Елде инемен емдеу, хиджама қылмыстық қудалануы мүмкін

1617

Парламент пен Үкімет тиісті жазалау және бақылау тетіктерін әзірлеп жатыр. 

Елде инемен емдеу, хиджама қылмыстық қудалануы мүмкін Фото: РБК

Елімізде дәстүрлі емес медицина әдістеріне, соның ішінде фитотерапия, гомеопатия, акупунктура, омыртқа сүйектерін "орнына салатын" мануалды терапия және басқа да баламалы емдеу тәсілдеріне халықтың қызығушылығы артып келеді.

Бұған Қазақстанда 3 миллионнан аса адамның медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалуы, денсаулық сақтау жүйесінің сапасының нашарлауы және медицинаның халыққа қолжетімсіз болып қалуы ықпал етуде.

Енді шенеуніктер мен депутаттар осы "халықтық" саланы да мемлекеттік реттеудің тәсілдерін қарастырып жатыр.

"Осы салада нақты заңнамалық реттеудің болмауы пациенттердің қауіпсіздігі, мамандардың біліктілігі және көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау мәселелерін туындатты. Қазіргі уақытта Қазақстанда дәстүрлі емес медицина саласын реттейтін бірде бір арнайы нормативтік-құқықтық акті жоқ", – деді сенатор Бибігүл Жексенбай.

Бұған депутаттардың өздері кінәлі болса керек. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтық негіздерді айқындайтын негізгі құжат – 2020 жылғы 7 шілдеде қабылданған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексі. Алайда бұл кодексте дәстүрлі емес медицинаға қатысты нақты ережелер қарастырылмаған, содан осы салада құқықтық вакуум қалыптасты.

Айта кету керек, бұрын, 2006 жылға дейін, емшілер мен дәстүрлі емес медицина практиктерінің қызметін реттейтін белгілі бір нормативтік актілер болған, ішінде лицензиялау және сертификаттау рәсімдері де бар еді. Аталған құжаттардың күшін жоюмен бірге дәстүрлі емес медицина саласындағы қызмет тиісті құқықтық бақылаусыз қалды.

Сенаторлардың мәліметінше, қазіргі кезде бақылаусыз, бассыз кеткен бұл сектор біраз проблема туындатты. Біріншіден, күн сайын пациенттердің денсаулығына қауіп төнуде. Дәлелденбеген, тіпті қауіпсіз емес емдеу әдістерін қолдану аурудың денсаулық жағдайының нашарлауына немесе асқынулардың дамуына әкелуі мүмкін.

Екіншіден, дәстүрлі емес медицинаны (ДЕМ, халық медицинасын) қолданатындардың біліктілігі жеткіліксіз. Сырқаттың жағдайы нашарласа, есінен танып қалса, қандай алғашқы көмек көрсету керектігін білмейді, көбіне оттегі маскасы, дефибриллятор сияқты қарапайым құралдары да жоқ.

Заңнамада білім мен сертификаттауға қойылатын талаптардың болмауы тиісті дайындығы жоқ адамдардың ДЕМ практикасымен айналысуына мүмкіндік береді.

Үшіншіден, салада жауапкершілік те жоқ. Науқасқа зиян келтірілген жағдайда жазаға тартудың және зардап шеккендердің құқықтарын қорғаудың нақты механизмдер қарастырылмаған. Мәселен, Германия, Қытай, Үндістан және басқасында дәстүрлі емес медицина ресми денсаулық сақтау жүйесіне интеграцияланған.

Германияда гомеопатия мен натуропатиямен айналысуға тек жоғары медициналық білімі және қосымша біліктілігі бар дәрігерлерге рұқсат етіледі. Оңтүстік Кореяда кәріс дәстүрлі медицинасы бойынша 6 жылдық жоғары білімді игеру шарт, ол ғылыми және клиникалық пәндерді қамтиды. АҚШ-та баламалы медицина тек лицензияланған бағыттарда ғана рұқсат етіледі.

"Ал, Қазақстанда адам ағзасы мен медицинадан мүлде хабарсыз кейбір дәстүрлі емес медицина орталықтарында азаматтар денсаулығына айтарлықтай зиян келтіру оқиғалары тіркелді. Мәселен, Алматы облысында медициналық білімі жоқ адам жүргізген мануалды терапиядан кейін науқастың аяқ-қолы сал (паралич) болып қалған. Ал, шөппен емдеуді (фитотерапия) қате тағайындау салдарынан бірнеше адамның бауыры зақымданған. Сондай-ақ, балаларға "халық емі" тәсілдерін қолдану салдарынан ауыр аллергиялық реакциялар, асқынулар болды", – дейді сенатор.

Сол себепті мемлекет енді осы саланы заңнамалық реттеу шараларын қабылдауға кірісті. Осы орайда депутаттар "дәстүрлі емес медицина практиктері үшін лицензиялау және сертификаттау жүйесін енгізуді, міндетті оқыту мен біліктілікті растауды қарастыруды" ұсынды.

Сертификатталған ДЕМ қызметі орталықтарының Бірыңғай цифрлық платформасын жасаған абзал. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен дәлелдерге негізделген рұқсат етілген әдістер мен практикалардың тізілімін құру керек.

Өз кезегінде уәкілетті меморгандарға тиісті құзыр беріліп, олар ДЕМ мамандарының қызметіне де ұдайы бақылау және қадағалау жүргізу өкілеттігіне ие болуы қажет.

Үкімет не дейді?

Бірақ Үкімет дәстүрлі емес медицинаны лицензиялауға, оның өкілдерінің біліктілігін сертификаттауға қарсы. Оның орнына олардың бәріне жаппай тыйым салып, қылмыстық қудалауды ұсынып отыр.   

Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенаторларға хатында атап көрсеткендей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымына сәйкес, дәстүрлі емес, халықтық медицина тәсілдерін диагностика, емдеу және профилактика үшін қосымша тиісті рұқсаты бар медицина қызметкерлері ғана жүргізіп, пайдалануы керек.

"Бүгінде Қазақстанда тек дәлелді және дәстүрлі медицина әдістерін қолдануға ғана рұқсат етілген. Басқасы заңсыз! Қолданыстағы заңнамаға сәйкес дәстүрлі емес медицинаның тек бірнеше түріне рұқсат берілген, оған – гомеопатия, рефлексотерапия, фитотерапия, мануалды терапия, гирудотерапия, су-джок терапия жатады. Міне, медициналық қызметтің дәл осы түрлерін жүзеге асыру үшін мемлекеттік лицензия мен маман сертификаты болуы қажет. Ал, осы түрлерге жатпайтын өзге емдеу әдістері – заңсыз кәсіпкерлік немесе медициналық қызмет болып табылады!", – деп шорт кесті Бектенов.

Премьер-министр заңсыз медициналық қызмет көрсеткен жағдайда, ол адамдар – дәстүрлі емес медицинаны қолданушылар, емшілер, тәуіптер, басқасы енді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертті.

Депутаттардың дәстүрлі және дәстүрлі емес медицинаны біріктіретін Бірыңғай цифрлық платформа жасау бастамасын Үкімет мамандармен пысықтайтын болды.

"Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласында Бірыңғай ақпараттық жүйе құру жұмыстары жүргізілуде. Ол денсаулық сақтау процестерін оңтайландырып, цифрландыратын болады. Ақпараттық жүйелерді оңтайландыру мен интеграциялау арқылы барлық денсаулық сақтау ұйымдарын, соның ішінде дәстүрлі емес медицинамен айналысатын ұйымдарды түпкілікті бақылау және деректердің объективтілігін қамтамасыз ету мүмкіндігі болады", – деп сендірді Премьер-министр.

Жалпы, 2025 жылғы 28 ақпанда Денсаулық сақтау министрлігі №14 бұйрығымен, меншік нысанына қарамастан саладағы барлық медициналық ұйымда қолданылатын ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптарды бекітті.

Үкімет басшысы да бүгінде Қазақстанда дәстүрлі емес медицинаны регламенттейтін талаптар мен рәсімдер айқындалмағанын растады.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ДЕМ әдістерін регламенттеу мақсатында стандарт әзірлейді. Бірақ ол әдістер ине қадау, хиджама, және басқа да заңдастырылмаған ДЕМ әдістерін қарастырмауы мүмкін.

Жаңа стандартта рұқсат етілген дәстүрлі емес медициналық көмектің негізгі міндеттері, тәртібі және оны көрсету шарттары, оның ішінде мамандар мен жабдықталуға қойылатын талаптарды реттеу жоспарланған.

Негізі, жауапкершілікті Үкіметке ысыра бермей, дәстүрлі емес медицинаға қатысты талаптарды сенаторлардың өзі заң жүзінде бекіте алады. Қазіргі кезде Мәжілісте "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жатыр.

Сол жобада медициналық көмек көрсету саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мен қадағалауды енгізу мәселесі пысықталды. Депутаттар халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мәселелерін сонда егжей-тегжейлі пысықтай алады.

Әрине, егер құлық болса. Денсаулық сақтау кодексін қабылдағанда Парламент дәстүрлі емес медицина мәселесін сол бойы шешпеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу