Елімізде бала туу деңгейінің төмендеу ықтималдығы жоғары – демограф

1088

Қазақстан 20 миллиондық межені бағындырды.

Елімізде бала туу деңгейінің төмендеу ықтималдығы жоғары – демограф Фото: canva.com

Республиканың 20 млн-шы тұрғыны атанған сәбилер Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2009 жылғы санақтан бері есептегенде ел тұрғындарының саны 20%-ға артып отыр. 20 миллиондық көрсеткішті демографиялық дүмпу деп айта аламыз ба? Оған қандай факторлар әсер етті? Бұл тақырыпқа қатысты демограф Аяулым Сағынбаеваның пікірін білдік.

Жеке мұрағатынан

– Қазақстандықтар саны 20 млн-ға жетті. Мұны демографиялық дүмпу деп айта аламыз ба?

– Иә, кеше біз 20 млн адамға жеттік. Бұл демографиялық дүмпу емес. Себебі демографиялық дүмпу немесе бэйби-бум дегеніміз бала туу санының ерекше көп болуы. Жиырма миллионыншы баланың дүниеге келуі бұл статистикалық тұрғыдан алғандағы жағдай болып отыр. Бір мезетте бес бала дүниеге келіп, барлығын шартты түрде 20 млн-шы деп атады. Бірақ статистикалық тіркеуге келгенде барлығы бір күнде туғандардың есебіне басқалары да кіріп, бірге қарастырылатын болады.

Халық санының артуына қандай факторлар ықпал етті?

– Халық санының артуына негізгі факторлар көші-қон сальдосының оң немесе теріс болуы, табиғи өсім немесе кему, яғни дүниеге келгендер мен қайтыс болғандардың арасындағы айырмашылық әсер етеді. Қазақстандағы демографиялық ахуалға табиғи өсім тікелей оң әсер етеді. Бізде бала туу деңгейі өте жоғары. 2022 жылдың көрсеткіштерін алатын болсақ, туудың жиынтық коэффициенті 2,9-ға тең болған.

– Дәл осы демографиялық өсім сақталатын болса, миллиондық межені бағындырар қалалардың қатары артуы мүмкін бе?

– Бұл әр қаланың демографиялық дамуына байланысты. Мәселе миллионға жету не жетпеуде емес. Бұл тұста негізгі мәселе кез келген өңір мен қаланың қалыпты және жақсы дамуында деп айтар едім. Қалалар деңгейінде болжамдар жасалмағандықтан, бұл туралы нақты айта алмаймыз.

– Алдағы уақытта бала туу көрсеткіштеріне қатысты қандай болжам жасауға болады?

– Бұған арнайы есептеулер қажет. Дегенмен де репродуктивтік көзқарастың өзгеруін қарайтын болсақ, 2021, 2020 жылдары болған бэйби-бум, қазір дүниеге келгендердің көп үлесі үшінші, төртінші, бесінші балаларды дүниеге әкелушілермен байланысты болып отыр. Бұл негізінен 1980 жылдарда туған азаматшалардың есебінен қалыптасты. Біз бала туу деңгейі төмендейді деп қарастырамыз, себебі белсенді репродуктивті жастағылардың саны аз. Сонымен қатар 1980 жылға қарағанда өзгеше репродуктивті көзқарасы бар 1990 жылдардағы азаматшаларымыз алғаш рет босанғандар болып отыр. Сондықтан кейінгі 2000 жылғы ұрпақтың көзқарасын алып қарасақ, олар білім мен ғылымға, өзін дамытуға көбірек көңіл бөлгендіктен, туу деңгейінің төмендеу ықтималдығы жоғары. Дегенмен де түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы, әлемдік демографтар Қазақстанда бала туу деңгейі 2018 жылдан бастап төмендейді деп болжам жасаған болатын. Десек те, Қазақстан пандемия кезінде өте жоғары демографиялық дүмпуді көрсетті. Осылайша туудың жиынтық коэффициенті 3,3-ке дейін барды. Сондықтан да бұл жете зерттеуді қажет ететін дүние. Себебі демографиялық болжамдар бал ашу емес.

– Демографиялық өсім не үшін маңызды? Бұл статистикалық көрсеткіш экономикалық ахуалға қалай әсер етеді?

– Біріншіден, бұл халық санының өсімі. Халық саны өскен сайын, жұмыс күшінің саны көбейіп, адами капитал жақсарады. Еңбек күші көбейген әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруының ықтималдығы артады. Кез келген макроэкономикалық болжамдар адам басына есептелінеді. Бұл жай ғана статистикалық есептер емес, экономикалық дамудың нысаны.

Айта кету керек, қазақстандықтардың саны 20 миллион болды. Бұдан бөлек "Отбасы банкі" еліміздің 20 млн-шы тұрғыны атанған балаларға 2 млн теңге беретінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу