Еліміздегі ең мықты жоғары оқу орындарының рейтингі жарияланды

Түлектер мен олардың ата-аналары университет таңдау кезінде білім беру қызметінің сапасына баса назар аудару керек. 

Еліміздегі ең мықты жоғары оқу орындарының рейтингі жарияланды

ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының 2021 жылғы рейтингін қорытындылады, деп жазды inbusiness.kz.

Зерттеуді аталған ведомствоның тапсырысы бойынша "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы жүргізді. Зерттеу қорытындысы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте жарияланды. 

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрайымы Гүлзат Көбенованың айтуынша жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары үш блокқа біріктірілген 19 талап бойынша бағаланған. Атап айтақанда, түлектердің мансаптық болашағы, білім беру бағдарламаларының сапасы және білім алушылардың жетістіктері ескерілген.  

"Зерттеу көрсеткендей, жұмыс берушілердің жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларының сапасы мен өзектілігіне қанағаттану көрсеткіші едәуір артқан. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 28%-ға өсті", – деді спикер. 

Рейтинг нәтижелеріне сүйенсек жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының 85%-ы жұмыс берушілермен келісілген. Бағдарламалардың 88%-ы аккредиттеуден өткен.

Жұмысқа орналасқан түлектердің саны өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артқан. Осылайша, былтыр жұмыспен қамту орташа есеппен 77%-ды құрады.

"Тәжірибеге бағдарланған мамандықтар үшін оқу процесіне де тәжірибесі бар оқытушыларды тарту бойынша оң үрдіс байқалады. Практик-оқытушылардың саны 75%-ға дейін артты. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР БҒМ отандық жоғары оқу орындарына штаттық қызметкерлер болып табылмайтын және ғылыми дәрежесі жоқ практик-мамандарды жұмысқа шақыру бойынша заңнамаға өзгерістер енгізген болатын", – деп түсіндірді Гүлзат Көбенова.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу тәжірибесі бойынша да жақсы көрсеткіштер байқалады. Оның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарында түлектердің 55%-ы білім алуда.

Білім беру жүйесін цифрландыру көрсеткіштері бойынша да айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген. Мәселен, жоғары оқу орындарының 90%-ында электронды кітапханалар бар, 87%-ы плагиатқа қарсы жүйені, 81%-ы прокторинг жүйесін енгізді.

Рейтинг-2021 қорытындысы бойынша: "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету" бағыты бойынша жетекші орынды С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ЖОО иеленді. Ал Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы аутсайдерлер қатарында.

Заң саласы бойынша М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті дәстүрлі түрде көш бастап келеді.

"Педагогикалық ғылымдар" бағыты бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алдыңғы орында тұр. Ал Шымкент қаласындағы А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, "Сырдария" университеті төменгі орында тұр.

"Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" бағыты бойынша ХАТУ, ал "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" бойынша – М. Қозыбаев атындағы СҚУ алдыңғы орында. "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика", "Өнер және гуманитарлық ғылымдар" және "Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат" сияқты үш бағыт бойынша Торайғыров университеті көш бастап келеді.

Еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасындағы жалпы рейтингте Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Торайғыров университеті, Қазақстан-Неміс университеті үздік атанды.

Бейінді ЖОО-лар арасында М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті үздік болды.

Сондай-ақ Қазақстан-Британ университеті, Нархоз университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, КИМЭП университеті сияқты жоғары оқу орындары алдыңғы қатарда.

Келесі жоғары оқу орындары әдеттегідей аутсайдерлер қатарында: академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, Орталық Азия инновациялық университеті, Сырдария университеті, Шымкент университеті.

"Рейтинг қорытындысы білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша жұмыс атқармаған жоғары оқу орындары аутсайдерлер қатарына қосылғанын көрсетіп отыр. Әдетте бұл университеттер білім беру бағдарламаларына инвестиция аз бөледі, практик-оқытушыларды аз жұмылдырады және жыл сайын ҰБТ/КТ-да төмен балл жинаған абитуриенттерді оқуға қабылдайды", – деді брифингте баяндама жасаған "Атамекен" ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.

Бұл ретте аутсайдерлер қатарына қосылған білім беру мекемелеріне қандай шаралар қолданылады?
"Оларға білім сапасын, оқу бағдарламасын жетілдіру бойынша ұсыныстар беріледі. Министрлік пен жұмыс берушілердің рейтингінде аутсайдер атанған ЖОО-лар әдетте кейін жұмысын тоқтататынын тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан түлектер мен олардың ата-аналарына университет таңдау кезінде білім беру қызметінің сапасына баса назар аудару керек екенін тағы да ескертеміз", – деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрайымы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу