Ал әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының 7-уі баға жағынан 20% өскен, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz зерттеуіне сілтеме жасап.
2021 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша азық-түлік тауарларының айлық өсімі 0,7%, ал жылдық өсімі 11% құраған. Жылдық динамикада азық-түлік тауарларының ең қатты қымбаттағанын Маңғыстау облысының тұрғындары (12,4%) сезінді. Антирейтингтің екінші орнында бірден үш өңір – Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстары (11,9%) тұр.
"19 атаудан тұратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері мониторинге сәйкес, 2021 жылдың 27 шілдесі мен 3 тамызы аралығында баға жағынан айдың басынан бері 0,1%, ал жыл басынан бері 10,3% өсті. Сонымен бірге жыл басынан бері сәбіз бірден 2,3 есе, картоп 41,6%, сарымсақ 28,8%, күнбағыс майы 27,3%, орамжапырақ 22,3%, қарақұмық 13,8% қымбаттады", – делінген зерттеуде.
Осы жылдың шілде айының қорытындысы бойынша жылдық динамикада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің ішінде бәрінен бұрын сәбіздің бағасы қымбаттағанын атап өту керек. Сәбіздің бір келісінің бағасына қосымша 296 теңге қосылған. Сол секілді күнбағыс майының бір литрі үшін халық 739 теңге, қант үшін 281 теңге, картоп үшін 182 теңге қосып сатып алуға мәжбүр болды.
Сондай-ақ, биыл қарақұмықтың келісі 490 теңге (бір жылда бағаға 21,8% қосылған), он жұмыртқа 352 теңгеден (+20,4%) сатылды.
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің ішінде тек күріштің бір жылда 2,5% (келісі 364 теңге) арзандағанын байқауға болады. Осылайша, Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, әр адам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің әрқайсысын бір келіден, оған қоса он жұмыртқа сатып алса, қалтасынан 11,7 мың теңге шығып кеткелі тұр", – делінген зерттеуде.
Аян Бекенұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !