Биыл бірыңғай тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралағында өтуде. Демек, аз ғана уақыттан соң түлектер жоғары оқу орындарына құжат тапсыруды бастайды.
Бұл ретте inbusiness.kz тілшісі білім ордаларының қабылдау комиссиялары ұсынған деректерге сүйене отырып, еліміздегі ең қымбат университеттердің тізімін жасады.
Алдымен деректерге тоқталсақ, биыл республика аумағында 3 университет жабылып, 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Олардың ішінде 83 университет, 16 академия, 12 институт және оларға теңестірілген консерваториялар, сонымен қатар жоғары мектептер мен колледждер, 9 ұлттық жоғары оқу орындары және 2 ұлттық зерттеу университеті бар.
Университеттердің жартысынан астамы Қазақстанның үш негізгі мегаполисінде орналасқан. Мұнда мәдени астана Алматы көш бастап тұр (42 жоғары оқу орны). Одан кейін Нұр-Сұлтан (15 ЖОО) және Шымкент (8 ЖОО).
Өңірлер арасында Қарағанды (9 ЖОО) мен Шығыс Қазақстан (7) алдыңғы қатарда.
Ал бағаға келер болсақ, ең қымбат ЖОО тізімін Назарбаев Университеті бастап тұр.
Оқу ордасын 2010 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрған. Университетте Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебі, Медицина мектебі, Тау-кен және геоғылымдар мектебі және т.б. бағыттар бар.
Оқу ордасы студенттерінің 96%-ы мемлекеттік және басқа да білім гранттары бойынша оқиды.
"НУ түлектері экономиканың әртүрлі салаларында жұмыс істейді. Түлектердің басым бөлігі Қазақстанда, ал бірқатары шетелдегі ірі компанияларда еңбек етеді", – деп жазылған университет сайтында.
ЖОО-ның байланыс орталығының мәліметі бойынша, бакалавриат ақысы мамандыққа байланысты орта есеппен жылына 11 мың доллардан 23 мың долларға дейін барады. Айта кететіні, әлемдегі атақты Оксфор, Кембридж университеттерінде бір жылдық оқу бағасы 25 мың доллардан басталады.
НУ сайтында баға автоматты түрде 1 доллар үшін 431 теңге бағамымен есептеледі.
Яғни, жылдық білім беру ақысы 4-4,5 млн теңгеден жоғары.
Бірақ аталған білім ордасына кез келген талапкер түсе алмайды. Үміткерлерге ағылшын тілі бойынша халықаралық емтихандардың сертификаттарынан бастап бірнеше талап қойылады.
Тізімде келесі тұрған Алматының "алтын квадратында" орналасқан Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (ҚМЭБИ). Мұнда оқу ақысы студенттің игерген кредиттер санына қарай есептеледі. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында 1 кредит 88 990 теңге тұрса, 2022-2023 жылы баға өскен – 1 кредит 99 670 теңге шамасында. Бұл ретте қабылдау комиссиясына хабарласып оқу ақысы неліктер қымбаттағанын сұрадық.
"ЖОО өкілі мұны инфляция, шығынның артуы және тағы өзге де жайттарға байланысты", – деп түсіндірді.
Енді есептеп көрелік, бір жылда әр студент кемінде 12-16 пәнді игеру керек. Ал әр сабақ орта есеппен 3 кредиттен тұрады. Демек кезінде Әлихан Смайылов, Әсет Ерғалиев бітірген оқу ордасында бір жыл білім алу ақысы 3-3,5 млн теңгеден асады. Мұны бакалаврдың 4 жылына көбейтсек 12-14 млн теңге шығады. Айына орташа жалақы алатын ( 275 438 теңге) қарапайым қазақстандық отбасы үшін қомақты сома екені айтпаса да түсінікті.
Баға бойынша келесі орында Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) тұр. ҚБТУ-да ақпараттық технологиялар факультетінде жылдық білім алу құны 2 млн теңгеден асады. "Қаржы" және "Экономист" мамандығы бойынша жылдық курс та дәл осындай сома тұрады. Мұнда 1 кредит 40000 теңге, студент 1 жылда 60 кредит алуға тиіс. Демек оқу ақысы 2 млн 400 мың теңгеге дейін барады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) білім алудың орташа құны 1 млн теңге. Оның ішінде заң мамандықтары – 1 млн 600 мың теңге, экономикалық – 1 млн 300 мың теңге, математикалық мамандықтар – 1 млн теңге, халықаралық қатынастар саласы – 1 млн 300 мың теңге тұрады.
Айта кететіні, университет әкімшілігі талапкерлерге арналған парақшада оқу ақысын жаңартпаған. Ұсынылған мәліметтер былтырғы жылғы баға. Бұл ретте жыл сайын оқу ақысы 10% шамасында өсетінін ескерген абзал.
Келесі Алматының іргесіндегі Қаскелең қаласында орналасқан Сүлейман Демирел атындағы университет. Қазір мұнда 4 мыңға жуық адам экономика және инженерлік, жаратылыстану ғылымдары, филология-педагогикалық, құқық және әлеуметтік ғылымдар салалары бойынша білім алуда. Экономикалық және IT мамандықтары ең қымбаты болып саналады. Оқу ақысы жылына 1 млн 225 мың теңгеден басталады. Ең қолжетімді мамандық "Қазақ филологиясы".
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалында бакалавриаттың жылдық ақысы 1 млн 706 мың 400 теңге, ал магистратура жылына 1 млн 803 мың 900 теңге. Бір қызығы оқу ордасы барлық мамандықтарға бір баға белгілеген.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінда бір жылдық оқу бағасы 944 мың теңгеден 1 млн 50 мың теңгеге дейінгі аралықта. Ең қымбат мамандықтар: "Халықаралық құқық", "Халықаралық қатынастар", "Экономика", "Қаржы", "Есеп және аудит".
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде бір жылдық оқу ақысы мамандығына қарай 700 мың теңгеден 1 млн 500 мың теңгеге дейін барады. Ең қымбат факультет "Стоматология". Ал шетел азаматтары үшін оқу ақысы 2 млн теңгеден асады.
Білім ордасының сайтында алдағы оқу жылының ақысы жаңартылмаған, 2019 жылғы баға көрсетілген.
Т.К. Жургенов атындағы Ұлттық өнер академиясында биыл оқу ақысы 600 мың теңгеден басталып, 987 мың теңгеге дейін барады. Академияда студенттер өнер тарихы, кескіндеме және дизайн, кино және телевидение, театр өнері бағыттары бойынша білім алады. Мұнда ең қымбаты әнші болу, арзаны мүсінші, суретші болу. Ал шетел студенттеріне оқу ақысы 1 млн 700 мың теңгеден асады.
Әдетте, университеттерде білім беру құны жыл сайын шамамен 10-15%-ға өседі. Сонымен қатар кейбір жекеменшік университеттер студенттерді көбірек тарту мақсатында бағаны өзгеріссіз қалдырады. Ал оқу орындарының арасында бірінші курсқа түсетіндерге бағаны көтеріп, білім алуды жалғастыратындарға өзгеріссіз қалдыратындары да бар. Мұның барлығы талапкер мен ЖОО арасында жасалатын келісім шартта көрсетіледі.
ЖОО-лар көбіне білім беру құнының өсуін инфляциялық және басқа да экономикалық өзгерістермен байланыстырады.
Жоғары оқу орындарында ақылы білім беру құны Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңына сәйкес белгіленеді. Ол мемлекеттік гранттың көлемінен кем болмауы керек. Грант көлемін жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Бұл ақпарат әдетте маусым айында жарияланады.
Айта кететіні, 2021-2022 оқу жылының басында жоғары оқу орындарындағы студенттер саны 575,5 мың адамды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,2%-ға аз. Көрсеткіш екінші жыл қатарынан төмендеп келеді, бір жыл бұрын ол 4,6%-ға азайған.
Құралай Құдайберген