Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа жолдауында елдің отбасылық-демографиялық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанда әр алтыншы отбасы бала сүйе алмайтынын айтқан болатын. Сондықтан ол "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеді.
"Елдің отбасылық-демографиялық жағдайы үлкен алаңдаушылық тудырады. Өкінішке қарай, Қазақстанда әр алтыншы отбасы бала сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, қазақстандықтардың 20%-ы мұны ажырасудың басты себебі деп санайды. Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстан халқының өсуіне қатысты болжамы көңіл көншітпейді", – деген еді Президент жолдауында.
Сондықтан Мемлекет басшысы үкіметке 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. ЭКҰ бағдарламасы бойынша квота санын 7 мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту қажет екенін айтты.
Нақты статистика жоқ
Биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова елімізде бала сүйе алмай жүрген отбасылардың нақты статистикасы жоған айтады. Тіпті оны тіркейтін мемлекеттік орган да құрылмаған. Сондықтан көрсеткіштерге келгенде мамандар халықаралық деректерге немесе түрлі ұйымдар ұсынған статистикаға сүйенуге мәжбүр.
"Қазақстанда "Аңсаған сәби" бағдарламасы бастау алатынына өте қуаныштымын. Қоғамда бала сүю бақытына жете алмай жүрген жұптар қаншама?! Алайда аталмыш бағдарламаны жүзеге асырмас бұрын елімізде бедеулік пен белсіздік статистикасын жасап алу керек. Бізде қазір нақты деректер жоқ. Ылғи әрбір 5-6-шы отбасы перзентке зар болып жүреді, жалпы отбасылардың 15-20%-ы осындай қиындықтармен бетпе бет кездеседі деген халықаралық статистиканы айтамыз", – дейді маман.
Мұндай деректердің нақтыланбауының өзіндік себебі бар. Мамандар бедеулікті өмірге тікелей қауіп төндіретін, аз уақытта емделетін ауру болмағандықтан осы уақытқа дейін оның статистикасы жасалмағанын айтады. Сонымен қатар, адамдар бірнеше дәрігерге, мемлекеттік немесе жеке меншік мекемелерге қаралады. Осылайша науқас туралы ақпараттар бір жерге жинақталмайтын көрінеді. Сондықтан өткен жылдың соңында бедеуліктің регистрін жасау туралы мәселе көтерілген.
"Еліміздегі бедеуліктің масштабын біз білмейміз. Алдымен осыдан бастау керек. "Бедеуліктің жол картасын әзірлеп, әрбір жұпты цифрлық технологиялар арқылы ортақ базаға енгізу керек", деп Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс жасағанбыз. Осы кезде пандемия басталып, оған шама келмей қалды. Мәселенің шынайы масштабы қандай екенін білгеннен кейін мемлекеттік бағдарламаны толықтыруға болады. Маман ретінде осы бағдарламаның арқасында квота кезегінде тұрған мыңдаған әйелдің 60-70%-ына көмек көрсетуге болатынын айтқым келеді", – деді Салтанат Байқошқарова.
Квота кімге беріледі?
Бір квотаға 1 млн теңге шамасында қаржы бөлінеді. Оның жартысы медициналық технологияға, жартысы дәрі-дәрмекке жұмсалады. Сондықтан мамандар көбінесе экстрокорпоральды ұрықтандыруға бала сүю мүмкіндігі жоғары жұптарды алады. Ондай отбасылар нәтижелі және нәтижесіз топ болып екіге бөлінеді.
"Нәтижелі топқа аналық ұрығы бар әйел, аталық ұрығы бар ер адам жатады. Егер оларда ұрық болмаса, әрине, нәтиже болмайды. Біз маман ретінде болжам жасап, бұл жұптың бала сүю көрсеткіштеріне қараймыз. Мемлекеттік квотаның сұрауы қатты болғандықтан нәтижесіз топтағы адамды ЭКҰ-ға ала алмаймыз. Онда ақшаны желге шашқандай боламыз", – дейді репродуктолог.
Нәтижесіз топқа да мүмкіндік беру керек
7 мың квота мемлекеттен бөлінетін қаражат. Ал қарастырылған қаржы нәтижелі жұмсалу үшін жұптар арнайы іріктеу арқылы таңдалады. Мұндайда жүктілік көрсеткіші 35-40%-дан кем болмауы керек. Саланат Байқошқарова да мұны растап отыр. Ол жасы 40-тан асқан отбасылар мұндай көрсеткішке қолжеткізе алмайтынын айтады. Сондықтан репродуктолог оларға сақтандыру аясында мүмкіндік беруді сұрап отыр.
"Олар нәтижелі топқа жатпайды. Әрине, біз алдын ала маман ретінде барлығын қараймыз. Мүмкіндіктерін бірден айтамыз. Көбінесе мұндай жұптардың мүмкіндіктері 10-15%. Сондықтан оларды квотаға ала алмаймыз. Өйткені біз квота бойынша ережелердің барлығы орындауымыз керек. Ал мұндай отбасыларға қалай көмектесе аламыз? Оларға ең болмаса жылына бір рет Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында мүмкіндік берсе екен", – деген маман бұл ретте Ресейде енгізілген тәжірибені мысалға келтірді.
"Көрші Ресейде сақтандыру жүйесі іске қосылған кезде әрбір әйел жылына бір рет ЭКҰ жасау мүмкіндігіне ие болды. Ол жерде жасы мен нәтиже тобы маңызды емес, барлығына мүмкіндік береді. Қазір Ресейде жылына екі рет ЭКҰ және 3 рет крио-цикл (қатырылған эмбрионды жібіту арқылы экстрокорпоральды ұрықтандыру) жасауға болады", – дейді маман.
Экстрокорпоральды ұрықтандыру бедеулікті емдеудің жалғыз жолы емес
35 жасқа дейінгі келіншек бір жылдың ішінде жүкті болмаса, 35-тен асқан әйел жарты жылдың ішінде бала көтере алмаса онда репродуктолог-дәрігерге барып қаралуы керек. Мамандар оның себебін 1-2 күнде, кейде 1-2 айда анықтай алады.
"Әр адамның ағзасы әр түрлі. Бедеуліктің себебі анықталғаннан кейін ғана емдеу тәсілі таңдалады. Көпшілігіне қабыну процесстерін емдеу, гормондық стимуляция, кей кезде жатырішілік инсеминация, кейде ота жасалады. 30%-ына ЭКҰ-ға жүгінуге тура келеді. Егер ер адамда мүмкіндіктер төмен болса, алғашқыда дәрімен, болмаса ЭКҰ аясында ИКСИ деген жоғары технологиялық әдіс қолданылады", – дейді сарапшы.
Квота әділ бөліну үшін барлығы электронды түрде жүзеге асуы керек
Қазір елімізде ЭКҰ-ға квота беру бойынша біркелкі кезек жоқ. Әр облыстың Денсаулық сақтау департаменті арқылы тізім жасап, жолдаманы бөледі.
"Ол көбінесе қағаз жүзінде жасалатын тізім. Ал қағазға жазылған тізімді білесіздер... Жасыратыны жоқ кейбір кісілер таныстар арқылы өтіп келдік деп жататын жағдайлар да баршылық. Бұл жерде жемқорлықты жойып, квотаны шынайы әрі әділ бөлу үшін барлығын электронды түрде жасау керек. Барлық тізімдегі адамдар қанша орын алдыға жылжығанын, кімнен кейін тұрғанын көріп отыруы керек. Тек сонда ғана барлығы әділ болады. Бұған қоса, әрбір адамға ЭКҰ жасататын мекемені өзі таңдайтындай мүмкіндік беру керек", – деп қорытындылады Салтанат Байқошқарова.
Құралай Құдайберген