Елге курс сатамын деп түрмеге түскен "инфосығандар" белгілі болды

256

Қазақстандық салықшылар бюджетті толтырудың бір қайнарын қалт жіберіп жүр.

Елге курс сатамын деп түрмеге түскен "инфосығандар" белгілі болды Фото: canva.com

Осы аптада Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті жариялаған дерек елді елең еткізді. Алматылық әйел курсқа төлеген 840 мың теңгесін қайтара алған. Ведомствоның дерегінше, ол ағылшын тілін үйретем деген құрғақ уәдеге сеніп, жылдық онлайн курсқа жалпы сомасы 1,2 миллион теңге төлепті.  Алайда көп ұзамай, бірнеше сабақтан кейін ол курстың үмітті ақтамайтынын түсінген.

"Қазақстандықтардың көбі жаңа білім-дағды меңгерудің ыңғайлы әдісі ретінде онлайн оқытуды таңдап жатыр. Алайда, мұндай курстар әрқашанда күтілетін нәтижеге әкеле бермейді. Алматы тұрғыны ағылшын тілін онлайн режимінде үйренуге шешім қабылдап, проблемаға тап болды. 1 200 000 теңгеге жылдық курсқа ақы төлеген әйел оқу сапасының төмен екенін байқады. Тұтынушы қызмет көрсетушіге келісімшартты бұзуды және ақшаны қайтаруды талап етіп хабарласады, бірақ ол одан бас тартты. Бұған көнбеген әйел Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жүгінді", – деп хабарлады комитет.

Департамент мамандары әйелге "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" заңында көзделген құқықтарын түсіндірді. Тұтынушының талаптарын нақты көрсетіп, сотқа дейінгі шағым жазуына көмектесіпті. Департаменттің араласуымен компания бітімге келіп, оқуға төленген ақшаның бір бөлігін – 840 000 теңгесін қайтаруға мәжбүр болды.

Департамент мамандарының айтуынша, мұндай жағдай жиі кездеседі. Олар жалған немесе үмітті ақтамаған курстарға тап болғандарға не істеу керектігін түсіндірді. Біріншіден, барлық құжаттарды сақтаңыз: чектер, келісімшарттар, компаниямен электронды поштамен немесе мессенджерлер арқылы хат алмасу. Екіншіден, қызмет көрсетуші компанияға хабарласыңыз: мәселені бітім жолымен шешуге тырысып, жазбаша шағым жазыңыз. Үшіншіден, жергілікті Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне хабарласыңыз: мамандары қалай әрекет ету керектігін түсіндіруге тиіс. Ең бастысы – өз құқықтарыңызды біліп, мамандардан көмек сұраудан қорықпаңыз.

Айта кету керек, Қазақстанда шенеуніктерден, кәсіпкерлерден ақша немесе басқа да игіліктер бопсалағаны, сыйбайлас жемқорлыққа немесе қылмысқа тартылғаны, қаржы пирамидаларын құруға және жарнамалауға қатысқаны үшін сотталған блогерлер бар.

Алайда жалған, немесе елге еш пайдасы жоқ, "су сапырғандай" бос әңгімеге құрылған түрлі курстарды сатып байыған, өз клиенттеріне кредит алғызып, борыш батпағына батырған бірде бір коуч сол қылмысы үшін абақтыға қамалған емес. Бұл ретте қазақстандық құзырлы органдарға салық төлемей, түлкібұлаңға салған курс саудалаушыларды ұстап, темірторға тоғытқан шет мемлекеттер, соның ішінде солтүстік көрші үлгі бола алады. "Өтірігінің құйрығы бір-ақ тұтам" болған, жаман аяқтаған танымал ресейлік инфосығандардың клиенттерінің арасында Қазақстан азаматтары да жетерлік.  

Тілектер марафоншысы Елена Блиновская

Таяуда Ресейде "Марафон желаний" атты онлайн-тренингтердің негізін қалаушы Елена Блиновская банкрот деп танылды. Бұдан біраз бұрын ол ТМД көлеміндегі ең бай, ең атақты блогерлердің бірі болатын. Клиенттерінің кез келген арманын "ғалам тылсымының күшімен" шындыққа айналдыруға уәде еткен бұл әйелді РФ салықшылары бірқатар қаржылық махинациялар жасағаны үшін айыптады.

"Блиновская – өзге адамдардың ештеңе істемей-ақ, бақыт пен байлыққа бөленгісі келетін тілегін бизнеске айналдырған жалғыз адам емес. Өздерін "коуч" атайтын, ал, халық арасында "инфоцыгандар" деген даңққа ие болған басқа да тұлғалар көп. Бірақ ең бір атақтысы, үлде мен бүлдеге оранғаны Елена Блиновская болатын. Өзінің айтуынша, ол 2021 жылғы тамызда 40 жылдық мерейтойын тойлауға 119 миллион рубль (шамамен 620 миллион теңге) шашқан. Арада үш жылдан астам уақыт өткенде Блиновская банкрот мәртебесінде изоляторда (СИЗО) отыр және оның мемлекет алдындағы қарызы 1,4 миллиард рубльден асады", – деп жазды "Onliner" басылымы.

Осы аптада, үш күн бұрын ақпарат құралдары Елена Блиновскаяның Мәскеу облысында, Истра жағалауында орналасқан элиталы сарай-особнягі сатылғанын хабарлады. Бастапқыда сән-салтанатты жылжымайтын мүлік 1 миллиард рубльге сауда қойылды. Клиент табу ұзап бара жатқан соң бағасы 750 миллионға дейін түсірілген.

SHOT Telegram-каналы дерегінше, ақырғы сатып алушы үшін бағаны бұдан да арзандатуға тура келіпті. Өйткені блогер ханым ауыр жаза алмауы үшін мемлекет алдындағы қарызын өтеп тастауға жанталасуда.

"СтарХит" басылымының мәліметінше, 21 қарашада Блиновскаяның салық төлемеуіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша куәгерлерден жауап алынды. Сот отырысынан соң журналистер алдына шыққан адвокаты салықтан жалтару бойынша өз айыбын Еленаның мойындайтынын және жауапкершіліктен қашпайтынын нақтылады.

Бұдан бұрын бұл коуч кілең ығай мен сығай тұратын элиталы "Донской олимп" тұрғын үй кешеніндегі екі пәтерін жеделқабыл сатқан. Олардан жиынтығында 150 миллион рубль түсіпті. Енді адвокаты оның қала сыртындағы жеке сарайына да сатып алушы табылғанын хабарлады.

Истраның "Миллениум Парк" элиталы кентінде орналасқан, 1 700 шаршы метрді алып жатқан, 6 жатын бөлмеден, балабақшадан, 11 дәретхана-жуыну бөлмелерінен, саунадан, бассейннен, хамамнан, киімілгіш-гардеробтан, кітапханадан, 5 машина қойылған гараждан тұратын кең сарайдың жаңа қожайынымен сату-сатып алу келісімшартына қол қойылыпты. Одан түскен қаражат толығымен бюджетке, салық төлеуге бағытталады.

Блиновская 2018 жылға дейін провинцияда, Ярославльда тұрған, сонда университет аяқтады, күйеуге шықты. Кейін Мәскеуге көшті. Сол кезде Instagram парақшасын ашып, қалай бақытты болу, ол үшін сұрауды қайда жіберу (ғаламға), тілекті қалай дұрыс тілеу керектігі туралы білімдерін бөлісе бастайды. Блиновская бастапқыда көңіл көтеру үшін жолдас қыздарына арнап, "тілек марафондарын" өткізеді. Артынша бұл қызметін тренинг есебінде жазылушыларына ұсынып көреді. Бірінші жаттығуға 50 адам ғана қатысты. Алайда жарнамаға ақша салғаннан кейін блогы танымал болды.

Енді онлайн-марафондарға Ресейден, Қазақстаннан, Беларусьтен, алыс шетелде тұратын орыстілді аудиториялардан бір мезгілде мыңдаған адам қосылатын болды. Forbes санауынша, 2021 жылға қарай оның жаттықтыруынан шамамен 150 мың адам, негізінен әйелдер өткен.

Блиновскаяның марафондары поп-психологияның, астрологияның және эзотериканың қоспасына құрылған. Ақысын төлеген қатысушылар жабық WhatsApp не Telegram чаттарға кіреді, кейбір адамға тегін шақыру жіберіледі. Чаттарда кураторлар Еленаның не істеу керектігі туралы нұсқаулары алдын ала жазылған дауысты хабарламаларын жариялайды. Басты тапсырма – 10 ең аңсарлы тілектен тұратын тізім құру. Олар орындалуы үшін клиенттер бірнеше (көбі абстрактілі) жаттығу-тапсырмаларды үнемі, қалт жібермей орындауы қажет.

"Марафон желанийдің" бірінші аптасы тегін болған. Әрі қарай жалғастыру үшін кері байланысы жоқ тарифі – 2 000 рубль, куратордың қолдау көрсетуі қарастырылған тарифі – 4 000 рубль, Еленаның жеке кеңес-консультациясы бар тарифі – 200 000 рубль тұрды. Бертінде "Предназначение", "Отношения", "Свидание с телом", "Про дружбу" сияқты қосымша курстар енгізілді.

Бірақ Блиновскаяның өзі тілектерін түпкілікті "пысықтамаған" сияқты. 2023 жылғы сәуірдің соңында шетелге қашу үшін Беларуське көлігімен кіруге талаптанған коуч Еленаны шекарашылар ұстап алды. Оған кейін тағы бір айып тағылды: төлем құралдарын заңсыз айналымға жіберу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Инфосыған, блогер Блиновскаяға 16 жылға дейін сотталып кету қаупі төнді.

"Бизнес-чакраны" ашушы Петр Осипов пен Михаил Дашкиев

Бұл хикаяның басты қос қаһарманы да провинциядан – Чебоксардан келген. 2010 жылға қарай 23-24 жастағы бұл жігіттер кәсіпкерлік тәжірибе жинап үлгереді. Петр Осипов репетитор ретінде оқушыларға арналған қосымша білімді сатумен айналысты және шешендік шеберлігін дамытты. Михаил Дашкиев маркетинг агенттігін және қуат үнемдеуші шамдар дүкенін іске қосты.

Сол кезде әр саланың шеберлері төл skill-ін – жұмыстағы, ойындағы және әлеуметтік дағдыларын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісу тренді кең тарала бастады. Жас кәсіпкерлер де өз білімдерін әлеммен бөлісуге асығып, студенттерге арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастырады. Өз курстарын олар "Бизнес и Молодость" (БМ) атады.

Дуэт өз курстарында 5 000 рубльге өмірде жоқ "Өзіндік дамуға қызыққандар клубына" мүшелікті сатуға кіріседі. Олардың аудиториясы негізінен "әлденемен айналысқысы келетін, бірақ неден бастау керектігін білмейтін" 18-21 жастағы жастар болды.

Қос коуч ақылы тренингтерде жұртшылық алдында өзін қалай ұстап, қалай сөйлеу керектігін, мақсатты қалай дұрыс қоюды, нарықта бос немесе бәсекелесі аз тауашаларды табуды, сайт жасауды және интернеттегі жарнаманы жолға қоюды үйретуге тырысты. Клиенттерін әлеуметтік желі және контексті жарнама арқылы тартты, агрессивті маркетингті пайдаланды. "Бизнес пен жастық" клубының қатысушыларының қатары қарқынды түрде өсті.

Forbes дерегінше, Осипов пен Дашкиевтің компаниясы 2015 жылы 200 млн рубль (миллиард теңгеден астам), 2016 жылы – 607 млн рубль (шамамен 3 млрд теңгедей), 2018 жылы – 1 млрд рубль (5 миллиард теңгеден астам) кіріске кенелген.

"Брендтің" абырой-репутациясы кіршіксіз болмады. Пікір қалдырған клиенттер курстарда бірегей өнім мен ақпарат ұсынылмайтынын, онда айтылғанның бәрін бизнес пен жеке өсуге арналған кітаптардан табуға болатынын ескертті. Адамдардың үлкен бөлігі оларға мотивация алып, жігерлену, жаңа адамдармен танысу, жаттықтырушылардың шешендік шеберлігіне тәнті болуы үшін баратын.

"Осипов пен Дашкиев эмоция, драйв, эйфория, шабытты сатады. Өмірі сұрықсыз адамдар осы сезімдерді қайта-қайта сезіну үшін барады. Бұл курстардағы базалық қағидат – нақты біліммен, дағдымен адамдардың басын қатырмау, мейлінше аз ойлануына, көбірек эмоцияға берілуіне жағдай жасау ғана", – деп сипаттады психотерапевт Глеб Багрянцев.

Мысалы, ерлі-зайыпты Анна мен Роман Фирсовтар "Миллион за сто" курсы бойынша VIP-оқытуға әрқайсысы 1 миллион рубльден төлеген. Алайда тіпті теориялық білім ала алмағанын айтады. Уәде етілгендей, "бизнес-чакрасы" ашылмаған. Осынша шығын шығарғанда, Осиповпен бірнеше рет жүздескен, цигун мен бокстан бірер жаттығуға қатыса алған.

Жалпы, Дашкиев те, Осипов та абақтыға қамалған жоқ. Бірақ "Бизнес и Молодость" ("БМ") жобасын жабуына тура келді, компаниялары банкрот болды.

"Қарадан шығып инфосыған болған" Аяз Шабутдинов

Аяздың хикаясы "БМ"-нан жалғасады: оның кейіпкерлері сол тренингтерде жаттыққан екен. Ақыр соңында түлек бапкерінен асып түсті және "БМ"-нің клиенттерін тартып алып, оның жабылуына түрткі болды.

Инфобизнеске дейін Аяз Шабутдинов мини-кофейнялар мен хостелдер желісінің қожайыны болды. Бірақ әлеуметтік желіде өзін бұқарадан шығып, бай болған, өзін-өзі жасаған тұлға ретінде ілгерілетті. Мысалы, бизнес-джетімен ұшып бара жатып, қарапайым қытай лапшасын жеп отырғанын жариялайтын.

2015 жылы бұл жігіт "Like Центрдің" негізін қалады, оны "кәсіпкерлерге арналған технологиялық білім беруші компания" деп атады. Бизнес-коуч онлайн-вебинарлар мен офлайн-тренингтер ұйымдастырды, оны бітіргендер айына миллион рубльден таба бастайтынына уәде етті.

"Аяз ақылы курстарында интернетте онсыз да бар жайттарды – нарық тауашаларын іздеу, мақсат қою, лендинг, жарнама, конверсия және басқасын түсіндіреді. Оның бәрін төл бизнес-кеңесі ретінде ұсынады. Оның курстарында үздіксіз психологиялық қысым жасалады: жүректі дүрсілдетіп, жарғақты жара жаздайтын қатты музыка, салқын зал, есесіне тегін ағыл-тегіл кофе, дүркін-дүркін би билеу, құшақтасулар және басқасы. Басты мақсат – түкке қажетсіз ақпаратпен еліктіру және одан да қымбат курстарды сату үшін қатысушыларды эмоционалды түрде теңселту, есін шығару", – деп еске алады оның клиенттерінің бірі.

Smart Ranking дерегінше, 2021 жылы Шабутдиновтың тек "Like Центрден" тапқан табысы 7,5 миллиард рубльді құрады. Содан кейін құлдыраған көрінеді. "Лайк Центр" 2022 жылы 991,3 млн рубль табыс әкелген. Шабутдиновтың кеңестері де күдікті болған: өзінің қымбат курстарын сатып ала алмайтындарға кредит алуды ұсынған және кейін табысты болғанда оның еселеп қайтатынына сендірген.

2023 жылы "Like Центрдің" өнімін сатып алған 8 адам кәсіпкерді алаяқтыққа айыптап, сотқа берді. 3 қарашада Аяз Шабутдинов ұсталып, изоляторға қамалды және содан бері қамауда отыр. "Инфобизнесмен" 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Курс сатушылардың көбіне ортақ жайттар бар: олар өмір шындығынан алыс, орындалуы қиын уәде береді, ашық дереккөздерде – интернет пен кітаптарда бар ақпаратты пайдаланады, эмоцияға салмақ салып, психологиялық манипуляцияларға иек артады.

Секталардың үлгісімен жеке басының культін қалыптастырады ("успешный успех" тәсілі). Шындығында, бұлардың көбі аудиторияны ұршықтай иіріп, уыздай ұйытатын шешен, ауадан ақша жасайтын саудагер ғана.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу