Өткен айдың соңына қарай Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға төмендетті. Оның алдында Зейнетақы қорының жеткілікті шегі көтеріліп, азаматтардың басым бөлігіне қолжетімсіз болып қалған еді. Бұның бәрі баспана бағасымен қатар айтылатын тақырыптар. Ал енді осы өзгерістер халық күткендей тұрғын үй құнының арзандауына көмегін тигізе ме?
Бұл сауалдың әуелгісіне 21 шілдеде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жауап бергендей болды. Оның сөзінше, зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінің көтерілуі тұрғын үй бағасына әсер етпеген. Үкімет коммерциялық тұрғын үй нарығын реттемейді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Тұрғын үй нарығындағы бағаның өсетіні немесе төмендейтіні туралы болжам жасағым келмейді. Бұл дұрыс емес деп есептеймін. Алайда бағаның өсуіне негіз жоқ. Егер жылдың алғашқы айларында тұрғын үй нарығындағы белсенділіктің төмендегені байқалса, жаз мезгілінде тұрғын үйге сұраныс дәстүрлі түрде артады", – деген еді Ерсайын Нағаспаев.
Сарапшылар өзгеріс күтпейді
Дегенмен сол уақытта АERC сарапшылары Krisha.kz сайтындағы хабарландыруларды саралай келе, тұрғын үй бағасының өзгерістерін байқағанын мәлімдеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы маусымда Қазақстандағы жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы бір шаршы метріне 617 555 теңге болды. Бір ай ішінде баға 0,7%-ға өскен. Ал Krisha.kz сайтындағы 30 маусымдағы хабарландырулар бойынша салынып жатқан жаңа үйлердің орташа бағасы бір шаршы метріне 594 927 теңгені құрады. Бұл мамырмен салыстырғанда 1,4%-ға төмен. Пайдалануға берілген дайын жаңа үйлердің орташа бағасы 529 333 теңге болды. Бір айда баға 1,6%-ға арзандаған.
Қызығы, сонымен қатар сатылымға шығарылған үйлер де азайған екен. 2025 жылғы маусымда Krisha.kz сайтында 815 хабарландыру болса, 2026 жылғы маусымда олардың саны 378-ге дейін қысқарған. Ұсыныс азайғанымен, дайын жаңа үйлердің орташа бағасы бір жыл ішінде 14%-ға өсіп, бір шаршы метріне 529,3 мың теңгеге жетіпті.
Ең қымбат дайын жаңа үйлер Алматыда (бір шаршы метрі 840,5 мың теңге) сатылып жатса, Астанада бұл көрсеткіш 487,4 мың теңгені құрайды.
Дегенмен сарапшылардың басым бөлігі бұл өзгерістерге қарап тұрғын үй бағасы қатты төмендейді деп үміттенуге әлі ерте екенін айтады. Соның бірі – Qazaq Expert Club-тың жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұрова. Оның болжамынша, 2026 жылдың екінші жартысында Қазақстанның ірі қалаларында тұрғын үй бағасы негізінен қазіргі деңгейін сақтайды немесе баяу өседі. Яғни нарықта баға тұрақты болып тұруы ықтимал.
"Бұған бірнеше экономикалық фактор себеп болды. Биылдан бастап құрылыс компаниялары тұрғын үй сату кезінде 16 пайыздық қосылған құн салығын төлейді. Бұл шығынды құрылысшылар сатып алушылардың қалтасынан шығарары анық. Сондықтан тұрғын үй бағасының айтарлықтай төмендеуіне негіз көріп тұрған жоқпын. Керісінше, қазір бағаның сақталуына көбірек ықпал етеді. Құрылыс компаниялары жаңа салықтық талаптарға алдын ала бейімделіп, бағаларын өткен жылдан бастап қайта қарай бастады", – деді Диляра Сейітнұрова.
Ескі үйлердің саудасы жүруі мүмкін
Елімізде ипотека рәсімдеуге жарамай келген кейбір баспаналарды енді несие арқылы сатып алуға мүмкіндік туды. Әңгіме жылы ескі үйлерге қатысты. Панельді үйлердің рұқсат етілетін пайдалану мерзімі 50 жылдан 60 жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар белгілі талаптарға сәйкес салынған SIP-панельден тұрғызылған жеке үйлер де банк кепілдігіне қабылданбақ. Жаңа үйлермен қатар, екінші нарықтағы үйлер де саудадан қалыспайын деп тұр. Өйткені тұтынушының таңдауы көбейді.
Бұған дейін панельді және бетон негізіндегі үйлердің пайдалану мерзімі 50 жылдан аспаған жағдайда ғана оларды кепіл ретінде қабылдайтын. Соның салдарынан 1960-1970 жылдары салынған көптеген пәтер ипотекалық бағдарламаларға қатыса алмай келген еді. Жаңа талапқа сәйкес, бұл шектеу 60 жылға дейін ұзартылды. 1966 жылдан бері пайдалануға берілген панельді тұрғын үйлердегі пәтерлер де ипотека арқылы сатып алына бастамақ. Кеңес заманында тұрғызылған пәтерлер де енді назардан тыс қалмайды.
Бірақ сарапшылар бұл өзгерісті де салқынқандылықпен қабылдап отыр. Демек, қайталама тұрғын үй нарығында да айтарлықтай өзгеріс болмайтын секілді. Өйткені ескі болса да, көптеген меншік иелері қолда барын сатуға асықпайды. Осылайша, елдегі тұрғын үй біраз уақыт бойы бір қалыпта тұратын тәрізді.