Еліміздегі эпидимиологиялық ахуал қандай?

5028

Мамыр айының басында коронавирус жұқтырғандардың саны 2 мың адамға жетуі мүмкін.  

Еліміздегі эпидимиологиялық ахуал қандай?

 

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова елімізде коронавирус инфекциясының шарықтау шегі қашан болатынына қатысты болжаммен бөлісті.

"Ғылыми орталықтардың дайындаған болжамына сәйкес, Қазақстанда коронавирус инфекциясының шарықтау шегі сәуір айының соңына, мамыр айының басына тұспа-тұс келуі ықтимал. Ол кезде коронавирус жұқтырғандардың саны шамамен 2 мың адамға жетуі мүмкін", – деді Людмила Бюрабекова.

Дәл қазір вирус жұқтырған азаматтардың саны 979 адамға жетті. 110 науқас  жазылып шықты, ал 12 адам қайтыс болды.

Комитет төрағасының мәлімдеуінше, коронавирус инфекциясын анықтау бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тегін экспресс-тест алынып жатыр.

"Екі мегаполистің 3 136  тұрғыны экспресс-тесттен өтті. Оның 354-і автокөлік бекеттерінде, 2782-і медициналық ұйымдарда жасалды. 64 адамнан  антидене анықталды. Бұл адамдар коронавируспен ауырып, жазылып тұлғалар. Оларды ары қарай бекітілген алгоритм бойынша ПТР-тесттен өткіземіз", – деді Людмила Бюрабекова.

Оның сөзінше, елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың бестен бірі медицина қызметкерлері.

"Бүгінге дейін 211 медицина қызметкерінің коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Бұл ел бойынша осы ауруға шалдыққан науқастардың 20,5%. Науқастарға қатысты барлық дерек медициналық мекемелерде тіркелді", – деді ол.

Людмила Бюрабекованың баяндауынша, еліміздің 13 өңірінен медицина қызметкерлерінің инфекция жұқтырғаны анықталған. Дертке шалдыққандардың денін Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарының дәрігерлері құраған.

"Салалық ұйымдарда жұмыс істейтін 74 қызметкер инфекцияны науқастарға күтім жасау кезінде жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласының карантин

орталығында - 20, Қарағанды облысының провизорлық стационарында -10, Қарағанды облысында -10, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында - 10, жұқпалы аурулар ауруханаларында - 44, оның ішінде Алматыда  - 28, Нұр-Сұлтанда - 9, Атырауда - 4, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстарында -1 жағдай тіркелді", – деді комитет төрағасы.

медициналық орталығының - 7 қызметкерінен коронавирус инфекциясы анықталды",  – деді Людмила Бюрабекова.

Бұдан кейін комитет төрағасы медицина қызметкерлерінің жаппай коронавирус инфекциясын жұқтыруына кім кінәлі екенін мәлімдеді. 

"Медицина қызметкерлерінің коронавирус инфекциясын жұқтыруына медицина ұйымдарының басшылары мен жергілікті атқарушы билік кінәлі. Олар бас санитарлық дәрігердің бұйрығының тиісінше орындалуын қадағаламаған және қауіпсіздік шараларын ұйымдастырмаған", – деді Людмила Бюрабекова.

Комитет төрағасының айтуынша, медицина қызметкерлеріне 3 облыста ғана жайлы жағдай жасалған.

"Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында карантиндегі нысандарда науқастарды емдеп жатқан медицина қызметкерлерінің жұмыстан соң демалуына жағдай жасау қажеттігі нақтыланған. Алайда бұл талапты өңірлердің басым бөлігі күні бүгінге дейін орындамай отыр. Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары ғана медицина қызметкерлерінің жұмыстан соң демалуына жайлы жағдай жасаған. Қалған өңірлерде бұл мәселе шешілмеген", – деді Людмила Бюрабекова.

Осыдан соң комитет төрағасы Теміртауда медицина қызметкерлерінің сақтық шараларына атүсті қарайтынын бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың өзі әшкерелегенін айтты. 

"Медицина қызметкерлерінің сақтық деңгейінің төмен болып жатқанын атап өту керек. Мәселен бүгін мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Серікбайқызы Қарағанды облысына барған кезінде Теміртаудағы инфекциялық стационарға пациент ретінде кіріп шықты. Ондағы қызметкерлер пациентті тексеру барысында сақтық шараларын назардан тыс қалдырды. Науқасты жеке қауіпсіздік құралымен қамтамасыз етпей, қабылдау бөлімін аралатып, дәрігердің қарауына апарды", –  деді Людмила Бюрабекова

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу