Елімізде ет бағасы қымбаттай ма?

Сарапшылар мал экспортына шектеу қою халық үшін тиімді болғанымен шаруаларды тығырыққа тірейтінін айтып отыр.

Елімізде ет бағасы қымбаттай ма?

БҰҰ-ның мәліметінше, биыл әлемде азық-түлік бағасы рекордтық деңгейге жетті. Бұған Украинадағы әскери қақтығыс, былтырғы қуаңшылық пен пандемия ықпал етті. Сарапшылар дүниежүзілік азық-түлік дағдарысының зардабын бірінші болып кедей және дамушы елдер көрді деп болжауда. Алайда қымбатшылықты АҚШ сынды алпауыттар да сезінуде.

Қазақстанда инфляция деңгейі 14,5%-ға жетті, азық-түлік күн санап қымбаттауда. Бұл ретте халық күнделікті тұтынатын ет бағасы қалай құбылады? Шаруалардың жайы қалай болмақ? Етті елден алу тиімді ме, әлден сырттан әкелу ме? Inbusiness.kz тілшісінің сауалдарына Қазақстан ет одағының атқарушы директоры Асқар Жұбатыров жауап берді.

Қазақстандықтар жылына 480-500 мың тонна сиыр етін тұтынады, бір адамға айына 5-6, жылына  шамамен 20-21 келіден келеді. Шаруалар осы қажеттілікті толығымен жауып отыр деп айтуға болады. Себебі елімізде 2021 жылы 540 мың тонна ет өндірілсе, бұл көрсеткіш жыл сайын 5%-ға артып, 2022 жылы 570 мың тоннаға жетуі мүмкін. Соған қарамастан баға өсуде. Әрине, қант сияқты еселеп емес. Бірақ биыл қой еті – 16,5%, жылқы еті – 16,8%, сиыр еті 9,7%-ға қымбаттады. Мұның себебін сарапшы түсіндірді.

"Былтыр жемшөп бағасы өсті, биыл барлық азық-түлік түрлері қымбаттады. Бірақ басқаларымен салыстырғанда ет бағасы қатты көтерілген жоқ. Әлбетте, мал, ет өндірісімен ауылдағы шаруалар айналысады. Бұл олардың жалғыз табыс көзі – осы. Фермерлер де қаладағы халық тұтынатын тауарларды сатып алады. Сондықтан олар қазір мүлде табыс тауып отырған жоқ деуге болады. Бағаның қатты құбылмауына сырттан әкелінетін арзан, импорттық ет те ықпал етуде", – дейді Қазақстан ет одағының атқарушы директоры.

Табысты шаруа емес, делдалдар табуда

Сарапшының айтуынша, қазір шаруалар алыпсатарларға тәуелді. Бар пайданы мал бағып, бейнетін көрген фермерлер емес делдардар көріп отыр.

"Көптеген шаруалар жайылым маусымы аяқталған соң, малдарын союға немесе бордақылау  орындарына өткізеді. Сондықтан көпшілік күзде ет бағасы арзандайды деп ойлайды. Иә, төмендейтіні рас. Бірақ бөлшек саудада, яғни, қарапайым қазақстандықтар үшін емес", – деді сарапшы.

Баға тек көтерме саудада, делдалдар үшін төмендейді. Олар етті арзанға сатып алып, нарықтық бағамен саудалайды. Нәтижесінде, қарапайым халық пен шаруалардың "қалтасына" салмақ салады, бар табысты өздері алады.

"Шаруалар шығынға ұшырайды. Себебі қазір етті, жалпы малды экспортқа шығаруға шектеу қойылған. Сондықтан ауыл тұрғындарының ет өткізетін жалғыз ғана жолы – делдалдар. Ал алыпсатарлар мұны біледі, содан шаруалардың еңбегіне қарамай бағаны барынша төмендетеді. Егер экспорттық нарық ашылса, шаруалардың табысы 20-30%-ға артар еді", – деп түсіндірді Қазақстан ет одағының атқарушы директоры.

Сарапшы алдағы уақытта ет бағасы айтарлықтай қымбаттамайтынына сенімді

Қазір бөлшек саудада бір келі сиыр еті орташа есеппен 2600-2800 теңгеден сатылуда. Елімізде инфляция деңгейін 14-15%-ға жетіп, қант бастаған азық-түлік бағасы еселеп өскенімен еттің құны айтарлықтай қымбаттамады. Ал күз бен қысқа қарай баға қалай құбылады?

Сарапшы ет айтарлықтай қымбаттамайтынына сенімді. Оның ойынша қазір баға тұрақталды.

"Көтерме саудада төмен сападағы сиыр еті келісі үшін 1700-1800 теңге тұрады. Сапалы ет аймақтарда 2 000 теңге шамасында. Елорда мен Алматыда көтерме баға 2200-2250 теңге. Егер бөлшек сауда туралы айтар болсақ, орта есеппен сиыр етінің келісі 2500-2600 теңге. Бағаның өсуіне еш негіз жоқ. Әлбетте, қазір барлығы қымбаттап жатыр, бірақ бізде ет тек ел ішінде сатылғандықтан қосымша сауда көздері жоқ. Нәтижесінде баға да қалыпты", – дейді сарапшы.

Өз өнімімізді сыртқа шығарып, шетелден сатып алғаннан не ұтамыз?

Ет одағының басшысы шаруаларды қолдау үшін экспорттық нарықтарды ашу керек деп есептейді. Бұдан ол ет бағасы еселеп өспейтінін айтады.

"Тәжірибе көрсеткендей шекараны жапқаннан баға арзандаған жоқ. Біз сырттан етті екі есе арзанға сатып алып, өз өнімімізді шетелге қымбатқа сата аламыз. Мәселен, Америка әлем елдеріне 1 млн тонна ет экспорттайды, 1 млн тоннаны керісінше импорттайды. Көпшілік бұдан логика таппауы мүмкін. Бірақ мұндағы басты мақсат – ел экономикасы, шаруаларды қолдау. Осы арқылы Құрама штаттар қаншама адамды жұмыспен қамтып, қанша салықтық кіріс түседі. Олар қажетті етті Мексикадан арзан бағаға алып, өздерінің жоғары сапалы етін қымбатқа Корея, Жапония мен біздің шығыстағы көршіміз Қытайға сатады", – дейді Асқар Жұбатыров.

Қазақстанда да дәл АҚШ-тағыдай жоғары сапалы сиыр еті өндіріледі. Елімізде оның орташа бағасы 5,5 доллар болса, Қытайда 12 доллар.

"Айырмашылық екі есе. Суытылған ет көрші елге балғын күйінде тез жетеді, Қытай әлемдегі ең үлкен нарық. Мұның барлығы біздің артықшылық. Сондықтан тек экспорттық кіріс ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытады деп айта аламын. Бұл өз кезегінде ауыл халқын қолдауға мүмкіндік береді", – дейді сарапшы.

Қазақстанға Латын Америкасы елдерінен ет тасымалдау екі есе арзан

Елге Бразилия мен Аргентинадан әкелінетін ет екі есе арзан. Шетелдік өнімнің бағасы да, сапасы да бөлек.

"Себебі Латын Америкасы елдерінде қыс, күз деген маусым жоқ. Онда жыл бойы жаз. Демек малдары да жыл бойы жайылады. Онда шаруалар 100-200 бастан емес, 1000 бастап жоғары ірі қара бағады. Олардың масштабы үлкен, сондықтан олар етті де көп көлемде экспортқа шығарады. Бізге бұл елдерден шұжық және сол сияқты өнімдер жасау үшін ет импортталады", – деп түйіндеді маман. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу