Электронды саудадан 2 трлн теңге табыс түседі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3567

2025 жылға қарай Қазақстанда онлайн-сауданың көрігі қызады.

Электронды саудадан 2 трлн теңге табыс түседі

Соңғы бір жылда елімізде интернет арқылы жасалған бөлшек сауда 35%-ға, ал көтерме сауда 32%-ға ұлғайды. 2018 жылдың қорытындысында интернет арқылы ішкі нарықта жүзеге асырылған сауда операциясы 33,6%-ға артып, 2017 жылғы 194,2 млрд теңгеден, 259,5 млрд теңгеге жетті. Алдын ала жасалған болжам бойынша,  2025 жылы Қазақстанда интернет арқылы алыс-беріс жасау көлемі бөлшек сауданың 25%-ын еңсеріп, 2 трлн теңгені құрайды. Қазір электронды сауда арқылы 33 мың адам нан тауып жеп жүр. Алдағы 6 жылда интернетпен табыс табатын қазақстандықтардың саны 314 мың адамға жетуі мүмкін.

2018 жылы елімізде 2,32 млн транзакция онлайн-сауда арқылы жүзеге асырылған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 15 млн-ға жетеді деген болжам бар.

Бүгінгі таңда отандық нарықта 1700 интернет-дүкен, 20 электронды сауда алаңы жұмыс істейді. Олар 1 млн ШОБ субъектісіне тауар сату мүмкіндігін ұсынып отыр.

Естеріңізге салайық, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды коммерциямен айналысатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер салық жеңілдігіне ие болды. Олар 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін корпоративтік және жеке табыс салығын төлеуден босатылды. Бұған қоса салық есептілігін тапсыруды жеңілдету үшін электронды саудамен айналысатын кәсіпкерлердің әкімшілік шығындарын азайту үшін салықтық жеңілдіктерді әкімшілендірудің автоматтандырылған тәртібін енгізу үшін нормативтік құқықтық акті бекітілді.

Жоғарыдағы мәліметтерді алға тартқан ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов: "Қазақстандағы электрондық коммерция нарығы құрылымының 68%-ын тауар саудасы, 32%-ын көрсетілетін қызмет түрлері құрайды. Электронды коммерцияда құрылыс материалдарының, тұрмыстық техниканың, косметиканың, киім және аяқ киімнің бәсі биік. Бұларға сұраныс жоғары. Адамдар әуе, теміржол билеттерін сатып алуды, мәдени іс-шаралар мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеуді де электронды түрде атқаруды әдетке айналдырған", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу