Елді "қару безгегі" жайлай бастады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4049

Қазақстанда қару сататын дүкендердің саудасы қызды.

Елді "қару безгегі" жайлай бастады

Денис Теннің қазасынан кейін тіпті әр көшесі мен қиылысында "ақылды" бейнекамера орнатылған мегаполистердің өзінде тәртіп сақшылары көмекке келмесін түсінген қазақстандықтар енді өз бетінше қарулануға көшті.

Осы орайда Алматы әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестің, халық өкілдерінің, сарапшылардың және қоғам белсенділерінің Қазақстанда жұртшылықтың травматикалық қару тағып жүруіне рұқсат беру туралы ұсынысына бүгін ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев түсініктеме берді.    

Министр травматикалық қаруды заңдастыру үшін алдымен елде қару ұстаудың жоғары мәдениетін қалыптастыру қажеттігін жеткізді.

"Қаруды еркін тағып жүру – қылмыс деңгейінің төмендеуіне әкелетініне кепілдік жоқ. Көптеген елдерде, әсіресе Америка құрама штаттарында осы мәселе айналасында ұдайы айтыс-тартыс болады. Мысалға өткен жылы Лас-Вегаста болған қанды қырғында 59 адам қаза тауып, бес жүзден астам адам жараланды. Бірнеше күн бұрын Канададағы Торонтода, қаланың ең тығыз көшелерінің бірінде ақыл-есі ауысқан адам жүргіншілерді атып тастады. Екі адам опат болып, оннан астам адам жарақат алды. Демек бұл жерде қоғамның суық қару ұстануға қаншалықты дайын екеніне қатысты мәселе төтесінен тұрады. Өкінішке қарай, Қазақстан да ең теріс сценарийлерден сақтандырылмаған", – деген Дәурен Абаев әр тосын жағдайдан дұрыс сабақ алу және түйткілді мәселені жүйелі түрде шешу керектігін нықтады.

Сонымен бірге министр Қазақстанда қоғамдық тәртіп пен құқықты қамтамасыз етуде бірқатар салмақты проблемалар барлығын мойындады. Ол қазіргі кезде Алматы қаласының ішкі істер департаментінің жұмысына қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын, оның қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарының жауапкершілігі анықталып, қажетті шара қабылданатынын алға тартты.

Өздері мен ұрпағының амандығына алаңдаған қазақстандықтар күтіп отыруға дайын  емес. Бұл ретте мысалы, қару сататын дүкендер өздеріне бас сұғушылар легі артқанын растайды. Елордалық осындай сауда орындарының кейбірінде тіпті ығы-жығы кезек қалыптасуда. Жұрттың көбі травматиканы көшеден кіре сала, сатып ала алмайтынын түсініп, оны заңды түрде алу үшін қандай құжат қажет болатынын егжей-тегжей сұрастырады екен.

Мамандардың айтуынша, өзін, отбасын және мүлкін қорғағысы келетін азаматтар дүкендерден "Escort Stun Baton", "Security Guard", "Stun Call", "Muscle Man", "Escort Light Gun" электрлі қаруларын, электрошокерлерді, сондай-ақ Reck, Combat, Walter, Browning, Colt Double Eagle газды тапаншаларын – барлығы 11 түрлі қаруды еркін сатып ала алады. Сонымен бірге, ИЖ 27 ұзын оқпанды атыс қаруын алуға да рұқсат, өйткені ол аң аулау мақсатында қолданылады. Ал "травмат" иеленуге жол берілмейді.

Айта кету керек, 2015 жылы ішкі істер министрлігі травматикалық қарудың қазақстандықтарға рұқсатсыз, еркін сатылуына тыйым салатын арнайы заңның қабылдануына қол жеткізді. Бұл ретте "Оса ПБ-4" оқпансыз травматикалық тапаншасымен 3 метр қашықтықтан атса, ол адам денесі түгіл, автокөлік есігін де тесіп кететінін, травматикалық қарулардың "Оса", "ПМ" секілді кей түрлерінен ұрысқа қабілетті, шын оқпен ататын тапанша жасауға болатыны дәйек ретінде келтірілді.   

Нәтижесінде, бұл қару түрлері сыртында, ел арасында кең танымал болған "Лидер", "Стример", "ПМ-Г Т", "Форт" (10Т, 12Т, 18Т типтері), "EKOL Special", "ММГ" газды-травматикалық тапаншаларына да шектеу қойылды. Тиісінше қолында осындай жарақаттаушы қару түрлері бар азаматтар оны ішкі істер органдарына өз еріктерімен әкеліп, тапсыруға міндетті болды.

"Қорамсақ" қару қауымдастығының вице-президенті Сергей Катнов адамды тек жаралайтын не уақытша ғана қауқарынан айыратын, бірақ түсі сұсты болып келетін бұл қаруды асынып жүрудің өзі қылмыскерлерді қорқытуы ықтимал екенін айтады.

"Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, травматикалық қарудың өзі қылмысқа кедергі бола алатынын байқаймыз. Айталық Англияда травматикалық қаруға тыйым салынған соң, қылмыс көрсеткіші 120%-ға дейін өскен. Өйткені қылмыскерлер де құрбандарының қарусыз екеніне нақты сенім пайда болған. Бұған дейін "қаруы бар шығар" деп аяғын тарта басатын. Бізді шенеуніктер АҚШ-тағы қанды атыстармен үнемі үрейлендіреді. Бірақ дәл осы оқиғалар студенттердің жатақханалары, мектептер секілді қару асынып жүруге тыйым салынған жерлерде болатынын айтпайды. Өйткені қылмыскер дәл сол жерлерде өзіне тегеурінді тойтарыс беретін қарулы адамдардың жоқтығына сенімді. Сондықтан АҚШ қазір мұғалімдерді де қаруландыру жайын қарастыруда", – деді Сергей Катнов.

Оның байламынша, қару саудасы заңдастырылған Америкада полицейлерге қарағанда, қылмыскерлерді қаруланған азаматтар көбірек атып тастайтын көрінеді. Бұл тұрғындардың өз өмірлері мен мүліктерін белсенді қорғайтынын көрсетеді. Әйтпесе полиция жеткенше, олардың көбі қылмыскерлердің қолынан мерт болатын ба еді?!

"Мұны да шенеуніктер назарға алғысы келмейді. Травматикамен болса да қаруланған азамат – қоғамдық қауіпсіздіктің аса маңызды элементі болып табылады. Өйткені ол өзін қауіпсіз сезінеді. Әрине мұның теріс жағы да бар: қаруланғанына желіккен әлдебір нақұрыстар оны босқа ұстамай, өш алуға, қорқытуға, "көңіл көтеруге" немесе әлдебір қылмыстық мақсатта пайдалануға ынтығуы мүмкін. Бұл барлық қоғамда әр кезде болған, бола береді де. Травматтың белгілі бір пайызы осындай мақсаттарда да пайдаланылады. Алайда азаматтың қауіпсіздігі мен қорғанысы үшін үнемі бұған алаңдай беруге болмайды", – деген ойда "Қорамсақ" қауымдастығының вице-президенті.

Ал азаматтық қорғану маманы, шығыс жекпе-жек түрлерінің шебері Айдос Жабағин кезінде қазақ қоғамында әрбір отбасында найза, қылыш, садақ, кейіндері білтелі мылтық сияқты қарудың сан түрі болғанын, яғни әр отбасы өзінше қаруланғанын еске салды. Бірақ ол қылмыстың артуына ықпал етпеді. Қазақ елінде ежелден қару ұстану мен пайдалану мәдениеті болды.

"Азаматтардың қару түрлерін игеруі мемлекеттің тәуелсіздігі, жердің тұтастығы, елдің қорғанысы үшін де керек. Шағын газды балоннан басқа қарудың барлық түрлеріне тыйым салу азаматтарды ынжық етеді. Бізде ешқашан қолына тапанша ұстап көрмеген, тіпті қаруды қолға ұстаудан да қорқатын жігіттер бар. Ал қаруды қолдану бойынша кәсіби даярлығы, біліктілігі бар азаматтар, қажет бола қалса, сол мезетте мемлекеттің қорғанына тұра алар еді. Бұзақылар, қылмыскерлер тыйым салынса да, қаруға және травматикаға емес, нағыз қаруға қол жеткізе алады. Тек травматикаға рұқсат етумен бірге, оны заңсыз қолдану үшін жазаны да күшейту керек. Қару сатып алғысы келетін адамнан арнайы сынақ тапсыруды, полиграфтан және психологиялық тестілеуінен өтуді талап етуге болады", – деді ол.

Ал заңгер, Қазақстан ұлттық атыс қауымдастығының мүшесі Асқар Қаймақов барша қазақстандықтардың жаппай қарулануына түбегейлі қарсы. Ол 2015 жылға дейінгі кезеңде травматиканы өзі де қылмыскерге қарсы қолданғанын, дегенмен резеңке оқтар қылмыскерді тоқтатпағанын айтады.

"Нағыз қару ұстаған адам онымен атса, адамның мерт болатынын түсінеді. Ал өлтіруге емес, жарақаттауға арналған қару адамда оны қолданып көруге деген желік тудырады. Шынында травматикалық қару адам денесін теспегенімен, басына атса, өлімге әкелуі ықтимал. Ендеше бұл жерде травматтан гөрі, нағыз қаруды иеленуге рұқсат ету мәселесі көбірек өзекті. Әрине халыққа жаппай шын тапанша не автомат алуға рұқсат етуге болмас. Бірақ атыстан дәрежесі бар спортшыларға рұқсат еткен жөн", – дейді Асқар Қаймақов.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің дерегінше, 2015 жылы Қазақстанда 50 мың 813 қылмыс жасалған. 2016 жылы бұл көрсеткіш 72 мың 200-ге дейін артқан. Ал статком дерегінше, былтыр елімізде жалпы саны 316 мың 418 қылмыс тіркелген. Яғни травматикалық қаруға тыйым салу қылмыстың азаюына ықпал етпеген.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу