Елде соғым бағасы қандай?

2371

Ауыл кәсіпкерлері алдарындағы малын арзанға өткізуге мәжбүр.

Елде соғым бағасы қандай? Фото: canva.com

Этнографтардың мәліметінше, "қысқы азық-түліктің мол қорын жасақтауға" бағытталған соғымның күзгі және қысқы түрі болады. Соңғысы желтоқсанда аяқталатын көрінеді. Өйткені әрі қарай мал арықтайды, алды төлдей бастайды.

Олай болса, бүгінде соғым маусымдары аяқталды. Мал арзандаған болар?

Мал өсірушілер, соның ішінде мал бордақылау алаңдары төрт түлікті интернеттегі тегін хабарландырулар алаңдары, әлеуметтік желілер арқылы да сатып жатыр. Бұл ретте көбісі "соғым" деген айқындауышын сол бойы алып тастамапты. Өйткені қазаққа да, орысқа да ұғынықты ұғым.

Бағалардың былтырғы күздегіден көп түспегені анықталды. Мысалы, қоңыр күзде мал сою науқаны басталғанда, Астанада сиырдың бағасы 320 мың теңгеден жоғары болатын.

Жабағы, тайлар семіздігіне қарай 300 мың теңгеден қымбат бағаланған. Құнан, дөнен, бестілердің құны жарты миллионнан 700 мың теңгеге дейін баратын.

Бүгінде де бұл бағалар сақталған, бірқатары тіпті көтеріпті. Мәселен, тайлар 400 мың теңгеге дейін қымбаттады.

Шаруа қожалығының басшысы, өзін Оралбай деп таныстырған жігіт сатылатын соғымның, жалпы, малдың бағасы қымбат тұратынын ескертті. Себебі, түрлі алымдары қосылады. Сондықтан арзан ет іздеген жан ғаламтор мен инстаграмдағы тегін жарнамаларға көбірек жүгінгені абзал екен.

Оралбай малдың қымбаттауын оның күтіміне, қысқы азық жеміне кететін шығынның өскенімен түсіндірді. Оның үстіне биылдан бастап, фермерлер мемлекеттен субсидия ала алмай жатқан көрінеді. Мұның бәрі еттің ақырғы бағасына ықпал етеді.

Есесіне қыста қойлар бағасы еселеп арзандады. Былтыр құрбан шалу кезінде олардың ең төменгі бағасы 85 мыңнан басталған еді. Бүгінде қойды 25-35 мың теңгеден келісіп, алу оңай екен.

Тегін хабарландыруларда баға арзанырақ болып шықты. Құны "қатып қалмаған", қожайындары саудаласуға әзір.  

Кәсіпкер Ерболат Жарас малдарын сойып, ауыл бизнесін доғаруға шешім қабылдағанын әңгімеледі.

"Биылғы шілдеде жайылым жерінің бес жылдық жалға алу мерзімі аяқталады. Әкімдік оны ұзартпайтынын мәлімдеді. Мемлекетке жерді қайтару науқаны жүріп жатқан көрінеді. Инстанцияларды жағалап, дауласпадым. Екі жыл бойы субсидиясыз қызмет еттік. Басқа бизнесте бағымды, білімімді сынап көрмекпін. Сондықтан жылқыларымды жайымен сатып жатырмын. Жабағыны 150 мыңға, биені 400 мыңға дейін түсіре аламын", – деді кәсіпкер.

Айтпақшы, өзге де өңірлерде жайылым жердің, азық жемнің тапшылығы кесірінен ауыл кәсіпкерлері малдарын сойып тастауға мәжбүр болуда. Ауылдықтар шөптің бағасы тым шығандап кеткеніне шағымданады. Алдыңғы жылдары бір орам шөптің (цилиндрический тюк) бағасы 5-7 мың аралығында болса, бүгінде екі еседен астам қымбат тұрады, 13 мың теңгеге дейін жетеді. Оның өзін табу күрделі.

Бұған қоса, жылқылар бұрынғыдай қыс бойы тебіндеп жайыла алмайды. Былтырғы қыркүйектен бері елде төпелетіп жауын жауды, қыстың басы жылымық болды, артынша аяз орнап, дала тоң болып қатты. Көктайғақ мұзда тәлтіректеп, тайғанақтап құлай берген қайран жануарлар қолға қарап қалды.

Eldala аграрлық порталының хабарлауынша, Қазақстандағы малдың бағасы фермерлердің көңілінен шықпай тұр. Қазіргі баға үш жыл бұрынғыдан да төмен көрінеді.

Базарлар мен дүкендерде ет қымбаттап бара жатқаны белгілі. Алайда фермерлерден мысалы, ірі қара мал етінің әр келісі 850 теңгеден көтерме сатып алынады екен. Бұл – жаз бойы сауылып, тиісті қоң жинай алмаған сүтті сиырлардың етінің бағасы. Ал мәрмәрлық (мраморный), асыл етті тұқымды ірі қара мал етінің әр келісі 1300–2000 теңгедей тұрады.  

"Мал етінің бағасының бірнеше жыл бұрынғыдан түсіп кетуіне Қазақстанның шетелге тірі малды шығаруға қойған шектеулері, сондай-ақ етті экспорттау мүмкіндіктерінің шектелуі ықпал етті. Бірақ егер отандық мал өсірушілер өз тауарын өткізудің мерзімін дұрыс жоспарлай алса, онда табысын да арттыра алады. Себебі, ет пен тірі малдың құны саудалау маусымына тікелей тәуелді. Сондай-ақ малдың шығыны күзде төмен, көктемде – жоғары", – деп түсіндірді мамандандырылған портал.

Сарапшылар кез келген мал шаруашылығының негізгі шығыны – қорада ұстайтын кезеңдегі, қыстағы азық жеммен байланысты екенін ескертеді. Жылы маусымда төрт түлік жайылымда жайылатындықтан, шығыны да төмен. Дегенмен, кейінгі жылдары Қазақстанды қуаңшылық басып, біраз өрісте түк шықпай, тақырлануы кесірінен, сондай-ақ жайылым жерлерінің жетіспеуі салдарынан жазда да малын қорада қамап ұстайтындар көбеюде.

Жайылымының болуы төлдеу маусымына да әсер етеді. Егер жайылымдық жері жеткілікті болса, онда шаруашылыққа төлді қыстың соңында – көктемнің басында алу тиімді. Сонда кеш туған жас төлдерді де азықжеммен қоректендіру шығындары аз болады.

Әрі қарай бұзаулар мен құлындар күзге дейін жайлауда өсіп жетіледі. Сонда күзгі не қысқы соғым маусымдары басталғанда, оларды қымбатырақ сатуға мүмкіндік болады.

Бұдан бөлек, фермерлер қыста қаптаған төлді бөлек ұстау үшін жеке қора-қопсы жабдықтау жүктемесінен құтылады.

Жайылымы болмағандықтан, малын қамап ұстайтын ауылдықтарда төрт түлігі көбіне күзде төлдеп жатады. Тиісінше, малдарын қыс пен көктемде өткізіп, көбірек ақша сұрауға мәжбүр.

Бұл ережелер асыл тұқымды мал өсіретіндерге жарай бермейді. Себебі, олар ірі қараны не жылқыны негізінен, сою үшін емес, асылдандырушы, "өндіріс құралы" ретінде жалға беру не сату үшін күтіп-бағады.  

Мұндай мал анағұрлым қымбат тұрады. Асыл тұқымды айғырды бірнеше миллионға сатып жатқандар кездеседі.

Бірінші санаттағы асыл тұқымды бұқалардың аукциондардағы құны былтыр 1,5 миллион теңгеге дейін барған. Бұл ретте бірінші санатты бұқаларды өсіруге Қазақстанда тек бірінші сыныпты асыл тұқым шаруашылықтары ғана құқылы. Өзгелеріне екінші санатты асыл тұқымды малды өсіруге рұқсат.

Асыл тұқымды ангус сиырларының ішінде тірі салмағы 320-350 келі тартатыны орта есеппен 600 мың теңге тұрады.

1-ші санаттағы сиырдың құны 750 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін.

Үкімет ет экспортын арттырудың амалдарын қарастырып, жаңа нарықтар іздеуде. Әзірге еліміздің ең ірі ет экспорты нарығы – көрші Өзбекстан. Өзбек ағайын 60 мыңдай ірі қара малды сатып алады. Бірақ әр келісі үшін 3 доллардай ғана төлейді.

Егер Үкімет ветеринарлық қауіпсіздікке және малдың жайылу шарттарына қатысты түйіткілдерді шешіп, алып Қытай және алыс шет елдердегі нарықтарға қол жеткізіп, ет экспортын өрістетсе, онда соғым бағасы өзімізде жыл он екі ай қымбат тұруы ғажап емес. Нарық заңы қай жерде баға жақсы болса, бизнес те сонда болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу