Елімізде тұрғын үй бағасы күрт қымбаттады

Нарықта қандай өзгерістер күтілуде?  

Елімізде тұрғын үй бағасы күрт қымбаттады

2022 жылдың 5 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда АҚШ долларының ресми бағамы 499,2 теңгеге жетті, 9 наурызда АҚШ валютасы 510 теңгеге тұрақтады, деп жазды inbusiness.kz.

Ақпанда доллардың орташа бағамы 434,4 теңге еді. Ал күнде құбылатын теңгенің қазіргі күйі белгісіз. Себебі рубльдің құлдырай бастағанын ескерсек, ұлттық валюта бойынша болжам жасау қиын. Сарапшылардың өзі "жағдай күрт нашарлауы немесе күрт жақсаруы мүмкін" дегеннен аспайды. Ал бұл бірінші кезекте қажетті заттардың 70-80%-ы шетелден импортталатын тұрғын үй нарығына ықпал етуде. 

Energyprom.kz сарапшыларының хабарлауынша, тұрғын үй бағасы қазірдің өзінде қымбаттаған және әлі де өседі. Мәселен, 2014 жылы АҚШ доллары мен еуро теңгеге шаққандағы бағамы 17,8%-ға артса, жаңа тұрғын үйдің шаршы метрі бірден 15,2%-ға, ал қайталама нарықтағы тұрғын үйдің бағасы 19,9%-ға қымбаттады. 2016 жылы девальвация нәтижесінде бастапқы нарықтағы тұрғын үй бағасы 10%-ға дерлік, қайталама нарықта – 7,9%-ға өсті. 

Еліміздегі барлық төлем теңгемен жүргізілетініне қарамастан, нарықтағы құрылыс материалдарының көпшілігі сырттан әкелінеді. Нәтижесінде саладағы ұйымдар долларға тәуелді. 

Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының хабарлауынша нарық қатысушылары жобалардың құнын қайта қарап жатқан көрінеді. 

Қауымдастық мәліметінше, қазірдің өзінде бірнеше компания баспана бағасын 5-7%-ға өсірген.

"Себебі теңгенің құлдырауы және осыған байланысты құрылыс компанияларының тәуекелдері", – деп түсіндірді ұйым президенті Виктор Микрюков.

Сектордағы жағдайды түсіну үшін елдегі құрылыс материалдарының тауарлық матрицасын қарастыру жеткілікті. Елімізде отқа төзімді цементтер мен ерітінділер өндірісі жолға қойылып, қажетті өндірістің 70,1%-ын қамтамасыз етіп отыр, бетон бұйымдары (98,1%), портландцемент (86,8%), ерітінділер (99,8%), лак-бояу материалдары (66%) және т.б. өнімдер шығарылады. 

Алайда қазақстандық тауарлар құрамында импорттық қоспалардың үлесі де жоғары. Мысалы, ерітінділер мен бояуларға қажетті химиялық заттар елімізде өндірілмейді, көбінесе Германия, Англия, Франциядан жеткізіледі. 

Бұл валюта бағамының құбылуына қарай құрылыс құнының өсетінін және онымен бірге тұрғын үй бағасының қымбаттайтынын білдіреді.  

Krisha.kz дерегінше, 2022 жылдың басынан бастап еліміздің барлық қаласында жаңа тұрғын үйлердің бағасы өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, мұндай динамика 16 қалада тіркелді. 

Айдағы өзгерістерге келетін болсақ, бағаның өсуі алты қалада байқалады:
- Атырау (+3%);
- Қызылорда (+2,9%);
- Ақтау (+2,4%);
- Петропавл (+1,7%);
- Қостанай (+1,6%);
- Алматы (+0,3%).

"Қазақстанда жаңа ғимараттардың орташа бағасы бір айда 0,4%-ға өсті. Ақпан айында Қазақстан Республикасының бастапқы нарығында шаршы метр құны 387 780 теңгені құрады, бұл қаңтар айымен салыстырғанда 1 422 теңгеге артық", – деп нақтыланған хабарламада.

Тұрғын үй бағасы ең қымбат қалалар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент. 

- Нұр-Сұлтанда шаршы метрі – 490 796 теңгеден;
- Шымкентте – 447 446 теңге;
- Алматыда – 423 025 теңге.

Ал ең арзан пәтерлер Таразда, яғни бұл қалада тұрғын үйдің шаршы метрі 160 мың теңге, одан кейінгі арзан қала Қызылордада – 175,2 мың теңге және Талдықорғанда – 190 мың теңге.

2021 жылдың ақпан айымен салыстырғанда жаңа үйлердің бағасы орта есеппен 14,6%-ға өсті.

Ең жоғары жылдық өсім Қостанай (+23,2%), Шымкент (+19,7%) және Оралда (+17,5%) тіркелген.

Нұр-Сұлтанда жаңа тұрғын үй бағасы бір жылда 17,7%-ға, Алматыда 14,5%-ға қымбаттады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу