Эльдар Жұмағазиев: Санитарлық талаптарға сәйкестік актісі – жауапкершілігі мол бизнестің бет-бейнесі

12545

Іnfokazakhstan.kz порталына жеті күн ішінде 200 мыңнан астам өтініш түскен. 

Эльдар Жұмағазиев: Санитарлық талаптарға сәйкестік актісі – жауапкершілігі мол бизнестің бет-бейнесі

Бұл интернет-ресурс "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен кәсіпкерлік қызметті жедел жандандыру үшін іске қосылды, деп хабарлайды ҰКП баспасөз қызметі.

"Жуырда ғана еліміздегі науқастар саны тым артып, эпидемиологиялық ахуалдың аса күрделі болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Кәсіпкерлер мәселесін бақылаушы органдарымен талқылаған кезде, бірінші карантиннен кейінгі болған жағымсыз тәжірибенің тәуекелдері ескерілді. Бизнесті тексеру арқылы жұмысын қайта жалғастыру алгоритмін енгізу мәселесі қызу талқыланды. Бизнес-қауымдастықпен бірлесе отырып келіссөздер жүргізу арқылы кәсіпкерлер, реттеуші органдар және жұртшылық үшін бірыңғай алаңға айналған InfoKazakhstan порталын іске қосудың тиімділі екеніне бақылаушы органдарды сендіре алдық", – деп атап айтты "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары. 

Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, бизнес қызметін қайта қалпына келтіру хабарлау арқылы да, рұқсат беру түрінде де жүзеге асырылады. Сонымен қатар, сауда орталықтарын, базарларды, әуежайларды, автовокзалдарды, пенитенциарлық жүйе ұйымдарын қоспағанда, кәсіпкерлік субъектілер өз қызметін хабарлама тәртібімен, яғни тексерусіз жалғастыра алады. 

"Біздің есебіміз бойынша, бизнестің 97 пайызы хабарлама негізінде мақұлданды. Бүгінгі күні жеке кабинетінде хабарлама қалдырған кәсіпкерлердің 200 мың өтінішінің 158 мыңға жуығына бірнеше минут ішінде сәйкестік актісі берілді. InfoKazakhstan порталындағы жеке кабинет өзгерістер, алгоритмдер және қолданыстағы нормативтік құжаттардың бірыңғай ақпарат көзіне біртіндеп айнала беруі тиіс. Сондай-ақ, порталды мониторингтік топтардың ескертулерімен де толықтырып отырғымыз келеді", – деді Эльдар Жұмағазиев.

Осы 200 мың өтініштің 30 мыңнан астамы Алматы қаласынан, 18 мыңнан астамы Шығыс Қазақстан, 17,3 мыңы Қарағанды, 16,3 мыңы Павлодар облысынан келіп түсті.  Өтініштерді саралау мақсатында мониторинг топтарының тексерістерге шығуының кестесін құру үшін InfoKazakhstan порталына келіп түскен мәліметтерді тек жергілікті атқарушы органдар мен СЭС-тің жауапты қызметкерлері ғана өңдейді және жинақтайды.
"Портал арқылы алынған мәліметтер негізінде қосымша тексеру шаралары жүргізілуі мүмкін деген қауіп туындауы ғажап емес екенін түсінеміз. Дегенмен мониторинг топтары белгілі бір сигнал немесе қажеттілігі болмаса хабарлама арқылы сәйкестік актісін алған бизнес нысандарына бармауы туралы мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын да айта кеткім келеді", – деді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі.

"Атамекен" ҰКП-ның бірыңғай байланыс орталығы (нөмірі 1432) мен аймақтық қолдау қызметтеріне 15-21 тамыз аралығында 30 мыңнан астам қоңырау шалынған. Қойылған сұрақтарды басым көпшілігі өтінішті жіберуге, техникалық мәселелерге, санитарлық талаптарға және т.б. қатысты болған. 

"Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, кәсіпорындар өз қызметін қайта жандандырғанына немесе локдаун кезінде жұмыс істегеніне қарамастан, InfoKazakhstan сайтына тіркелуі керек. Бұл шешім барлық кәсіпкердің алгоритмі бірдей болуына және тұтынушылар бизнестің санитарлық талаптарға сәйкестік актісінің болуына назарын аударып, өзін қауіпсіз сезінуі үшін қабылданды. Бұл құжат жауапкершілігі мол бизнестің бет-бейнесін көрсетуі тиіс. Бизнестің өзін-өзі реттеуі және айыппұл салу саясатынан алшақтап, қоғамдық бақылауға көшу тұрақты үрдіске айналуы керек", – деп сөзін толықтырды Эльдар Жұмағазиев.

Пайдаланушылардың ұсыныстарын ескере отырып, портал жұмысы бір апта ішінде жетілдірілді.

Порталдағы маңызды өзгерістер ретінде сайттың толық нұсқасының мемлекеттік тілде шығуын, санитарлық нормаларға сәйкестік актісін қазақ және орыс тілдерінде алу мүмкіндігі берілгенін айтуға болады. Сонымен қатар, сайт пайдаланушысы рұқсат алу туралы өтінішін дұрыс жібермеген болса, оны кері қайтарып ала алады.

Порталдың жұмысы туралы кәсіпкерлерге кеңес беру үшін 1432 call-орталығы жұмыс істейді (қоңырау шалу тегін).


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу