипедия халықаралық сарапшыларға сілтеме жасай келе, гимнасттардың арасында 23—26 жастан кейін спорттық мансабын жалғастыратыны өте сирек екеніне назар аудартады. 30 жасқа таяғанда, Нариманнан Лос-Анджелесте жүлде күтуге бола ма?

Үшінші күмісті қазақстандық грек-рим стиліндегі күресші Демеу Жадыраев еншіледі. Ол 1989 жылы туған, биылғы 2 қарашада 35-ке толады. Келесі Олимпиадада, қырыққа таяған Демеуден жүлде талап ету адамгершілікке жата ма?

Қола жүлдеге келсек, оның біріншісін еншілеген дзюдошы Гусман Қырғызбаев 1992 жылы туған, биылғы 28 қыркүйекте 32-ге толады. Келесі күміс медалші, боксшы Назым Қызайбай – 30-ға келді. Бокс туралы әлгінде айтылды. Нысана көздеуден аралас командалық жарым-микстте қола қанжылаған Ислам Сәтпаев 1998 жылғы 21 қыркүйекте туған: 25-ке жетті және биылғы Олимпиаданың жеңімпазы атанған 17 жасар балалар үшін ересек ағай саналады. Тек Сәтпаевтың серіктесі, 2004 жылғы 3 мамырда туған Александра Ле – қазіргі ең жас жүлдегеріміз. Ол 20 жаста ғана.

Яғни, сарапшылардың жабырқайтын жөні бар. Мысалы, Париж жазғы Ойындарында жаңа тарихтағы ең жас Олимпиада жеңімпазы анықталды: Қытай спортшысы, 11 жасар Чжен Хаохао скейтбордингтен Олимпиада алтынын алды. Ғажайып қыз бала шеберлігімен, жарқын қойылымымен және скейтборд тебудегі сенімділігімен бүкіл әлемді тәнті етіп, тәжірибелі қарсыластарын көп артта және қапыда қалдырды. Бұған дейін 1896 жылғы тұңғыш Олимпия ойындарында 10 жасар грек гимнасты Димитриос Лундрас алтын алған болатын. Париж Олимпиадасында 18 жасқа дейінгі спортшылар көп болды. Қоғамды қынжылтатыны сол, мемлекеттің Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, тіпті 4–6-шы орын алғандарды ақшалай молынан ынталандырғанына қарамастан, қазақстандық спорт қартайып барады.

Сарапшылардың есептеуінше, осы жолғы Олимпиадада жеңіс тұғырына көтерілген, соған бірер қадам жақын қалған қазақстандық спортшыларға бюджеттен 1 миллион доллардай қаражат төленеді. Бұған қоса, мемлекетке оларға пәтер беру үшін де біраз шығындалуға тура келеді.

Қолданыстағы заңнама бойынша Олимпиялық ойындарда алтын алған спортшыға 250 000 доллар беріледі. Заңда доллармен көрсетілген, алайда бюджеттен бұл сыйақы теңгемен төленеді. Төленер кезде Ұлттық банк белгілеген бағам ескеріледі. Ұлттық банктің 2024 жылғы 11 тамызға бекіткен бағамына сәйкес, 1 доллар 477,04 теңгеге тең. Бұл жағдайда 250 мың доллар бүгінде 119,2 миллион теңгеге тең.

Дегенмен, Олимпиадада жүлделі орындарға және төртінші, бесінші, алтыншы орын алғандарға ақшалай сыйақы жыл соңында немесе келесі жылы аударылуы мүмкін. Өйткені ол үшін Үкімет тиісті қаулы әзірлеп, қабылдауы, бюджеттік заңнама аясында рәсімдері жүзеге асырылуы қажет. Ол кезде девальвация болып, доллар бағамы 500 теңгеге жетсе, онда Елдос Сметов 125 миллион теңгеден жоғары сыйақы ала алады.

Күміс медаль иеленген 3 спортшымыздың әрқайсысына – 150 000 доллардан, қола жүлдеге қол жеткізген 3 спортшымызға – 75 000 доллардан төленеді. Осылайша, жеңіс тұғырына аяқ басқан 7 қазақстандық олимпиадашыға бюджеттен жалпы сомасы 925 000 доллар берілмек.

Бірақ мұнымен шектелмейді. Қазақстанда Олимпиадада 4-ші орынға тұрақтағандарға – 30 мың доллар (14 миллион теңгеден астам), 5-ші орынды місе тұтқандарға – 10 мың доллар, 6-шы орыннан аса алмағандарға – 5 мың доллар (шамамен 2,5 миллиондай теңге) сыйақы беріледі.   

Осыдан кейін Парижде 28 тамыз–8 қыркүйек аралығында Паралимпиада Ойындары өтеді. Оның жеңімпаздарына, жүлдегерлеріне және соларға барынша жақын тұрғандарға дәл осындай көлемде сыйақы төленеді. Ондағы алтындар саны көп болса, бюджеттен бөлінетін сома екі миллионға немесе миллиард теңгеге дейін жетуі де мүмкін.

Жеңімпаз спортшыларға мемлекеттік бюджет сыртында әрбір федерация да төл сыйақылары мен сыйлықтарын ұсынады. Соның ішінде Бокс федерациясы Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының мүшелеріне ұсынатын сыйақы мөлшерін жариялады: 1 орын – 220 мың доллар (98 миллион теңге); 2-ші орын – 120 мың доллар (53,6 миллион теңге); 3-ші орын: 70 мың доллар (31,3 миллион теңге); 4-ші орын үшін: 30 мың доллар (13,4 миллион теңге); 5-ші орын үшін: 10 мың доллар. Бас бапкер мен жаттықтырушылар кеңесі де боксшының сыйақысының 30 пайызына тең көлемде сыйақы алады.

"Дене шынықтыру және спорт туралы" заңына сәйкес, мол сыйақы сыртында Олимпиадалық, Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындардың чемпиондары немесе жүлдегерлеріне қалалардың бірінен, коммуналдық тұрғын үй қорынан міндетті түрде тегін үй беріледі.

·      Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Сурдлимпиадалық ойындарда алтын медаль жеңіп алған чемпионға – үш бөлмелі пәтер;

·      күміс медаль жеңіп алған жүлдегерге – екі бөлмелі пәтер;

·      қола медаль жеңіп алған жүлдегерге – бір бөлмелі пәтер.

Заң бойынша жергілікті әкімдік чемпиондар мен жүлдегерлерге ол пәтерді "ресми шешімді, хаттаманы алған кезден 6 айдан кешіктірілмей" бюджет қаражатына нарықтан сатып алып, беруге тиіс.

Бұдан бөлек, осы спортшыларға мемлекет енді өмір бойғы, ай сайынғы төлем төлеп тұрады. Бұл – спорттық карьерасын аяқтаған соң ел намысын қорғаған белгілі спортшылар мемлекет қамқорлығынан тыс қалмауы үшін жасалған. Бұрын өмір бойғы төлемнің айлық көлемі небары 24 АЕК (сол тұста 73 512 теңге) болатын. Қазіргі кезде Үкімет бұл соманы 100 АЕК-ке дейін көтерді.

Олай болса, Париж Олимпиадасының, соған дейінгі, одан кейінгі жазғы, қысқы ойындардың, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұлттық құрамадан кеткен жағдайда, 2024 жылы ай сайын 369 200 теңге төлемақы төленеді. Осылайша, танымал спортшылар мерзімінен бұрын, жас кезінде-ақ "өзіндік зейнеткерлікке" шыға алады. Қартайғанда, бұған негізгі зейнетақысы да қосылады.

Ұқсас, өмір бойғы төлемақы олардың жаттықтырушыларына да төленеді.

Жалпы, әлемде Олимпиадада азды-көпті жетістікке жеткен спортшыларын дәл Қазақстандай мол сыйлықтың астында қалдыратын және оның көлемін заңмен бекіткен мемлекет кемде-кем. Көптеген ел олимпиялық жетістіктер үшін сыйақыны ерте жарияламайды, факті бойынша, соңынан белгілейді. Көп елде спортшыға марапатты мемлекет емес, жергілікті билік немесе ұлттық спорт ұйымдары ұсынады.

Америкада жеңімпаз спортшыларға бонустарды (шамамен 40 мың доллардай) мемлекет емес, қоғамдық ұйымдары төлейді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан америкалық олимпиадашылар сондай-ақ жарнамалық контракті мен пиардан да табыс таба алады.

Үндістанның олимпиадалық комитеті шамамен 120 мың доллар төлеуі мүмкін. Қытайда жергілікті провинциялардың әрқайсысы өзі бекітеді, әдетте, құрылыс компаниялары атынан пәтер сыйлайды.

Малайзия жеңіске қол жеткізген өз спортшыларына премиум-кластағы машиналар сыйлауға уәде еткен.

Дамыған елдердің көбі, Ұлыбритания, Норвегия, Швеция және басқасы олимпиялық медалистерге бюджеттен сыйақы төлемейді. Бұл жайт онсыз да оларды тәрбиелеуге, шынықтыруға, даярлығына, күтіміне және басқасына мемлекеттің шығындалатынымен дәйектеледі.

Мысалы, Филиппин өзінің Олимпиада чемпионы Карлос Юлоға кеспе-лапшаның өмір бойғы қорын және тегін колоноскопияны ғана ұсынды.

ТМД елдеріне келсек, допинг жанжалдарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін және соғыс үшін санкцияларға байланысты Ресей мен Беларуське Олимпиадаға қатысуына тыйым салынған.

Тәжікстанда жаңа қағида бойынша жазғы және қысқы ойындарда алтын алғандарға – 300 мың сомони (13,6 млн теңге) мен 3 бөлмелі пәтер, күміс медаль үшін – 250 мың сомони (11,3 млн теңге) мен 2 бөлмелі пәтер, 3-ші орын алғандарға – 200 мың сомони (9 млн теңгедей) және 1 бөлмелі пәтер беріледі. Тәжікстан олимпиадашылары бұл жолы 3 қола жүлдені қанағат тұтты. Тәжікстан – 79-шы орында тұр.

Грузия билігі алтын алғандарға 370 мың доллар, күміс жүлдегерлерге – 186 мың доллар, қола медальға – 93 мың доллар төлейтінін мәлімдеген. Бұл елдің олимпиадашылары 3 алтын, 3 күміс және 1 қола алып, Грузияны жаһандық жалпы командалық есепте 24-ші орынға шығарды. Салыстырсақ, алтыны біреу ғана болуы салдарынан, осылай 7 медаль иеленген Қазақстан жалпы рейтингте 43-ші орынға түсті.

Қалай болғанда, жеңімпаз олимпиадашыларға сый-құрмет үшін мемлекет қазынасынан шығын шығару жөнінен Грузия мен Қазақстан әлемде алдына қара салмайды. Олимпиялық рейтингте 28-ші орынға көтерілген Әзербайжан да сыйақы бойынша үштікке ілікті: алтынға – 235 мың, күміске – 118 мың, қолаға – 59 мың доллар береді.

13 медаль: 8 алтын, 2 күміс, 3 қола алып, айды аспанға шығарған, спорттан Түркі әлемінің көшбасшысына айналып, әлемдік 15-тікке еркін кірген (13-ші) Өзбекстанда – тиісінше, $200 мың, $100 мың, $50 мың.

1 күміс, 3 қоламен 72-ші орында қалған Молдовада алтынға – 170, күміске – 147, қолаға – 113 мың доллар беріледі.

12 медаль, соның ішінде 3 алтын, 5 күміс және 4 қоламен рейтингте 22-ші орынға жоғарылаған Украинада алтынға – 125 мың, күміске – 100 мың, қолаға – 80 мың доллардай сыйақы төленбек.

6 медальмен; 2 күміс, 4 қоламен 68-ші орыннан көрінген Қырғызстанда алтынға – 117 мың, күміске – 82, қолаға – 59 мың доллар уәде етілген.

Алтынға – жергілікті валютаға шаққанда 52 мың, күміске – 39 мың, қолаға – 29 мың доллардай сыйақы ұсынған Армения 3 күміс және 1 қоламен 66-шы орынға жайғасты.

Қорыта айтқанда, Олимпиадада жеңіске жету үшін мол сыйақы төлеу – жетістікке септеспейді. Мысалы, жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ешқандай салмақты сыйақы уәде етпеген, небары 5 миллиондай ғана тұрғыны бар Жаңа Зеландия спортшылары 10 алтын, 7 күміс және 2 қола алып, жаһандық медальдік есепте 11-ші орынға шықты.

9 миллиондай тұрғыны бар Венгрия – 14-ші орынға (6 алтын, 7 күміс, 6 қола), халқы небары 10,5 миллион болатын Швеция – 14-ші орынға (4 алтын, 4 күміс, 3 қола), 5,5 миллион ғана халқы бар Норвегия – 18-ші орынға (4 алтын, 1 күміс, 3 қола), тұрғынының саны 5 миллионнан сәл асатын Ирландия – 19 орынға (4 алтын, 3 қола) тұрақтап, алғашқы жиырмалыққа еркін енді.

Олимпиадаға Президентінің өзі басымдықты мән берген, спортқа миллиардтап ел қаржысын шығын еткен, спортшыларына астатөк сыйақы, ынталандыру, түрлі сыйлық ұсынған, халқының саны 20 миллионнан асқан Қазақстан неге шағын елдерге жол берді? Неге тіпті Кения, Иран, Украина, Куба, Алжир, Израиль сияқты кедейшілік, санкция, соғыс, экономикалық дағдарыс сияқты түрлі зұлматтарды бастан өткеріп жатқан мемлекеттерден де нашар нәтиже көрсетті? Бұл енді Үкіметте, Туризм және спорт министрлігінде, Ұлттық олимпиадалық комитетте, федерацияларда талқыланып, талданып, әділ жауабы мен тиімді шешімі табылуға және жүзеге асырылуға тиіс мәселе.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу