Әсіресе, 2021 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін мәселенің өзектілігі, маңыздылығы тіптен арта түсті. Олай болмағанда қайтсін, бейбіт күнде оқ атылып, жазықсыз жандар жапа шекті. Майдан даласында емес, мектепте жеті оқушы, екі мұғалімнің өмірі қыршынынан қиылды.
Дүйім дүниені дүрліктірген қанды оқиғадан кейін біздің билік шұғыл іске кірісті. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстар сараланып, алға ауқымды міндеттер қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру мекемелерінде қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуге қатысты тапсырмасы негізінде Оқу-ағарту министрлігі тиісті ведостволармен бірлесіп бүгінге дейін біршама жұмыс атқарды. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, "бәле қайда деме, табан астында". Бұған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ.
Мысалы, осыдан тура бір жыл бұрын Петропавл қаласындағы №4 мектепте болған төтенше оқиға елдің есінен әлі шыға қойған жоқ. "Күйзеліс" диагнозымен психиатриялық есепте тұрған 15 жастағы оқушы бетперде киіп алып, мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш қатарласын жарақаттағаны белгілі. Жағымсыз оқиғадан кейін Үкімет мектептердің кіреберісіндегі бақылауды күшейтіп, бейнекамераны көбейтуді тапсырды.
Ал жуырда ғана, яғни 24 қаңтар күні "Telegram" арналарының бірінде белгісіз біреу Ақтөбе мектептерінде террорлық сипаттағы іс-әрекет жасайтынын айтып, қару-жарақтың суретін жариялады. Хабарламада ондаған мектеп пен екі ойын-сауық орталығының тізімі көрсетілген. Ал, атысты 25 қаңтар күні №21 және №27 мектептерден бастайтындарын, өздерінің 20 адам екенін мәлімдеген. "Telegram" арнаға санаулы сағатта жүздеген жазылушы тіркеліп үлгерген. Ақтөбеліктердің үрейін ұшырып, табанынан тік тұрғызған күдікті бір күннен кейін құрықталды. Әлеуметтік желі арқылы елді әбігерге салған шет елдің 18 жастағы тұрғыны болып шықты.
Жалпы мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Шет елді айтпағанның өзінде еліміздегі білім ошақтарында жыл сайын түрлі оқыс оқиғалар орын алып жатады. Сондықтан Президент мектептердің қауіпсіздігін еліміздегі ең маңызды мәселелердің қатарына жатқызып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын ұдайы бақылауында ұстап отырады.
Мәселен, Мемлекет басшысы өткен жылы Республикалық педагогтер съезіндегі баяндамасында мектеп ең қауіпсіз жерге айналуы керек екенін айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
"Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс. Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе, көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ, жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс", – деді сонда Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тапсырмасы аясында тиісті шаралар қабылданып, кешенді жұмыстар атқарылуда. Оқу-ағарту министрлігі Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымы басқармасының басшысы Тимур Кастугановтың айтуынша, еліміздегі білім беру ұйымдары 100 пайыз қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген.
– Заңнамалық деңгейде министрлік білім беру объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын ең төменгі талаптарды айқындады (ҚР БҒМ 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығы).
Бұл құқықтық акт білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын ең төменгі талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес нұсқаулық талаптарының сақталуын бақылауды ішкі істер органдары жүзеге асырады.
Бүгінгі таңда білім беру ұйымдары 100 пайыз қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген.
Нұсқаулыққа сәйкес, қауіпсіздік жүйелеріне мыналар жатады:
- бейнебақылау камералары және оларды ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосу;
- ескерту жүйесі;
- күзет ұйымдарының пультіне қосылған дабыл түймесі;
- ірі қалаларда орналасқан білім беру ұйымдары үшін турникеттердің және күзет ұйымдарымен шарттың болуы туралы талап көзделген.
Айта кету керек, министрлік қауіпсіздік жүйелерімен техникалық жарақтандыруға ғана емес, сонымен қатар білім беру ұйымының персоналын түрлі төтенше жағдайларға дайындау мәселесіне де назар аударады. Осылайша, 2023 жылдың қыркүйек айында қызметкерлердің дағдылары мен білімін арттыру мақсатында республикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Аталған оқу-жаттығуларға 3 миллионнан астам оқушы мен 500 мың педагог қатысты, – дейді Тимур Кастуганов.
Министрліктің Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Марлен Қасенов өткен жылы шағын қалалар мен ауылдардағы 1 008 мектепте инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілгенін айтады.
Ауыл мектептерін жаңғырту жобасында күрделі немесе ағымдағы жөндеу, пән кабинеттерімен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханаларды, асханаларды, қауіпсіздік жағдайларын жақсарту және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету көзделген. Бастысы – мектептерді балалар үшін ең жайлы және қауіпсіз орынға айналдыру.
– Жаңғырту аясында 653 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 612 заманауи пәндік кабинеттер орнатылды. 587 – мектепте жиһаз, 771 мектепте кітапхана жаңартылды, 263 мектепте асхана жаңғыртылды. 715 мектепте қауіпсіздік жағдайы жақсартылды, – деген Марлен Қасенов 2025 жылға қарай 5 мың ауыл мектебін жаңғырту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Министрлік мамандарының ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, оқушылардың қауіпсіздігіне байланысты алаңдайтындай мәселе жоқ. Бәрі бақылауда. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жүйеге түскен. Осы ретте бірқатар облыс, қалалардағы білім басқармаларының басшыларымен де тілдесіп, өңірлердегі ахуалмен де танысқанды жөн көрдік.
Айталық, Жамбыл облысында барлық мемлекеттік білім беру нысандары бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Екінші және үшінші санаттағы барлық білім беру мекемелері дабыл түймесімен қамтамасыз етілген. Облыс орталығында орналасқан, білім алушылар мен қызметкерлер саны 700 адамнан асатын барлық оқу орындары мамандандырылған күзетпен қамтылған.
Сол секілді Шымкент қаласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы талаптарға сәйкес бейнебақылау жүйелері және "SOS" дабыл батырмалары толығымен орнатылған. Бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары Шымкент қаласының полиция департаментінің жедел басқару орталығына интеграцияланған.
Одан бөлек қаладағы барлық мектептерге өткізу жүйесі (турникет) 100 пайыз орнатылып, I дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету үшін келісімшарттар түзілген. Арнайы бекітілген полиция инспекторлары оқушылардың сабаққа келіп-кету қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті таңертеңгі, түскі және кешкі ауысым кезінде мектептердің алдында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында қызмет атқаруда. 2022-2023 оқу жылында мектеп ішінде және мектепке жататын аумақта оқушылармен және оқушыларға қатысты қылмыс орын алмаған.
Әрине, естіп-білген бір бөлек, көзбен көрген бір бөлек. Жауаптылардың сөзінің қаншалықты шындыққа жанасатынын білмек ниетте Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияға арнасы бардық. Тарихы терең, тағылымы ерен білім ошағының ауласына енгеннен-ақ ғимараттың тұс-тұсындағы бейнебақылау камералары көзге шалынды. Ал білім ордасының табалдырығын аттағанда қарсы алған вахтерлар кімге келгенімізді тәптіштеп сұрап, арнайы дәптеріне аты-жөнімізді тіркеп алды. Содан кейін ғана қолымызға рұқсатнама қағазын ұстатып, турникетті ашып беріп, директордың кабинетіне жол сілтеп жіберді.
Мектеп-гимназияның директоры Мұрат Тұрысбектің айтуынша, білім ошағында қауіпсіздікке ерекше мән берілген. Турникет орнатылған. Турникеттен бет-әлпетті түсіру, саусақ ізі арқылы және "TulрarCаrd" карточкасы арқылы ғана өтуге болады. Мектеп қызметкерлері мен оқушылардан басқа бөгде адамдар рұқсатнама арқылы ғана кіреді. Мектеп ішінде және сыртында барлығы 32 бейнебақылау камерасы орнатылған. Камераларды мектеп инспекторы, кіші қызметкерлер (лаборант) бекітілген кезекшілік бойынша тұрақты бақылап отырады. Ал бейнежазбалар бір айдан аса уақыт сақталады екен.
Ал көтеріп отырған мәселемізге байланысты қоғам белсендісі Марат Қожабековтен пікір сұрағанымызда бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау мақсатында көп жұмыс атқарылып жатқанын көзіміз көріп жүр. Жоққа шығаруға болмайды. Дейтұрғанмен бір мәселені естен шығаруға болмайды. Біз көбіне қандай да бір оқыс оқиға болғаннан кейін әрекет етіп, "жау кеткеннен кейін қылышымызды тасқа шауып" жүреміз. Сондықтан әр тоқсан сайын еліміздегі барлық білім беру мекемелеріне тұрақты түрде зерделеу жұмыстарын жүргізіп тұру керек деп есептеймін. Рас, мектептердің барлығы бейнебақылау камераларымен, басқа да қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бірақ сапасы қандай? Мойындау керек, көзбояушылық үшін жасалғандары да аз емес. Бастысы есепте бар. Егер оқушылар демалысқа кетіп, жаңа тоқсан басталатын кезде барлық мектепті бір тексеріп шығатын болса, көптеген мәселенің алдын алған болар едік, – М.Қожабеков.
Қоғам белсендісінің ойы құптауға тұрарлықтай. Себебі, "мәселе айсберг секілді, ешқашан толық көрінбейді".
Сондықтан алтын ұя мектептеріміз оқушылардың шат-шадыман күлкісіне көміліп тұруы үшін алдын алу жұмыстарын дұрыс үйлестіріп, кейін қапы қалмас үшін қам-қарекет жасау аса маңызды.