Ел үмітін ақтамаған "Astana Hub" жабыла ма?

2500

Алматы әкімі Ерболат Досаев ірі активке қол жеткізуі мүмкін.

Ел үмітін ақтамаған "Astana Hub" жабыла ма? Фото: Ашық дерек көздерінен

"Астана Хаб" ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркі Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мегажобаларының бірі болатын. Ол 2018 жылғы 6 қарашада орталықты салтанатты түрде өзі ашып берді. Содан бері бес жыл өтті.

Inbusiness.kz былтыр сарапшылардың пікіріне жүгініп, астаналық технопарктің резиденттері майнингпен шектен тыс әуестеніп кеткеніне қатысты мәселені көтерген болатын. Astana Hub майнинг фермалармен байланысты компанияларды өзінде қатысушысы ретінде тіркеп, оларға 8,5 млрд теңге преференцияларды заңсыз бергені анықталған. Сонда Астана хаб баспасөз қызметі бұған жат та кеп ашуланып, жоққа шығаруды адуынды түрде талап еткен болатын. Inbusiness.kz өз дереккөздеріне сенімді болғандықтан, табандылық танытып, бұл негізсіз талапқа бас имеді.

Бүгінде технопарк Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиевтің Digital Business-ке үлкен сұхбатын жариялап отыр. Ол біздің ақпаратты растады.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жыл қорытындысында Қазақстанның ішкі нарығында жеке және заңды тұлғаларға 1,77 миллиард долларға ІТ-қызметтер көрсетіліпті. Бұл ретте оның басым бөлігін ресейлік және шетелдік айти компаниялар көрсеткені сөзсіз. Оның үстіне Ресейден біраз ІТ компания релокацияланғаны мәлім.

Ал біздің айтишілер қайда? Ұлттық банктің мәліметінше, былтыр "телекоммуникациялық компьютерлік және ақпараттық қызметтердің" экспорты 470 млн долларды ғана құрады. Оның ішінде таза компьютерлік қызметтердің үлесінде – небәрі 334 млн доллар. Яғни, сыртқа нарықтарға өз елімізде тұтынғанға қарағанда бірнеше есе аз софт сатылады.

Осы шағын сомадағы сонша дәріптелген Астана Хабтың еншісі қанша?

Мағжан Мәдиевтің айтуынша, 2020 жылы астаналық технопарктің резиденттерінің бүкіл экспорттық кірісі 34 млн болыпты. 2021 жылы экспорт – 128 млн, 2022 жылы – 153 млн, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында – 126 млн долларды құраған.

"Бұл цифрлардың артында қызықты бір гәп бар. Мысалы, 2021 жылы елде цифрлық майнинг дүмпуі болды. Бұл құбылыстың оң жағы да, теріс жағы да бар. Бір анығы, цифрлық майнинг бізде таза экспорттық бағытты құрады. Дөрекі түрде айтсам, біз электр қуатын биткоинға айналдырып, шетелге сатамыз. Astana Hub-тың біраз резиденттері өздері майнер болмағанымен, өздерінің есептеуіш қуаттылықтарымен майнерлерге қызмет етті. Содан Үкімет белгілі шешімдерді қабылдады да, цифрлық майнерлермен ынтымақтасқан компаниялар технопарктен шығарылды. Сонда көпшілік 2022 жылы біздің экспорттық түсіміміз құлдырайды деп күтті. Себебі, технопарктен шығарылған компаниялар хабтың жалпы түсімінің шамамен 30%-ын және экспорттық түсіміміздің тұтас 60%-ын беретін. Мүмкін, құлдырайтын да еді. Бірақ Ресейден бизнес-миграция көмектесті", – деп масайрады Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Яғни, оны Путиннің Украинаға қанды қырғыны құтқарған болып шыққаны ма? Бұған мәз болу әрине, әбестік.

Қалай болғанда, ел басшылығы елбасылық бұл хабтың тірлігіне көңілі толмай отырғаны байқалады. Соның бір дәлеліндей, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорын қайта ұйымдастыру туралы" Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын жариялады.

Құжатқа сәйкес, "Astana Hub" IT-стартаптардың халықаралық технопаркі" корпоративтік қоры алматылық "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорына қосылатын болады.

Тиісінше, Алматы әкімдігінің қарауындағы иннотехнопарк қайта ұйымдастырылады.

Бұл өзгерістер ұлттық заңнаманы өзгертуді қажет етеді. Осы мақсатта "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық саланы мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленді.

Цифрлық даму министрлігі "Инновациялық технологиялар паркі" (ИТП) дербес кластерлік қорының қызметі заң жүзінде шектен тыс регламентацияланғанына назар аудартты. Онда резиденттердің жеңілдіктер мен артықшылықтарды алуына кедергі көп.

Ал Астана хабтың резиденттері барлық игілікті еркін пайдаланады. "Алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым" деген күйде. Соған қарамастан, депутаттардың мәліметінше, елордалық хаб ел бюджетінен қаржы алып отыр.

Астана хабты қосып алған соң ИТП резиденттеріне де жақсырақ жағдай жасалуы мүмкін.

"Атап өтетін жайт, "ИТП" дербес кластерлік қорының қызметі "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" жеке заңымен реттеледі. Инновациялық технологиялар паркінің арнайы экономикалық аймағы бұрын Инновациялық технологиялар паркі автономды кластерлік қорының қарамағында болды. Кейін Алматы қаласы әкімдігінің бақылауына өтті. Парктің арнайы экономикалық аймағы "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар қызметі туралы" заңымен реттеледі. Осының бәрі қайталану мен шатасуға соқтырады. Ал "Astana Hub" корпоративтік қорының қызметі шектелмеген, оның қызметі "Ақпараттандыру туралы" жалпы заңымен, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілермен ғана реттеледі", – деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігі.

Қос технопаркті қосқаннан, Астана хаб ұтады. Оған қосымша миллиардтар құйылады.

"Инновациялық технологиялар паркі мен Astana Hub корпоративтік қорын бірыңғай ұйымдастырушылық экожүйеге біріктіру ішкі және сыртқы нарықтарда "бір терезе" қағидаты бойынша әрекет етуге, бірыңғай хаб құруға мүмкіндік береді. Бұл инвесторлар үшін тартымдылықты арттырады. Сондай-ақ, біріктірілген құрылым серпінді жобаларды сараптаудың бірыңғай орталығына айналады. Көптеген инновациялық компаниялар салық преференцияларын алады. Бұған қоса, "Инновациялық технологиялар паркі" дербес инновациялық кластері туралы" заңға және "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексіне сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар жылдық жиынтық табысының немесе өндіріс шығындарының 1%-ын "Инновациялық технологиялар паркі" қатысушыларының жобаларына аударуға міндетті", – деп хабарлады министрлік.

Енді осы аста-төк қаржыға Астана хаб та ауыз салады.

"Тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу және біріктіру нәтижесінде, "Astana Hub" резиденттері де жер қойнауын пайдаланушыларға өз шешімдерін ұсына алады және олардан қаржы ала алады", – деп түсініктеме берді Цифрлық даму министрлігі.

Дегенмен бұл қаржының жұмсалуы мен қайтарымында онсыз да мөлдірлік жоқ. 2015 жылдан бастап, 2023 жылғы қаңтар аралығында қазақ жерінің астынан қазынасын қотарып алып жатқан жер қойнауын пайдаланушылар 1% алымын аударған.

Оның аясында олар "Инновациялық технологиялар паркі" автономды кластерлік қорымен жалпы сомасы 34,5 миллиард теңгеге 284 шарт жасасты. Бұл қаражат есебінен 2015 жылдан бері аталған технопарктерге қатысушылардың 187 жобасы жалпы сомасы 16,6 миллиард теңгеге қаржыландырылды.

Соның ішінде 2022 жылы жалпы сомасы 7,7 млрд теңгеге тек 62 келісімшартқа қол қойылды. Алайда алматылық технопарк қатысушыларының 19 жобасы жалпы сомасы 2,56 миллиард теңгеге қаржыландырылды.

Ол жобалардан елге не пайда келгені белгісіз.

Цифрлық даму министрлігінің байламынша, жер қойнауын пайдаланушылар бөлген миллиардтарды "Инновациялық технологиялар паркінің" игеру қарқыны төмен болып қалуда. Алда ол миллиардтарды жұлмалап, жәукемдеуге Астана хабтың резиденттері араласпақ. Одан елге пайда келсе жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу