Елімізде су ресурстарының ластануынан қандай қауіп-қатер бар?

1534

Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай жылына 90 текше метрден 76 текше метрге дейін төмендейді. Бұл 7 жылдан кейін елдегі су тапшылығы жылына шамамен 12-15 текше метрді құрайды деген сөз. 

Елімізде су ресурстарының ластануынан қандай қауіп-қатер бар? Фото: google.com

Су қауіпсіздігі Қазақстанның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі екені даусыз. Осыған дейін Астанада да су мәселесі туындағаны бәрімізге белгілі. 10 маусым күні Астана су қоймасынан су өткізетін құбырдың жаңа тармағы іске қосылды. Сондай-ақ ауыз су станциясының бірінші кезеңі маусым айының соңында аяқталады деген сүйінші жаңалықты естідік. Қала билігі бұл су тапшылығы мәселесін толық шешеді деп отыр.

Бас қала мен республикадағы су қауіпсіздігінің негізгі проблемалары қандай? Су ресурстарының ластануымен байланысты қауіп-қатерлер бар ма?

Осы сұрақтардың жауабын Практикалық экологтар қауымдастығының басшысы Лаура Мәліковадан анықтап білдік. 

– Ең әуелі Астанадан бастасақ. Бас қалада су мәселесінің пайда болуына не себеп?

– Оның бірнеше себебі бар. Соның бірі – қаланы жоспарлауда су, энергетикалық ресурстарға, коммуналдық қызмет түріне байланысты есептелмеуінде. Үйлер салынып тасталған. Бірақ нысанға суды қосу, жеткізу Бас жоспарда қарастырылмаған. Осы мәселені шешу мақсатында 2018-2021 жылдар аралығында қаралған жаңа Экологиялық кодекстің аясында жұмыс тобының мүшесі ретінде әкімшіліктерді экологиялық тұрғыдан жауапкершілікке тарту мәселесін көтергенбіз. Сондай-ақ дамыған елдердің тәжірибесіне сәйкес, жаңа Экологиялық кодексте стратегиялық экологиялық бағалау деген құралды енгізген. Оған сәйкес әкімдіктер Бас жоспарды жасаған кезде және оған түзетулер енгізгенде осы стратегиялық экологиялық бағалауды жасауға міндетті. Оның аясында осындай нысандарды салуға, осынша халыққа қанша су, энергия керек, ол суды қайдан аламыз, үйлерден шығып жатқан лас суды қайда тазалаймыз, қазіргі кәріз сорғы станциясының әлеуеті жеткілікті ме – бәрі қарастырылады. Тағы да бір себебі жүріп жатқан қуаңшылық мерзімі де оған кері әсерін тигізіп жатыр. 

– Осыған дейін Есіл суының таязданып бара жатқаны туралы дабыл қаққан едіңіз. Қазіргі ахуал қандай? 

– Есіл мәселесін былтыр шілдеде айтқанбыз. Жаз енді басталды. Сондықтан оны салыстырмалы түрде айту ерте. Дегенмен де 2021 мен 2023 жылдың аралығында қуаңшылық мерзімі болды. Кейбір өңірлерде, мысалы оңтүстікте, бұл 2019 жылдан басталды. Қуаңшылық салдарынан бізде көптеген өзен, көлдердегі судың мөлшері бірден азайып кетті. Ғалымдар қазір қуаңшылық кезеңі өтті деген болжамдар жасап жатыр. Бірақ басқа ғалымдар 2024 жылы бұдан бетер қуаңшылық болады деп айтады. Осындай әртүрлі болжамдар бар. Есілдің жағдайын салыстыруға әлі ерте деп ойлаймын. 

– Бүгінгі таңда Кіші Талдыкөл суының деңгейі 2004 жылмен салыстырғанда бірнеше есе азайды. Жақында Астана іргесіндегі өртті сөндіруде бұл су нысанындағы су пайдаланылды. Бұл Талдыкөлдің болашағына кезінде балта шаппау керек екенін білдіре ме? Қалай ойлайсыз? 

– Кіші Талдыкөлдің мәселесін 2020 жылдың ортасынан бастап көтеріп жүрміз. Бұрынғы қала басшылығы Талдыкөлдің айналасында көлді құрғатып, ешқандай рұқсат құжатсыз, экологиялық, су кодексінің талаптарын өрескел бұзды. Сарапшылар, құрылыс және су саласының мамандарын, архитекторларды жинап, бірнеше рет эксперттік талқылаулар өткіздік. Соның барысында құрылыс саласы мамандарының өзі ол суды құрғатып тастайтын болса, сол жерде салынған үйлердің құлап қалу қаупі жоғары екенін айтты. Содан кейін әкімдік бұл көлдің жарты бөлігін сақтайтын болып шешім шығарған. Жұмыс тобын құрды. Сәл жел болса, сол жерде шаң көтеріледі, су болмағаннан кейін айналасындағы шөп қурап, жанып жатыр. Содан өрт болды. Мұның бәрі бір-бірімен байланысты. Көлді құрғатып тастап, айналасында ештеңе болмайды деу – сауатсыз адамның ойы. Стратегиялық жобалау агенттігіне әкімдердің жұмысын экологиялық көрсеткішпен бағалауды ұсынғанбыз. Бірақ ешқандай шара қабылданған жоқ. Бұл экологиялық қылмыс үшін жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. 

– Астанадағы су қауіпсіздігінің негізгі проблемалары қандай? 

– Елордадағы су дефициті мәселесін шешу мақсатында алдағы уақытта тағы да бір су қоймасы салынады деп отыр. Ол су қоймасын толтырудың көздері қазір қарастырылып жатыр. Жер асты суларынан қарастыра ма әлде Қарағанды жақтан алып келе ме дегендей. Қарағанды облысының тұрғындары да өздерінің келіспейтіндіктерін айтып отыр. Сондықтан мұнда су ресурстарын үнемді пайдалануды қолға алу керек. Астанадағы жасыл желектерді жер асты суы есебінен суландыру дегенді қою керек. Бұл кәріз суларын тазартып шыққан суды пайдалануды қолға алуымыз керек. Сондай-ақ жауын-шашын, қардан түскен суды жинау. Қар көп жауатындықтан, соны қайта қолдану мәселесін қолға алу керек. 

– Жалпы республикадағы жағдайға ойыссақ… 

– Қазақстан су дефициті бар елге жатады. Осы тұста мемлекеттік деңгейде кешенді жұмыстарды жүргізуіміз керек. Республикадағы жағдайға келсек, әсіресе мынау оңтүстік өңірлерде жағдай қиындау. Себебі онда егістік егетіндер көп. Қазірдің өзінде су каналдарының бойындағы кикілжіңдердің жиілеп кеткенін көріп отырмыз. Бұл мәселені алдағы уақытта қабылданатын Су кодексі шешуі керек. 

– Алдағы 5-10 жылда су мәселесіне байланысты қандай болжамдар жасауға болады? 

– Қалалардағы урбанизация жағдайын шешпесек, мәселе ушығып кетуі мүмкін. Сондықтан бүкіл ақшаны Астана мен Алматыға төге бермей, өңірлерді дамытуды қолға алуымыз керек. Жалпы деурбанизация процесін жүргізуіміз керек. Су қай жерлерде бар сонда халықтың шоғырлануын мемлекеттік деңгейде қамтамасыз ету керек. 

– Су ресурстарының ластануымен байланысты қандай қауіп-қатерлер бар? 

– Қазақстанда бұл жер асты суларының ластану мәселесі. Яғни бізде жер үсті суларынан бөлек, жер асты суларының қоры бар. Дегенмен ол қорлардың қайсысын қолдануға болатыны не болмайтыны туралы әлі нақты бір түсінік жоқ. Себебі көп жер әлі зерттелмеген. Мұнай-газ өндіретін өңірлерде бұл сулар ластанған. Сондай-ақ уран өндіретін оңтүстік жақтарда да жер асты суларының жағдайы негізінен нашар. Сондықтан жер асты суларының сапасын барынша ғылыми тұрғыдан зерттеу керек. Алматыда орналасқан осы бағытта жұмыс істейтін У.М.Ахметсафин атындағы жалғыз ғылыми институт бар. Соның әлеуетін қолданып, бүкіл Қазақстан бойынша жер асты суларының сапасын зерттеуіміз керек. Жер асты суларын елордадағы сияқты жасыл желектерді суландыруға, т.б. қолдануды тыйым салу керек. Оны ішу, тұрмыстық мақсатта ғана пайдалануға дайындау керек. 

 –  Сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу