Еліміздің әрбір сегізінші тұрғыны кедей

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1463

Несиенің пайызын төмендетіп, "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қабылдау қажет. 

Еліміздің әрбір сегізінші тұрғыны кедей

Дүниежүзілік банктің дерегінше, кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың саны 800 мыңға артып, 2 млн 300 мың адамнан асты. Бұл – еліміздің әрбір сегізінші азаматы кедей деген сөз.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің пікірінше, мұнай өндіріп отырған мемлекетте бұлай болуға тиісті емес. Қазіргі жағдай қорқынышты әрі қауіпті.

"Кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан адамдарға несие рақымшылығын жасау олардың берешекке батуының нақты себебін шешпейді. Кедейлік  жойылмайынша рақымшылық туралы мәселе жыл сайын қайталана береді. Былтыр аз қамтылған азаматтардың 106 млрд теңгеге жуық қарызы есептен шығарылды. Алайда мәселенің түйіні тарқамады, керісінше шиеленісе түсті. Өйткені оның себебі жойылған жоқ", – деді депутат.

Азат Перуашевтің сөзінше, жағдайды жақсарту үшін Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі базалық мөлшерлемені төмендетіп, екінші деңгейлі банктерге жоғары пайыздық мөлшерлемемен несие беруге тыйым салуы керек. Ал қаржы министрлігі төлем қабілеті жоқ отбасылардың баспаналары мен әлеуметтік кепілдіктерін сақтап, несие берушілерден қорғау үшін "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қабылдауға бастамашы болуға тиіс.

"2013 жылдан бастап үкіметте "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қабылдау туралы мәселе көтеріп келеміз. Жыл сайын әртүрлі жағдайға сілтеме жасалады. Мысалы 2013 жылы қаржы министрлігі бұл сұрақ қолданысқа жалпыға ортақ декларациялау енгізілгеннен кейін, яғни 2016-2017 жылдар аралығында қарастырылатын хабарлады. 2014 жылы үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы институтын енгізу мәселесі бойынша заң жобасының тұжырымдамасы әзірленетінін алға тартты. Екі-үш айдан соң 2021 жыл басталады. Жалпыға ортақ декларациялау жобасы жүзеге асқан жоқ. Тұжырымдаманы да, заңды да көрген жоқпыз. Ал адамдар банкротқа ұшырап, банктерден қорғауды сұрап жатыр. 2015 жылы фракция атынан "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірледік. Үкімет оны қаржы министрлігі "Жеке тұлғаларға қатысты ұқсас шараларды көздейтін заң әзірленуде" деген сылтаумен қабылдамады. 2019 жылы мәселені шешуге бағытталған тағы бір әрекетімізге үкімет: "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы" заң жобасы әзірленді"  – деп жауап берді. Бірақ ондай заң парламентке түскен жоқ", – деді Азат Перуашев.

Депутаттың айтуынша, ел азаматтарына берілетін кез келген қарыздың мөлшерлемесін 7-8%-дан асырмау керек. Сонда халық кедейліктің қамытын кимейді.

"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірлеп, қолданысқа беруді сұраймыз. Бұлай болмаса, несие рақымшылығына қатысты талап  тұрақты болады. Салдарынан қаржы жүйесі бұзылады. Сәйкесінше осы уақытқа дейін банк алдындағы міндеттемесін тиісінше орындауға тырысқан азаматтар қарызын қайтарудан бас тартуы мүмкін", – деді Азат Перуашев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу