Елде "Еуропротокол" енгізілуі жүргізушілер арасындағы шиеленісті күшейтуі мүмкін

9133

Жол апатынан соң жүргізушілердің хаттаманы өз бетінше толтыруының жағымсыз салдарлары болуы мүмкін.

Елде "Еуропротокол" енгізілуі жүргізушілер арасындағы шиеленісті күшейтуі мүмкін Фото: aipsmedia.com

Келесі 2024 жылдан бастап, Қазақстанда "еуропротокол" режимі енгізіледі. Бұл туралы Inbusiness.kz хабарлады.

Оған сәйкес, жол-көлік оқиғасы (ЖКО) болса, азаматтар полиция қызметкерін шақырмай-ақ, өзара келісіп, хаттаманы онлайн толтырып, тарайды.

Жаңашылдықтың оң тұстарын ведомствоның өзі айтып берді: оның ұстанымынша, бұл шара бір жағынан, азаматтардың сотта талқылауға кететін уақытын үнемдейді. Екінші жағынан, құқық қорғау және сот органдарына жүктемені азайтып, олардың жолдағы шет-шегі жоқ шағын соқтығысуларға алаңдамай, басқа маңызды істермен айналысуына мүмкіндік беретін көрінеді. 

"2024 жылдан бастап, жол-көлік оқиғасы болған кезде, соған қатысушылардың полиция қызметкерлерін шақырмай-ақ, дауларды өз бетінше, дербес шешудің оңайлатылған рәсімінің нормалары күшіне енеді. Бұл жағдайда қатысушылар ЖКО-ны онлайн режимде тіркейді. ЖКО қатысушылары мен сақтандырушылардың мұндай қарым-қатынасын "еурохаттама" (европротокол) деп атайды. Бұл шаралар азаматтарға сот талқылауларына кететін уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл шешімін күткен басқа азаматтық шағымдары басынан асып жатқан сот, полиция органдарына түсетін жүктемені азайтады. Өз кезегінде патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметіне көбірек көңіл бөле алады", – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі. 

Еурохаттама ЖКО-ға 2 көлік қатысса ғана қолданылады. Сонымен бірге апат салдарынан адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келсе, немесе үшінші тұлғалардың мүлкін бүлінсе, онда тараптар еурохаттамаға жүгіне алмайды.

Қоғам белсендісі, автоэксперт Вадим Соколов жаңашылдық сауатсыздыққа қосылса, проблемаларды өршітуі мүмкін екенін айтады.

"Жолда өзін жауапсыз, нашар ұстайтын жүргізушілер негізінен екі санатқа жатады: олардың бірінші санаты шалқыған бай, тиісінше әлдекімді соғып кетсе, бір бума ақшаны лақтырып, жүре бере алады. Бұлар қаржыға бәрін сатып алуға болады деп менменсиді. Заңнама қатайтылғанға дейін олар адамды басып өлтірсе де, туыстарына құнын төлеп, жазадан құтылып кететін. Екінші санаттағылар – ескі-құсқы, арзанқол көлік мініп алып, жол апатын қолдан жасаудан тайынбайтын желіккендер. Бұлар да жолда өзін агрессивті ұстайды, жолыңды кес-кестеп, еліріп кетеді. Содан ЖКО-ға тап болса, не өзіңді айыптап, төбелесуге дайын тұрады, немесе отбасылық жағдайының нашар екенін, баласының көптігін, өзге табыс көзінің жоқтығын айтып, зар еңіреп, аяушылыққа шақырады. Осы екі санат инспекторды шақырмай, жылы жаба салуды сұрайды. "Еуропротокол" осы кесірлі құбылысты заңдастыруы, демек өршітуі ықтимал", – деді Вадим.

Оның пікірінше, еурохаттама жол апатына айыпты болған жүргізушіге де залалын тигізуі, оны шығынға батыруы мүмкін. Өйткені ЖКО-ны полиция өкілінің қатысуынсыз, өзара келісімге сай рәсімдей салудың соңы салмақты салдарларға соқтыруы ықтимал.  

"Мұндай жағдайда өтемақыны сақтандырушы компания "Еуропротокол" аясында төлейді. Еурохаттама бойынша төлемнің ең жоғарғы шегі белгіленеді. Сақтандырушы сол максимумнан артық бермейді. Бірақ ол өтемақы автомобильді жөндеуге жетпей қалуы мүмкін. Онда жәбірленуші апаттың толық шығынын соған айыпты жүргізушіден өндіріп алуға құқылы болады. Бұл ретте зардап шегуші де өтемақы төлеген сақтандырушы компаниядан қосымша қаржы талап ете алмайды. Яғни, көлікті толық қалпына келтіру құны айыптының мойнына артылады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ондай жағдайда кінәлі жүргізушілер жөндеу шығынын ерікті түрде өтеуге келіспейді. Дауды реттеу үшін ЖКО қатысушылары сотқа жүгінеді. Тиісінше, соттардың жұмысы жеңілдемейді, керісінше, олар шектен тыс жүктеледі", – деді автосарапшы.

Еурохаттама бойынша тек 100 айлық есептік көрсеткіш шегінен аспайтын шығын сомасы өтеледі. Бұл 2023 жылы 345 000 теңгеге тең.

Айыпты жүргізуші төлеуге тиіс шығын сомасы СТО-да жүргізілген жөндеудің төленген ақысы (түбіртек) негізінде анықталады. Бұл ретте СТО-дағылар өз ісіне жауапты қарап, әрі көбірек табыс табу үшін көліктің апатқа дейін болған ескі ақауларын тауып, түзеуге тырысады. Осының бәрінің құны ЖКО-ға себепкер болған жүргізушінің мойнына қарыз болып жамалады. Оның соңына ЖСО (жеке сот орындаушылары) түсіп, өмірін "тозаққа" айналдыруы мүмкін. 

Нәтижесінде, жүргізушілер көлігін сақтандыруға төлем төлейді, бірақ бәрібір жәбірленушінің көлігін жөндеуге шығындалуына тура келеді. 

Дегенмен, айыпты жүргізуші адуынды болса, зардап шегушіні асықтырып, қажеттіден әлдеқайда аздау сомаға келісуге көндіріп, алдап кетуі мүмкін. Өйткені қысылтаяң шақта көлікке келген шығынды сауатты, толыққанды бағалау қиын.

Алданбау үшін не істеу керек?

Ең алдымен "қарсыластың" айтқанына көне салмай, автомобильге келген зақымның сипаты мен ауқымын барынша толыққанды бағалауға тырысу керек. 

Оны смартфон арқылы барлық қырынан суретке, дұрысы видеоға түсіріп алған жөн. Тақырға отырмау үшін қос тарап та осылай жасағаны абзал. Зардап шегушіге – айыптының, ал айыптыға – зардап шегушінің бағалауына сене салуы ағаттық болады. Өйткені қарсы жақ қасақана өз мүддесін тықпалауы, немесе қателесіп тұруы ғажап емес.

Маман емес адамға машинаның қандай да бір бөлшегін жөндеу қанша тұратынын нақты анықтау өте қиын. Бұл жағдайда автомобилдің ресми өндірушісінің дилерімен хабарласып, қалпына келтіру жұмыстарының қаншаға түсетіні туралы шамалап болса да біліп алуға болады.  

Егер жол-көлік оқиғасына себепші болған жүргізуші көлікті жөндеу құны еурохаттама аясында бекітілетін шекті төлем сомасынан асып түсетінін шамаласа, онда апатты полиция қызметкерінің қатысуымен рәсімдегені дұрысырақ болады. Бұл әрине, әлдеқайда көп уақытты алады, барлық жұмысты ысыруға тура келеді. Әйткенмен, айыпты жүргізуші болашақта өзіне қосымша қаржылық талап қойылмайтынына сенімді болады. 

Егер апатқа душар еткен айыптының көлігі сақтандырылмаған болса, онда полиция келген соң сол жерде автосараптама жүргізіледі. 

Егер ЖКО-ға өзіңіз кінәлі болсаңыз және ОСАГО аясында сақтандырылсаңыз, онда сақтандыру компаниясының өкілі өзі автосараптама жүргізеді. 

Келіп жеткен жол полициясының қызметкері оқиға орнында әдетте:

  • апат схемасын;
  • апатқа қатысушылардың түсініктемесін (объяснительные);
  • хаттаманы толтырады (апаттың ықтимал айыптысының атына жазылады).

Соның ішінде жүргізушілердің қолына келесі құжаттар берілуі керек:

  • хаттаманың көшірмесі (қандай жүргізуші атына жазылса, соған беріледі);
  • ЖКО туралы анықтама (бұл қираған, бұзылған автомобилмен қала ішінде қозғалғанда, өзге полицейлер тоқтатып, тексерсе, соларға көрсету үшін қажет);
  • Медициналық куәландырудан өтуге бағыттама.

Апат схемасы мен қатысушылардың түсініктемесі ереже ретінде жүргізушілердің қолына берілмейді. Олар кейін іске тігіледі. 

Жол полициясының қызметкері апат схемасын толтырғанда, міндетті түрде автомобилдердің әрқайсысына келген сыртқы зақымды егжей-тегжейлі сипаттап жазуға тиіс. Бұл оның міндеті. Өз көлігіңізге келтірілген барлық нұқсанның сол құжатта ескерілгенін қадағалаңыз.

Жалпы, полиция шақыртса, ол жүргізушілердің мас немесе есірткі тұтынғанын анықтау үшін медициналық куәландыруға жолдайды. Осыдан қашып, жүргізушілер еурохаттама аясында келісімге келуге бейім тұруы да мүмкін. Татуласу, бітімге келу деген жақсы, бірақ оның соңы жаңа проблемалар тудырмаса, тіптен жақсы.     

Қорыта айтқанда, сарапшылардың айтуынша, полиция қызметкерлерін шақырусыз, оқиғаны рәсімдеуге жеті рет өлшеп, бір рет кескендей салмақты қарап, өте мұқият болған жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу