Елімізде 70 мың гектардан астам жерді бір өзі иемденгендер бар

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4906

Батыс, солтүстік және орталық Қазақстандағы ауылдық жерлерді шөл басу процестері күтіп тұр.

Елімізде 70 мың гектардан астам жерді бір өзі иемденгендер бар

Бұл туралы бүгін Астанада БҰҰ даму бағдарламасы ұйымының тұрақты өкілі Мунхтуя Алтангерел мәлім етті. Бұл мәлімет елордада тұсауы кесілген "Ұлттық хабарламадағы" 2050 жылға дейінгі климаттың өзгеруі және өзен-сулардың құрғауы қатысты ғылыми болжамда айтылған екен. 

Дәл осы күні ел парламенті де жерлерді тиімді пайдалану мәселесін талқылады: төменгі палатаның жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл өткен жылы жер сатуға қарсылық әрекеттерінен кейін құрылған жер реформасы жөніндегі комиссияның қызметі қорытындысында жазылған құжат көрінеді. Ол шөл басудан сақтау үшін жерге құнтты қожайын табуды көздейді.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, осы заң қабылданғаннан кейін жергілікті билікте Қазақстандағы жайлау мен шабындықтар атаулыны пайдалану үшін қажетті барлық құралдар пайда болады.

Палата басшысы сондай-ақ, әкімдерге әр ауылдағы тұрғындарға қанша көлемде жайылымдық жер қажеттігін тездетіп анықтауды жүктеді. Себебі, ауылдықтар мал өсірейін десе, ауыл-кент айналасындағы жерлердің барлығын билігі мен сөзі жүретін әлдебір жандардың ұзақ жылға жалға алып қойғанына және онда мал жаюға рұқсат бермейтініне шағымданады.

Сондықтан қалаулылар премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтен ауылдықтарға жалпы алғанда қанша гектар жайлау қажеттігін сұрастырды. АШМ басшысының мәліметінше, жайылымға деген қажеттілік алдын ала есептеулер бойынша шамамен 27 миллион гектарды құрап отыр. Бірақ бұл сан нақтылауды керек етеді. Оның үстіне ауыл маңындағы мал жайылатын жерлердің ұзақ мерзімді арендаға берілгені де рас. Жаңа заңнама бойынша енді олардың барлығы мемлекетке кері сатып алынуға тиіс. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сот арқылы тегін тәркілеу тетігі де көзделген.

Өз кезегінде Нұрлан Нығматулин депутаттардың бастамашылығымен қабылданған "Жайылымдар туралы" заңына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға жайылымдарды пайдалануды реттеу бойынша кең өкілеттіктер берілгенін еске салды. Тек оларды пәрменді қолдану қалады.

"Оларға бұл істе көмектесіп жіберу керек, Асқар Исабекұлы. Қаралып отырған жаңа заң да осыған септеседі. Жерлерді алып қоюды жүргізу қажет. Бұл мақсатқа бюджетке қарастырылған қаражатты тиімді пайдалану маңызды. Сонда ауылдардағы жерге қатты мұқтаж болып отырған адамдарға жайылым ұсына аламыз", – деді вице-премьерге қайырылған мәжіліс төрағасы.

Асқар Мырзахметовтың түсіндіруінше, бұл заң жобасы бойынша Қазақстанда жерді ұзақ мерзімге жалға беру институты сақталады, бірақ ауыл жері тек қазақстандық жерді пайдаланушы кәсіпкерлерге ғана беріледі. Ал шетелдіктер енді мұндай мүмкіндіктен қағылады. Сондай-ақ жерлерді ұтымды пайдалану және қорғау бойынша бақылау күшейтіледі.

Бұл құжат жүзеге асуы үшін бюджеттен биылдан бастап, 188,8 миллиард теңге шығындау қажет болады. Оның ішінде 17,6 миллион теңге жер беруге қатысты арнайы әдістемені әзірлеуге жұмсалмақ. Бірақ ең негізгі бөлігі – 187 миллиард теңгесі жайылым-өрістерді кері сатып алуға бөлінбек. Тағы 1 миллиард теңге жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жерлерді кері алуға арна тартады.

АШМ басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алуды ойлап отырған қазақстандық бизнес өкілдеріне енді қандай жаңа талаптар қойылатынын айтып берді:

"Жер жалға конкурстық негізде ұсынылатын болады. Осы мақсатта анықталып отырған жеке тәртіпке сәйкес, Қазақстанда жер бұдан былай конкурсқа шығарылатын жерлердің әкімдік бекіткен тізімі бойынша беріледі. Ол тізім алдын ала қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісіледі", – деді Асқар Исабекұлы.

Осылайша, былтырғыдай жерге қатысты мәселеде қоғам наразылығының туындауының алды алынады.

Вице-премьердің түсіндіруінше, жер беру конкурсының ашықтығын қамтамасыз ету, "бармақ басты, көз қысты" жағдайларға жол бермеу үшін тиісті комиссия құрамына қоғамдық кеңестер мен қоғамдық ұйымдар өкілдерін қосу қарастырылған және олардың үлесі комиссия мүшелерінің жалпы санының 50%-ынан кем болмауға тиіс. Осы арқылы жерлерді бөлу кезінде жергілікті халықтың пікірін де есепке алу көзделеді.

"Жариялылықты және барлық ықтимал қатысушылардың конкурсқа тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін конкурстың өтетіні туралы хабар ақпарат құралдарында, сондай-ақ жергілікті әкімдіктің және ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында жарияланады. Бұған қоса, ол хабар өз ақпараттық стендтерінде және ресми сайттарында орналастырылуы үшін облыс көлеміндегі басқа аудандардың да әкімдіктеріне бағытталады", – деді Асқар Мырзахметов.

Заң жобасы бойынша конкурсқа қатысушылар міндетті түрде сол ауыл шаруашылығы жерлерін қалай пайдаланатыны туралы бизнес-жоспар ұсынуға міндетті болады. Жеңімпазы сондай-ақ жергілікті халық үшін жұмыс орындарын құру бойынша міндеттеме алады. Оған егетін ауыл шаруашылығы дақылдары құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындай бойынша да талаптар қойылады.

Ұсынылған жердің қаншалықты тиімді және ұтымды пайдаланылып жатқаны ұдайы мониторинг арқылы анықталып отырмақ. Атап айтқанда, жалға алудың алғашқы бес жылында бұл қадағалау және тексеріс жыл сайын бір рет, ал егер бәрі жақсы болса, кейінгі кезеңде суарылатын егістікте үш жылда бір рет, ал басқасында 5 жылда бір рет жүзеге асырылады.   

Мониторинг барысында жер телімінің нысаналы мақсатына пайдаланылуы, егін шығымдылығының төмендемей, кем дегенде бір деңгейде сақталуы, жерді арамшөптің басып кетпеуі, жерді қорғау шараларының жүргізілуі, жалға алу келісім шарттарының сақталуы және басқасы тексеріледі.

Заң жобасы "бір қолға берілетін" ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемін шектейді. Мұндай шектеу бұрын да болған, бірақ ол тек бір аудан көлемінде ғана бекітілетін, нәтижесінде әр облыста қаптаған жер телімін астына басып алған "латифундистер" пайда болыпты. Енді базбіреулердің бүкіл Қазақстан бойынша "жер жинамауы" қырағы бақыланады.

"Ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен көлемде "бір қолда" жинақталуын болдырмау мақсатында заң жобасы осындай жер телімдерінің ең жоғарғы көлемін бекітуді қарастырады. Ол көлемді жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктер ұсынысы бойынша үкімет бекітеді. Бұл ретте "бір қолға" республика бойынша шекті мөлшерден асып түсетін көлемде жер беруге тыйым салынады", – деді Асқар Мырзахметов.

Ол жоғарғы көлем, шекті мөлшердің қанша мың гектарды құрайтынын анықтау үшін ауыл шаруашылығы министрлігі "ғылыми негізделген тәсілдемелерге" сәйкес, тиісті әдістемені әзірлепті. "Ол табиғи-ауыл шаруашылығы аймақтарын және әрбір әкімшілік ауданның жетекші мамандану саласын, ауыл халқының жермен қамтылуын, өндірістік ресурстарды және басқа да факторларды ескереді", – деді вице-премьер. Оның негізінде бір адам Қазақстанда қанша көлемдегі жерге бір өзі иелік ете алатыны үкіметтің тиісті қаулысы шыққаннан кейін белгілі болмақ.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде астына басқан жерінің ауданы 25 мың гектардан асатын 301 субъекті бар. Оның 225-і – астықты өңірлерде орналасқан. Иелік еткен жерінің аумағы 25 мыңнан 50 мың гектарға дейін баратын жеке және заңды тұлғалар саны 232-ні құрайды. 32 субъектінің меншіктеген жері 50 мыңнан 70 мың гектарға дейін созылып жатқан көрінеді.

Ал 37 қожайын Қазақстанда жалпы ауданы 70 мың гектар және одан да көп болатын ұлан-байтақ жерге иелік етуде екен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу