Елімізде жергілікті полиция қызметі таратылады

548

Күні кеше тиісті заң қаралды. 

Елімізде жергілікті полиция қызметі таратылады Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжілістің таратқан ақпаратына сүйенсек, түзетулерге сәйкес "жергілікті полиция қызметі" ұғымы алынып тасталады. 

"Бұл 2016 жылы құрылған ЖПҚ өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдей алмағанымен байланысты. ЖПҚ құрамында учаскелік инспекторлар, патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау полициясы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері болған. Алайда заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл қызмет өзіне жүктелген негізгі міндеттерді, яғни, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына, абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтау, құрылыс қалдықтарын шығару сынды екінші кезектегі жұмыстармен айналыса бастаған", - делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігі жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармаларын құруды ұсынып отыр. 

"Әр қызмет өзінің тікелей міндеттерімен айналысады. Сондай-ақ, көлік полициясы бөлімшелерін ретке келтіру мақсатымен "желілік" деген терминді "көлікте" деп өзгерту ұсынылуда. Ал әскери-тергеу органдары ішкі істер органдарының аумақтық құрылымынан алынып тасталады, себебі олар ІІМ құрамындағы дербес бөлімше ретінде бөлінген. Сонымен қатар, әкімшілік қамауға алынғандарды ұстауға арналған арнайы қабылдау орындарында орын жетіспеушілігіне байланысты, заң жобасында оларды уақытша ұстауға арналған қабылдау-бөлу орындарында ұстау тәртібі де қарастырылған", - деп хабарлады Мәжіліс.

Айта кету керек, осыған дейін қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына өтемақылар берілетінін жазғанбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу