Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің уәжі – өткен жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары сыртқы электрондық сауданы реттеу жөнінде "Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы" хаттамаға қол қойғандығын алға тартуда. Қазір ол құжат ратификацияланып жатқан көрінеді.
Келешекте аталмыш хаттама күшіне енген жағдайда, қарапайым халық жасаған электрондық сауда тауарларының барлық түрін декларациялауға жатқызады.
Осы құжатқа сәйкес, шетелдік интернет-дүкендерден қазақстандық жеке тұлғалар сатып алатын өнім "Электрондық сауда тауарлары" деп аталатын жеке санатқа ие болып, әрбірі үшін мемлекет пайдасына баж салығы төленетін болады.
Интернет-сауда алаңында жаңа тәртіпті жүзеге асыру үшін министрлік бақылаушы жаңа институт – "Электрондық сауда операторын" енгізді.
Ведомство мамандарының айтуынша, бұл тетік заңды "Электрондық сауда операторын" қарапайым адамдар сатып алатын тауарды есепке алып, тіркеумен қатар, тапсырыс берушінің қолына тигенге дейінгі үдерісті бақылайтын болады.
Ұлттық экономика министрлігі қазынаға қаржы түсіретін жаңа тетік ойлап тауып жатқанда, елімізде кедейлік көрсеткіші бірден шарықтап, аспанға бір-ақ ұшқан.
Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен түсіп кеткен 1 миллионнан астам азамат бар екендігі анықталды. Еліміз бойынша орташа кедейлік деңгейі соңғы тоқсанда жедел өсе бастаған.
2024 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда кедейлік деңгейінің төмендеуі байқалған болатын. Әлемдік нарықта мұнай бағасының түсуі мен доллар бағамының күрт өсуіне қарамастан, көрсеткіш 4,6%-ға дейін төмендеген.
Алайда, Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, екінші тоқсанда кедейлік деңгейі 5,1%-ға дейін жедел өсіп кеткен.
Мәселен, қазір елімізде 179 409 отбасының 1 027 516 адамының табысы Қазақстандағы жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. Сонымен қатар, 42 мыңнан астам адамның (0,2%) табысы күнделікті азық-түлікті уақтылы алып отыруына жетпейді.
Еске сала кетсек, екінші тоқсанда жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі небәрі 49 961 теңгені құраған. Ал, азық-түлік себеті осы соманың 55%-на тең, яғни, 27 479 теңге болды. Яғни, 42 мыңға жуық қазақстандық азық-түліктің ең аз жиынтығын да ала алмай қалған.
Кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан облысында тіркелді. Табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі мұнда 8,8%-ды құрайды. Одан кейін Жетісу және Абай облыстары – тиісінше 7,8% және 7,7%. Сондай-ақ, Маңғыстау облысында да жоғары көрсеткіш байқалады, ол жақта кедейлік көрсеткіші – 7,3%.
Кедейліктің ең төменгі деңгейі екінші тоқсанда Атырау және Қарағанды облыстарында көрініс берді. Аталған аймақтардағы көрсеткіш деңгейі 3%-дан аспаса, Астанада – 3,3%, ал Алматыда көрсеткіш – 4,7%, және Шымкентте – 5,6% тіркелген.
Айта кету керек, кедейлік деңгейінің жоғары-төмен болуы отбасы мүшелеріне тікелей байланысты. Жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың көпшілігі бес немесе одан да көп адамнан тұратын отбасыларда тұрады. Олардың арасында кедейлік деңгейі 9,7%-ды құрайды.
Одан кейін 4 адамнан тұратын отбасылар бар, олардың көрсеткіші 2,4%, ал үш адамнан тұратын отбасыларда бұл көрсеткіш 1,1%-ға тең. Екі адамнан тұратын отбасыларда кедейлік деңгейі 0,5%-ға, ал, жалғызбасты қазақстандықтар арасында 0,1%-ды құрайды.
Бір ескерер жайт, кедейлік деңгейінің артуы Қазақстанның тұрғындарының тұтынуға жұмсаған қаражаттарының біршама өсуімен қатар жүрді. Егер бірінші тоқсанда жан басына шаққанда қазақстандықтар орта есеппен 96 098 теңгеден жұмсаса, екінші тоқсанда 95 451 теңгеден жаратып отырған. Алайда, бұл күнкөріс деңгейінен екі есе көп болғанымен, тұрғындардың қарызға кіріп жатқандығын байқатады.
Бұған дейін сарапшылар Қазақстан азаматтарының табысын басқа елдердің тұрғындарымен салыстырған болатын. Отандастарымыздың күнделікті табысы тәулігіне 10 АҚШ долларынан сәл ғана асатыны белгілі болды. Десек те, бұл экономикасы ілгері басқан елдерге қарағанда бірнеше есе аз.