Елбасы дамуға бастайтын он міндетті атады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3387

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы жолдауына байланысты республикалық телеарналардың эфирінен мәлімдеме жасап, ел алдындағы 10 негізгі міндетті айқындап берді. 

Елбасы дамуға бастайтын он міндетті атады Фото: akorda.kz

"Мен жүзеге асыруымыз керек 10 міндетті көріп отырмын. Олардың мазмұны туралы қысқаша айтып өтсем. Біріншісі - қазақстандық индустрия жаңа технологияларды енгізуде флагман бола білуі керек. Біз өнеркәсіпте өндіріс процестерін цифрландыру мен заманауи бизнес-модельдерді игеру арқылы еңбек өндірісінің деңгейін көтеруге тиіспіз.

Екіншіден, ресурстық әлеуетті қолдану тиімділігін барынша жақсарту керек. Қазіргі уақытта ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу талап етіліп отыр. Бұл шығарылатын өнімдердің үлесін арттыруға оларды қайта өңдеу тереңдігін меңгеруге, сонымен бірге энергияны үнемдеуге және өндірістің экологиясының жақсаруына мүмкіндік береді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Президент тәуелсіз Қазақстан қарқынды экономикалық даму жолына бет алғанын тілге тиек етіп, елімізде 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.  

"Жүз нақты қадам ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз. Индустрияландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыс атқарылуда. Біз конституциялық реформаны жүзеге асырып, еліміздің үшінші жаңғыруын бастадық. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы қабылданды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы үшінші міндет бойынша агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру қажет екенін айтты. Президенттің пайымынша, бұл қадам ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арттыруға серпін береді.

"Төртінші - транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан ары дамыту. Цифрлы технологияларды енгізу мен интеллектуалды транспорт жүйесін құру жүк тасымалдау мерзімдерін қысқартуға және транзиттен түсетін табыстарды еселеуге мүмкіндік береді", – деді елбасы. 

Мемлекет басшысы мәлімдегендей, бесінші міндет аясында ТҮКШ және құрылыс саласында заманауи технология қолданылуға тиіс. 

"Құрылыстың жаңа әдістері, ғимараттардың энергетикалық тиімділігіне қойылатын талаптарды күшейту, инфрақұрылымды басқарудың интеллектуальдық жүйелері қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді", – деді  Қазақстан басшысы. 

Президенттің пәрмені бойынша, алтыншы міндет аясында қаржы секторын қайта жандандыру керек. 

"Банк жүйесін сауықтыру шараларына қатаң бақылау болуға тиіс және қарапайым тұрғындардың мүдделері ескерілуі керек. Банктерге иелік етіп, оларды басқарып отырған тұлғалардың жауапкершілігін мейлінше арттыру керек. Несиелеуді кеңейту керек және қор нарығының дамуын қамтамасыз ету қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Жетінші міндетте адам капиталының жаңа сапасына басымдық берілуге тиіс. Бұл туралы елбасы: "Білім беру жүйесінің барлық деңгейі бүгінгі заман мен экономиканың талаптарына сай болуға тиіс.

Сонымен бірге мұғалім мамандығының беделін жоғарылату қажет.

Денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды қолдану аурулардың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақсартуға, медициналық қызметтің сапасын арттыруға тиіс.

2016-2017 жылдары әлеуметтік төлемдер үш рет өсті.

Үстіміздегі жылы бюджеттің әлеуметтік салаға шығыстары 12%-ға арттырылып, 4 триллион теңгеден асатын болады.

Базалық зейнетақы орташа алғанда жұмыс өтілі ескеріле отырып 1,8 есе өсетін болады.
Оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұны шеңберінде білімін жетілдірген мұғалімдердің лауазымдық еңбекақылары мақұлданған біліктілігіне байланысты 30-дан 50%-ға дейін өседі", – деді.

Сегізінші міндетте мемлекеттік тиімді басқаруға басымдық беріледі.

"Цифрлы технологиялар бизнесті қайта реттеуді одан әрі жалғастыруға, мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік қолдаудың сапасын арттыруға, азаматтардың қажеттілігін мейлінше толықтай қамтуға мүмкіндік береді. 

Аймақтар мен жергілікті өзін-өзі басқарудың экономикалық дербестігі кеңейтілетін болады", – деп нақтылады мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев тоғызыншы міндет аясында заң үстемдігі мен сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін баяндады. 

"Оныншы: "Ақылды қала" технологиясын енгізу өсіп келе жатқан қалалардың мәселелерін тиімді шешуге және инвесторлар үшін олардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде барлығымыз осы он міндетті орындауға жұмылуымыз қажет.

Жолдаудың толық мәтінінде олар егжей-тегжейлі жазылған", – деді президент. 

Аталған міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы қажет. 

"Ол үшін үкімет пен әкімдер кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Отанымыздың көркеюі әркімнің жаңа "цифрлық дәуір" талаптарына сай болуына байланысты. Осыны әрбір қазақстандық терең түсінуі керек. Қазақстанның жарқын болашағы жолында барлық мақсаттарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін!", – деп түйді мәлімдемесін Нұрсұлтан Назарбаев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу