Елдегі егіс науқанына не кедергі?

4098

Мәселенің күрделілігі сонша Президент саяси реформаларға арналған Жолдауда егін салу науқанына тоқталды.   

Елдегі егіс науқанына не кедергі?

Қ. Тоқаевтың айтуынша, аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор.  

"Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне соқтырды. Таяу уақытта бағалар шарықтап кетуі әбден мүмкін. Осыған орай егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылады. Бірақ көптеген шаруалар егіске әлі дайын емес! Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауға алуға тиіс. Шаруалардың ЖЖМ-ді қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн. Бірқатар өңірдегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жемшөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін", – деді Мемлекет басшысы.

Ә. Смайылов Үкіметіне фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау тапсырылды. Тапшылықтың және азық-түліктің жөнсіз қымбаттауының алдын-алу үшін әкімдерге жергілікті қоймаларды ауыл шаруашылығы өнімдеріне толтыру, бұл үшін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалар арқылы сатып алуды пысықтау жүктелді.

"Атамекен" палатасының Агрөнеркәсіп кешені және тағам өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеевтің айтуынша, алдағы астықтың қандай болатыны көктемгі егіс жұмыстарының қалай жүргізілгеніне тікелей байланысты.

"Мамыр жақындаған сайын аграршылардың да жаны шырқырап, дабыл қағуда. Өйткені карантиндік шектеулерден, инфляциядан, несиенің қымбаттығынан және басқасынан туындаған, бұрыннан келе жатқан проблемаларға енді сыртқы экономикалық дағдарыс қосылды. Осының бәрі фермерлердің алдағы егіс салу науқанына дайындығына кері әсер етуде. Мысалы, бізде тыңайтқыштар, пестицидтер, тұқымдар онсыз да қымбат еді, енді бағасы девальвация кесірінен әрі қарай шығынданады, оның үстіне тапшылық байқалуда. Бұған қоса, 500 теңгеден асқан валюта бағамы аграршылардың сатып алу қабілетіне соққы беріп, техниканы және оның қосалқы бөлшектерін қолжетімсіз етуде", – деп алаңдайды Е. Есенеев.

Осы орайда бар жиған-тергенін салып, несие алып, осының бәрін сатып алуға бекінген ауыл кәсіпкерлері де қиындыққа тап болды. Ол тауарлар мен техника Ресейден және Ресей аумағы арқылы жеткізілетін. Санкцияға бола, бұл жол жабылды.

Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаншама басшысы ауысты, алайда саланың өне-бойын "іріңді жара" жайлағанға ұқсайды.

Сарапшы Қазақстанда ұзақ жылдардан бері егіс жұмыстарын заемдық, айналымдық қаражатпен уақытылы қамтамасыз ету мәселелері шешілмей келе жатқанына назар аударды.

"Биылғы маусымда да ештеңе өзгермеді. Былтыр АШМ проблеманың шешілетініне сендіріп, кредитке өтінімдерді желтоқсаннан қабылдай бастады. Бүгінде анықталып отырғандай, тіпті фермерлердің қаржы институттары мақұлдаған өтінімдерінің өзі әлі күнге қаржыландырылмаған. Бұлай бара берсе, фермерлер тағы да тек өз күштеріне сүйенуге мәжбүр болмақ", – деп қынжылады Ербол Есенеев. 

Бұл түйткілдің себебі неде?

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, "Кең дала" мемлекеттік несиелік бағдарламасы бойынша бюджеттен бөлінген 70 миллиард теңге бюрократиялық кедергілер кесірінен өңірлерге толыққанды түспей қалды. Салдарынан, 2022 жылғы наурыз айының басында бөлінген қаржының үштен бір бөлігі немесе 21 миллиард теңгеден астамы ғана игеріліпті. Әр күн қымбат қызу шақтағы билік өкілдерінің тірлігі осы.

Атап өтетін жайт, еліміздің оңтүстік өңірлерінде ерте дақылдарды егу жұмыстары осы наурызда аяқталуға тиіс. Әлгі қаражаттың алғашқы легі оңтүстік облыстарға бағытталыпты, бірақ өңірлік қаржы органдары оның басым бөлігін фермерлердің шоттарына аудармаған. Бұрын мемлекеттің қолдауынан үміттеніп, өз қаржысын төккен, артынан оған қол жеткізе алмай, дәрменсіз жағдайға жеткен, аузы күйген аграршылар қазір шотына қаражат түспей, көп шығындалмауға тырысатыны құпия емес. Сондай-ақ былтырғы қуаңшылық биыл да қайталануы мүмкін деген болжам оларды аяғын аңдап басуға итермелейді. Мемлекеттің көмегі болса, кешігіп жатыр.

Осыдан "көктемгі егіс науқанын мемлекеттің өзі жарға жығып отырған жоқ па?" деген сауал туады.

Мемлекеттің арзан несиесі ауыл кәсіпкері үшін ауадай қажет. Оған ол дәл қазір тұқым, тыңайтқыш, өсімдік қорғау құралдарын, жанар-жағар майды сатып алады, машина-тракторлық паркін дайындайды. Ал қарызын кейін жинайтын астығы есебінен өтейді. Қолдау болмаса, астық аз егіледі, егін көлемі кемісе, елде азық-түлік азаяды.

Осылайша, Қазақстанда бюрократия тұрғанда соғыстың да қажеті жоқ екені аңғарылады. Саланы шенеуніктер-ақ құртып тынуы ықтимал.

Мамандардың мәліметінше, жыл сайын Қазақстанның аграршыларына көктемгі егін егу жұмыстарын лайықты жүргізу үшін кем дегенде 800 миллиард теңге айналымдық қаражат қажет болады. Биылғы девальвация кесірінен бұл сома өсті. Ал бүгінде мемлекет бөліп отырған бюджеттік кредит егістіктердің жалпы ауданының небәрі 15-20%-ында егіс науқанын жүргізуге ғана жетеді. Ел Үкіметі арзан кредитті 70 миллиардтан биыл 140 миллиард теңгеге дейін ұлғайту мәселесін пысықтауда.

Әйткенмен жерді емген ауыл еңбеккерлеріне бұрынғы көлемде көмек алудың өзі мұң болып тұр. Мамандардың байламынша, Президенттің сөзіне құлақ асып, тездетпесе, мемлекеттің қолдау қаржысы аграршыларға тек көктемгі егін егу жұмыстары аяқталуға таяғанда ғана қолжетімді болмақ. Онда аграршылардың көбіне оның қажеті де болмай қалады.

Сонда дүкендерге жүгірген қазақстандықтар сөрелерден отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін таппай, аңтарылуы ғажап емес. Ал оны сырттан тасиын десе, Үкіметтің қолынан ол да келмесі кәдік. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Украинадағы жағдай Ресейдегі көктемгі дән себу науқанына нұқсан келтіріп жатыр. Содан әлемдік нарықта астық бағалары шарықтап барады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу