Ел мақтаған Ангела Меркель Еуропаны Ресейге тәуелді етті деп сыналып жатыр

11799

Еуропалық медиа Германияның бұрынғы Канцлерінің Еуропаны Ресейге тәуелді етуге қалай үлес қосқанын талдап сынап жатыр. 

Ел мақтаған Ангела Меркель Еуропаны Ресейге тәуелді етті деп сыналып жатыр

2021 жылғы 2 желтоқсанда ГФР Канцлері А. Меркель әскери оркестр орындаған панк-рок жұлдызы Нина Хагеннің танымал әні аясында, қоштасу салтанатында халыққа ілтипатын білдіріп, жып-жылы қоштасып, лауазымынан кетті. Шетелдік телеарналар оны қолпаштауға жиылған немістердің көзіне жас алғанын көрсетіп жатты. Есімінде "періште" деген ұғым бар Меркель ханым Германияны 16 жылдай басқарды.

Германияға басшы болған тарихтағы тұңғыш әйел А. Меркель канцлер орынтағында отыру ұзақтығы жөнінен тіпті Конрад Аденауэрды басып озып, Гельмут Кольға шамалы ғана жетпей қалды. Бірақ олардан айырмашылығы сол, Меркель биліктен өз еркімен бас тартты.

Дүниежүзіндегі атақты басылымдар оған әр жылдары "Әлемдегі ең беделді әйел" және тіпті "еркін әлемнің жаңа лидері" деген мадақ-атақ беріп жүрді. Немістің ақпарат құралдары оны "Мутти" (шеше) деп еркелететін. Әлеуметтік желіде көптеген жергілікті тұрғын Германияны Меркельсіз көзге елестете алмайтындарын жазды.

Сол кезде оны біраз қазақстандық та ұлықтады. Сарапшылар, блогерлер, былайғы жұрт Меркельдің билікке таскенедей жабыспай, елдегі ең биік лауазымды өз еркімен тастап кеткеніне, соңынан БҰҰ құрылымдарының бірін басқару туралы ұсыныс түскенде, соған да келіспей, қарапайым зейнеткер болуды қалағанына тәнті болды.

Қазір жағдай өзгеріп сала бергенге ұқсайды. Батыстық, әсіресе, германиялық және франциялық медиа Еуропаның ауыр хәлге түскеніне Меркельді айыптап жатыр. Былтыр кетіп қалған тұлғаның қазіргі дағдарысқа не қатысы бар?

Қазір бүкіл Еуропа "көгілдір отынның" шектен тыс қымбаттауынан қиналуда. Бірқатар елдің басшылығы өз тұрғындарынан энергия үнемдеу үшін үйлеріндегі жылу температурасын төмендетуді сұрады. Бірнеше есе қымбаттаған коммуналдық төлемді төлей алмайтын тұрғындар саны көбейгендіктен, Грекия электр қуаты мен газ бағасын субсидиялау үшін шамамен 3,2 миллион азаматына 1,1 миллиард еуро бөлуге мәжбүр. Бұл қаржы тек 3 айға жетеді екен. Бельгия, Австрия және басқалары да осал топтар үшін газды субсидиялауға көшті.

Еуропа осы "дәрежеге" қалай жетті?

Газ әрдайым ең арзан отын саналатын. Мысалы, 2005 жылы бір мың текше метрінің құны орта есеппен 95 доллар ғана тұратын. Салыстыратын болсақ, сол кезде мұнайдың бір ғана бөшкесі 55 долларға бағаланатын.

Шетелдік сарапшылар маңызды бір жайтқа назар аудартады. Бұрындары мұнай мен газдың бағасы өзара байланысты болмайтын. Әрине, екеуі де энергиялық ресурс саналады. Алайда олар әртүрлі нарыққа жатады, оны тұтынатын ірі нысандардың қызметі де негізінен өзара түйіспейді. Өлшемі де әртүрлі: бірі – текше метрмен, енді бірі – баррельмен есептеледі. Әйткенмен қулығына құрық бойламайтын Кремль Батыс әлеміндегі қолдаушылары мен лоббистері арқылы бірте-бірте "газдың бағасы мұнай бағасына байланысты" ("цена газа зависит от цены на нефть") деген оғаш формуланы халықаралық нарыққа таңған көрінеді.

Бір қарағанда, мұнысы мүлдем ақылға сыймайды. Өйткені дәл осы формуламен арзан тұздың бағасын жыл сайын қымбаттап бара жатқан қантқа телуге болады емес пе, екеуі де ас дайындауға пайдаланылады, екеуі де ақ түсті, сусымалы өнімдерге жатады, әрі екеуі де қапқа салынады. Нәтижесінде, қызылша немесе қант құрағының шығымдылығы нашар болғанда, халық пен өнеркәсіп тарапынан қантқа сұраныс күрт өскенде, қанттың ізімен тұз да қымбаттап шыға келер еді.

Халықаралық ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Мәскеу газ бағасын мұнайға байлайтын формуланы жаһандық нарыққа таңу арқылы бұл ресурсының құнын 2-3 есеге дейін қымбаттата алды.

Сарапшылар, бір өзекті сауалды ортаға тастады. Саудагер ел өзіне өте тиімді формуланы тықпалай берсін, ал тұтынушы елдер өзіне қып-қызыл шығын келтіретін орынсыз схеманы не себепті қабылдаған? Бұл сауалдың жауабы белгісіз. Себебі ешбір құзырлы орган Еуропаның жетекші елдерінің лидерлерін пара алды деп айыптаған жоқ.

Герхард Шрёдер 2005 жылғы желтоқсанда ФРГ Канцлері қызметінен кеткен соң Солтүстік-Еуропалық газ құбырының операторы – North European Gas Pipeline акционерлері комитетінің тізгінін қолына алды. Оның "Газпром" үстемдік ететін консорциумдағы ақылы лауазымға тағайындалуын неміс партиялары, шетелдік БАҚ қатаң сынға алды.

Ал Меркельдің "Газпромға" махаббаты түсініксіз

Қазір Шрёдер де, Меркель де үнсіз. Бұл сырдың бетін мемуарларында да ашпауы мүмкін. Халықаралық сарапшылар сондай-ақ Италия, Австрия, Бельгия, Болгария, Сербияның билік басындағы тұлғалары да өз еліне басқа емес, дәл "Газпромның" газ жеткізгенін мақұл көргенін, соның жобасының жүзеге асуына жанын салғанын ескертеді.

Батыстың жетекші басылымдары "Газпром" жобаларының Еуропадағы басты қолдаушысы Меркель ханым болғанын ашық айтады. Мысалы, германиялық Deutsche Welle "Газпромның" Еуропадағы барлық жеңісі Меркельдің қолымен сомдалды" деп жазады.

Мысалы, 2019 жылғы 7 ақпанда ресми Париж ЕуроОдақтың энергетикалық заңнамасы саналатын "Үшінші энергопакетке" сарапшылар ұсынған түзетуді қолдайтынын жариялады. Бұл құжат Ресей ілгерілеткен "Солтүстік ағын-2" құрылысына тосқауыл қоятын. Осыдан кейін Франция Президенті Эмманюэль Макронға Ангела Меркель қоңырау шалады. Нәтижесінде, келесі күні, 8 ақпанда Франция "Газпром" үшін аса маңызды жобаның аяқталуын қолдайтынын жария етіп, алдыңғы мәлімдемесінің күшін жойды. Бірнеше сағат өткенде Брюссельде "Солтүстік ағын-2-нің" құрылысын аяғына жеткізуге мүмкіндік беретін формуланы ЕО мақұлдады. Оған сәйкес, "Nord Stream 2" магистралді газ құбырын Брюссель емес, Берлин реттейтін болды.

Әйтпесе, Франция Еуроодақтың ресейлік газға тым тәуелді болып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, одақтастарын бұл тәуелділіктен кету амалдарын қарастыруға шақырған еді.

"Осылайша, "Газпром" Меркель қолымен өз мүдделерін қорғап шықты, жеңімпазға айналды. Бұл ретте Кремль қосымша бонусқа қол жеткізді. Солтүстік ағын-2" құбыры Еуропа үшін ұрыс-керіс пен іріткі ошағына айналды, ЕО елдерінің бірлігіне сына қақты. Себебі одақ мүшелерінің біразы оған қарсы еді. Еуропалық Одақта қарама-қайшылықты өршіту, араздық дәнін себу, қақтығыс тудыру – Мәскеудің сүйікті тактикасы", – деп жазады Deutsche Welle.

Неміс басылымдары "коммунистік ГДР-де туғанымен, өзін үнемі еуропалық ынтымақтың жақтаушысы ретінде ұсынатын Меркель даулы жобаны неге ынты-шынтысымен қорғады?" деп күмәнданады.

Ангела Меркель "арзан отын саналатын газ Германия экономикасын көтеруге серпін береді" деуден жалықпайтын. ГФР электр энергетикада көмірді пайдаланудан 2038 жылға дейін толық бас тарту бағытын белгіледі. Жапондық Фукусимадағы АЭС апатынан кейін Меркель командасы немістің АЭС-терін жабуға қол жеткізді. Салдарынан, Германия Еуропадағы Ресей газына ең тәуелді елге айналды.

"Не себепті Меркель ханым "Газпром" мүдделерін табанды қорғады?" деп немістердің басы қататын жөні бар. Өйткені Ангела Меркель асып бара жатқан байлығы әшкереленбеген, қарапайым ғана өмір сүретін адам. Сондықтан бірқатар сарапшы: "Меркель Еуропадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін Ресеймен әріптестік қарым-қатынастарды сақтау керек деп шын сенетін неміс саясаткерлері қатарына жатады" деген байлам жасады. Бұл ретте "энергетика өзара тиімділік әкелетін санаулы саланың бірі". Меркель ханым қатты қателескен еді.

Кремль өз дегеніне жетіп, Еуропа елдерінің көбін нашақордай өз газына тәуелді еткеннен кейін олардың ішкі саясатына ықпал ете бастады. Егер қандай да бір ел Мәскеудің ұстанымына қарсы шықса, Кремль дереу жұдырық түйіп, оған газ жіберуді тоқтататынын айтып, қорқытатын.

Асау Еуропа мойнына қыл арқан түскенін сезбей де қалды.

Газ "шоқпар" болудан қалып барады

"Арзан отын" деген газ былтыр, соғыс қарсаңында күрт қымбаттай бастады. 1 мың текше метрінің құны 2021 жылғы көктемдегі 250 доллардан жыл соңында 1 мың долларға дейін шығандады. Ал 2022 жылғы 21 ақпанда РФ президенті Владимир Путин Украинаның Донецк және Луганск облыстарын жеке, егемен республикалар деп танитын жарлығына қол қойғанда, Еуропада газ бағасы әрі қарай шарықтады. 24 ақпанда Ресей Украинаға баса-көктей кіргенде, биржа ойыншылары Еуропаға ресейлік энергиялық ресурстарды жеткізу тоқтап қалады деген үрейге бой алдырып, бағаны тарихи рекордтарға дейін көтеріп жіберді. 7 наурызда 1 мың текше метр "көгілдір отынның" құны 3 892 долларға жетті. Мұндай максимум тарихта ешқашан болмаған.

Өз күшін сезінген Кремль сыпайылықты ысырып тастап, Еуропаны газ үшін рубльмен есептесуге мәжбүрлі түрде көшіретінін мәлімдеді. Алайда Мәскеу алдында мәймөңкелеп жаман үйренген еуропалық беделді тұлғалар бұл кезде Еуропаның саясат сахнасынан кетіп қалған еді. ГФР-дің жаңа Канцлері Олаф Шольц Германия газ үшін рубльмен есептесуге бармайтынын және әрі қарай еуромен төлей беретінін мәлімдеді. Артынша Еуроодақ саммитінде ЕО-ға мүше елдер Мәскеудің шантажына көнбеуге келіскен. Сонымен бірге бұдан былай газды әр ел жеке емес, ұжымдасқан түрде сатып алуға мәмілелесті. Бұл әлдебір елдің табаны тайып, рубльмен есеп айырысуға көшіп кетуін болдырмайды.

"Бұған дейінгі бірнеше жыл бойы дәл осы Германия жүргізген саясат кесірінен Ресей газ бен мұнай жеткізу саласында монополистке айналып, Еуропаға билігін жүргізе бастады. Қазір мұның қате саясат болғанын мойындауымыз керек. Оның соңы жантүршігерлік қылмысқа ұласты. ХХІ ғасырда Еуропада тұтас халық қырылуда", – деп мәлімдеме жасады күні кеше Польшаның Премьер-Министрі Матеуш Моравецкий.

Бұған қоса, Еуропа 2030 жылға дейін Ресей газынан толық бас тартуға ниетті. Кейбір елдер қазірден "көгілдір отынды" өзгеден сатып алуда.

Bloomberg мәліметінше, газ бағасының ғаламат өсуі арқасында Ресей 2022 жылы газ бен мұнай сатудан 321 миллиард доллар рекордтық табысқа кенелуі мүмкін. Бұл табыс тіпті мемлекеттік резервінің жартысы (300 млрд доллары) бұғатталғанына қарамастан, Ресейге бұрынғыдай өмір сүруге, ұлттық валютасын қалыпта ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бірақ таяуда Еуропа ресейлік газ бен мұнай саудасына тыйым-эмбарго енгізуі мүмкін. Бүгінде осындай санкция белсенді талқыланып жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу