Еліміздегі ең ірі тұрғын үй кешені әкімнің қолына көшті

13646

Алтай Көлгінов тым арзан сатылған пәтерлер тексерілетінін мәлімдеді. 

Еліміздегі ең ірі тұрғын үй кешені әкімнің қолына көшті

Нұр-Сұлтандағы "Шығыс" ТК үлескерлері елорда әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуі алдында қалабасыға жүгінді. Олар "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында әкімдікке ондаған миллиард бөлінгенімен, үйдің бір де бір кіреберісі іске қосылмағанына наразы.

"Алтай Сейдірұлы өткен жылдың соңында осы тұрғын үй кешенінің 1А блогы 2020 жылғы қаңтарда іске қосылады деп уәде еткен. Ақпан айы болды, нысанда құрылыс жұмыстары сол күйі басталмады. Бұған қоса, осы кешенді аяқтау шарттары да алаңдаушылық тудырып отыр. 1 ақпандағы жиында "Елорда құрылыс компаниясы" таза әрлеумен сатып алса да, 1А және 1В тобындағы үлескерлер баспанасын тек қарабайыр әрлеу күйінде алатынын мәлімдеді. Біз әкімдік жанындағы бұл компания 2012 жылғы салушымен арадағы келісіміміздің өзге шарттарын да өзгерте ме де қауіптенеміз", – дейді үлескер Гүлнара Қысықова.

Үлескерлер "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС (ЕҚК) пәтер құнын, шаршы метрін өзгертуі, басқа қабаттан ұсынуы мүмкін екенін айтып отыр.

Астана әкімі Алтай Көлгінов "Шығыс" ЕҚК қарамағына көшкенін растады. Бірақ оның алдында алып құрылысты аяқтау бойынша кәсіпкерлерге мүмкіндік ұсынылғанын айтады. 2018 жылғы 12 қыркүйекте әкімдіктің уәкілетті ұйымының ара ағайындығымен инвестор Aloma Group Global Construction ЖШС мен құрылыс салушы Kaontech International ЖШС арасында бірлескен қызмет туралы келісім бекітіледі.

Құжат бойынша бұлар бас қаладағы біраз проблемалы нысанды, соның ішінде "Шығыстың" 1А және 1В тобының құрылысын аяқтауға тиіс болған. Алайда екеуі де міндеттемелерін орындамағандықтан, 2020 жыл басында қала әкімдігі және ЕҚК олармен арадағы барлық келісімдік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдайды.

Әкімдік құрылыс салушы үстінен сотқа шағым береді. Осылайша, сот арқылы "Шығыс" тұрғын үй кешенінің аталған нысандарын, олардың жер учаскелерін ЕҚК меншігіне көшіру жүзеге асырылады.

Енді "Елорда құрылыс компаниясы" үлескерлер қолындағы ескі "сату-сатып алу алдын ала келісімшартынан" басқа,олармен қосымша келісімшарт бекітуге ниетті. Жаңа құжат арқылы компания құрылысты қарабайыр әрлеу күйінде аяқтап, тұрғындарға тиісті баспанасын беру бойынша өзіне міндеттеме алады.

Алтай Көлгінов үлескерлер жаңа салушыдан таза әрлеу жұмыстарын жүргізуді талап ете алатынына сендірді немесе ЕҚК таза әрлеу шығынын өтеуге тиіс. 

Әкімдіктің осы уәкілетті ұйымы бүгінде "Шығыстың" 3А, 3Б, 2Б және "Жағалау-4" нысандарын қабылдап алды. Сондай-ақ таяуда "Шығыстың" 1А және 1В нысандарын да сот арқылы алып қоймақ.

"Кейбір мәмілелер күдік тудырады. Сондықтан барлық сату-сатып алу алдын ала келісімшарттарына сараптама жүргізіледі. Оның барысында сатылған шаршы метрлердің сол тұстағы нарықтық орташа бағаға қаншалықты сәйкес келетіні тексеріледі. Тұрғын үй нысанындағы орташа нарықтық бағаны анықтау үшін ЕҚК тәуелсіз сарапшыларды жалдап, олардың қызметі ақысын төлейді", – деді Нұр-Сұлтан әкімі.

Үлескерлердің ашынатын жөні бар. Ел Үкіметі "Нұрлы жер" бағдарламасының 40 млрд теңгесін елордадағы 53 проблемалы тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға берген екен. "Шығыс" ТК – сақалды құрылыстарды тірілту бағдарламасына алғашқы болып кірді. Өйткені ол еліміздегі үлескерлер саны бойынша ең ірі нысан. Бұл – тұтас шағынаудан.  

Кезінде сол жобаны бастаған ASI инвестициялық құрылыс компаниясының директоры Сергей Котляровтың үстінен қылмыстық іс те қозғалды. Бірақ артынша тоқтатылды. Ресми түсініктемеге сенсек, аудит ақша ұрлау дерегін әшкерелей алмаған. Ақша аз жиналып, құрылысты аяқтауға жетпегені мәлімделді. Содан пәтер иелерінің бір бөлігі бас қосып, "Шығыс" қоғамдық бірлестігін құрды. Оның құрылтайшыларының бірі Данияр Әбенов алып тұрғын үй алабындағы сатылмаған пәтерлер мен коммерциялық алаңдарды өткізіп, түскен қаржыға құрылысты аяқтауға табандады.

Әйтсе де, үлескердің қалған бөлігі құрылысты әкімдіктің аяқтауын қалап, ЕҚК сыртында өзге тұрғын үй кооперативінің құрылуына қарсы шықты. 

Дегенмен, әкімдік "Нұрлы жердің" 40 миллиарды барлық проблемалық нысандарды салып бітуге жетпейтініне сенімді. Оның есебінше, қаңтарылған елордалық құрылыстарды тегіс тәмамдау үшін шамамен 260 млрд теңге қажет. Демек ЕҚК-ға тендер жариялап, салушы компания іздеуге тура келуі ықтимал.

Нұр-Сұлтандағы алданған үлескерлердің ең үлкен үлесі – 3 мың 300-ден астамы ASI-дің "Шығыс" және "Жағалау" ТК-ларына тиесілі. Жұрт олардағы аса арзан бағаға қызығып алуға асыққан. Мысалы, "Шығыста" кең сарайдай 3 бөлмелі баспана 15-17 млн теңгеге таратылды. Ал бұл бағаға астана орталығында небәрі 1 бөлмелі пәтер ғана келеді.

Алда әкімдіктің уәкілетті ұйымы жалдаған сарапшылар осынша арзанға сатудың қаншалықты орынды болғанын тексереді. Нәтижесінде, "су-тегінге" баспана иеленген үлескерлерге қандай санкция қолданылатыны әзірге жария етілмеді.

"Үлескерлерден қосымша төлем жинау деген болмайды. Бірақ бұл алаяқтық іс-әрекеттер сипаты бар келісімшарттарға қатысты емес. Мұндай келісімдер бойынша бағалауды құзырлы органдар жүргізетін болады", – деп мәлім етті "Елорда құрылыс компаниясы".

Әкімдіктің дерегінше, 2019 жылы 2,5 үлескері бар 11 үй іске қосылған. Биылғы жылы 20 ТК қолданысқа беріліп, 7800-ден аса үлескер мәселесін шешу жоспарланып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу