Делдалдар жойылғанымен халық үшін электр қуатының неге арзандамағаны анықталды.
Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті еліміздегі бөлшек электрмен жабдықтауды бұдан былай тек лицензияланған энергия беруші ұйымдар ғана жүзеге асыратынын жариялады.
Бұл былтыр депутаттар ел тарихында алғаш рет қабылдаған жаңа "Жылу энергетикасы туралы" заңның басты бір жаңалығы болатын. Айтқандай, дәл осы салалық заңды депутаттар "VIII шақырылымдағы Парламенттің ІІ-сессиясының басты бір жетістігі" деп атаған болатын. Оның қандай нәтиже әкелгені енді белгілі болып отыр.
"Энергиямен жабдықтаудың ашықтығы мен сенімділігін арттыру мақсатында Қазақстанда 2024 жылы реформа жүргізілді. Соның нәтижесінде реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар (ЭЖҰ) қызметі тоқтатылды. Қорытындысында, бұл еліміздің 12 өңірінде шағын және орта бизнес субъектілері үшін тарифті орта есеппен 11,62%-ға немесе 4,39 теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді", – деп хабарлады Табиғи монополияларды реттеу комитеті.
Халық үшін электр қуатының құны керісінше, көтерілуде. Оның солай болатынын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев депутаттарға былтыр ескертіп, үмітін үзді.
Мәжілісмендер Үкіметке сауалында сала олигархтарының қалтасын қампайтып келген ЭЖҰ-лар (энергиямен жабдықтаушы ұйымдар) түріндегі ұйымдар жаппай жойылған соң жеке тұлғаларға арналған тарифтер қаншаға арзандайтынын сұрады.
Мәжілісмен Серік Егізбаев жылу энергетикасы туралы заңды талқылау үшін Парламенттегі жұмыс тобына шақырылған сарапшылардың есеп-қисабына жүгініп, ЭЖҰ-лар құртылғаннан кейін халыққа арналған электр қуатының тарифтері 15-20%-ға дейін арзандайтынын айтқан еді. Министр мұны жоққа шығарды.
"Реалист болуымыз керек. Біздің ойымызша, ЭЖҰ-лар сияқты ортадағы делдалдар жойылғанымен тарифтердің төмендеуі болмайды. Өйткені бұған дейін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар штаттарын ұстап тұруға, электр қуатын сатып алуға шығын шығарды. Олардың функцияларын қабылдап алған аймақтық электржелілік компаниялар ұқсас шығыстарын тарифтерге қосады. ЭЖҰ-лар кеткен соң нарықта баға түзудің тиімдірек тетіктері пайда болуы мүмкін. Алайда тарифтердің елеулі, айтарлықтай төмендеуін енді күтудің қажеті жоқ", – деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
ЭЖҰ-лар жойылғанымен, орнын АЭК-тер басты. Көптеген өңірде жалғыз ғана АЭК бар. Ендеше сала бәрібір монополияландырылған күйде қалды. Сондықтан тарифтер де салмақты төмендемейді.
Өз кезегінде Табиғи монополияларды реттеу комитеті аталған заң сыртында, 2024 жылғы 8 шілдеде Президенттің "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттеліп көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына да қол қойғанын еске салды.
Оған сәйкес, 2025 жылдан бастап, бөлшек электрмен жабдықтау функцияларын тек қана электр энергетикасы туралы жаңа заңнамадағы біліктілік талаптарына сәйкес келетін энергия беруші ұйымдар – "аймақтық электржелілік компаниялар" (АЭК) орындайды.
Осы норманы іске асыру аясында ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттері біліктілік талаптарына сәйкес келетін 21 АЭК-ке лицензия берді. Министр бұған дейін 35 АЭК құрылатынын айтқан еді, әзірге 21-і ғана бар.
Сонымен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтауды мынадай АЭК-тер жүзеге асырады:
- Қарағанды облысында – "Қарағанды Жарық" ЖШС, "Қарағанды өңірлік энергетикалық компаниясы" ЖШС;
- Ақтөбе облысында – "Энергожүйе" ЖШС;
- Қостанай облысында – "ЭПК-Atica" ЖШС, "ЭПК-forfait" ЖШС;
- Павлодар облысында – "Горэлектросеть" ЖШС, "Павлодар АЭК" АҚ;
- Астанада – "Астана аймақтық электржелілік компания" АҚ;
- Ақмола облысында – "Көкшетау Энерго" ЖШС, "Ақмола АЭК" АҚ;
- Абай облысында – "Біріккен энергосервистік компания" АҚ;
- СҚО-да – "Солтүстік Қазақстан Электржелілік Тарату Компаниясы" АҚ
- ШҚО-да – "Біріккен энергосервистік компания" АҚ;
- БҚО-да – "Батыс Қазақстан–АЭК" ЖШС;
- Алматы қаласында – "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ;
- Алматы облысында – "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ;
- Қызылорда облысында – "Қызылорда электр желісін тарату компаниясы" АҚ;
- Атырау облысында – "Атырау Жарық" АҚ;
- Шымкентте – "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС;
- Түркістан облысында – "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС;
- Жетісу облысында – "Талдықорған акционерлік көліктік электржелілік компаниясы" АҚ;
- Ұлытау облысында – "Жезқазған электр желісін тарату компаниясы" АҚ;
- Жамбыл облысында – "Жамбыл электр желілері" ЖШС;
- Маңғыстау облысында – "Маңғыстау өңірлік электржелілік компаниясы" АҚ.
Комитет сарапшыларының байламынша, осылай электр энергиясын беру және жеткізу функцияларын 1 компанияда біріктіру – біріншіден, электр желісін басқаруды айтарлықтай жақсартады. Екіншіден, оның тиімділігін арттырады. Үшіншіден, инфрақұрылым мен қызмет көрсету шығындарын азайтады. Сондай-ақ тұтынушыларды тоқпен тұрақты және үздіксіз қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, енді тұтынушылар барлық мәселелерін шешу үшін бірыңғай операторға жүгіне алатын көрінеді. Мұндай қадам әкімшілік кедергілерді едәуір азайтады және пайдаланушылардың сұраныстарына жауап беру процесін жеделдетеді делінді.
Мәжілісмен Самат Мұсабаев кезінде Үкіметтің реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды бәсекелестікті дамыту ұранымен құрып шыққанын еске салды. Енді оларды жаппай жойды. Сонда бәсекелестікті дамыту да жойылды ма? Шынында, халық арасында "делдал" аталған ЭЖҰ-лар бәсекені өрге бастырмады, сала олигархтарын байытқаннан басқа елге еш пайда әкелмеді.
"Осы делдалдар ештеңе өндірмеді, ешқандай инвестиция салмады. Тұтынушылары алдында ештеңеге жауап бермеді, балансында ештеңесі болмады. Соған қарамастан, су электр станциялары, жылу-электр орталықтары өндірген электр қуатын электр желілік компанияларға беруде аралық делдал болып, миллиардтап пайда көрді. Халық қалтасына түсті. Министрлік энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың энергетиканы дамытуға қанша қаражат жұмсағанына талдау жүргізді ме, ол да белгісіз. Халық қанша шуласа да Үкімет те, министрлік те үнсіз қалды, бір селт етпеді", – дейді депутат.
Салдарынан, бұқара мен бизнестің миллиардтаған қаражатын қалтасына салған энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тып-тыныш қана тарай салды. Елді қанап байығандардың ешқайсысы жаза тартпады.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ЭЖҰ-лар 2004 жылғы реформа кезінде құрылғанын айтады.
"Бұл кәсіпорындар неге құрылды? Олар бәсекелестікті дамыту мақсатында құрылды. 2004 жылы елде қуат профициті қалыптасқан еді, электр артылып қалып жатты. Профицит болғанда нарықтық тетіктер жұмыс істейді. Содан энергия құны төмендеді. Станциялар тұтынушы үшін күресті. Оларды тұтынушымен байланыстыру үшін ЭЖҰ-лар өзара бәсекелесті. Кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергиясы тапшы. Дефицит болғанда, нарық жұмыс істемейді, мемлекеттік реттеу іске қосылады", – дейді елдің бас энергетигі.
Сондықтан ол ақыр соңында депутаттардың бастамасын қолдауға ұйғарыпты.
Министрдің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда жалпы саны 150 энергиямен жабдықтаушы ұйым жұмыс істеген. Оның ішінде 115-і – реттелмейтін ЭЖҰ болған. Осыдан-ақ қазіргі кезде салада қанша алпауыттың жабылып, ұжымын таратып жатқанын бағамдауға болады.
Энергетика саласы сарапшыларының және депутаттардың байламынша, 2004 жылдан бергі 20 жыл ішінде ЭЖҰ-лар шамамен 100 миллиард теңгеден астам таза табыс табуы мүмкін.