Елімізде интернет жылдамдығы халықаралық стандартқа сай емес

3955

Халықты интернетпен қамту деңгейі – 99 пайыз. Бірақ бұл сапасы да сондай жақсы дегенді білдірмейді.

Елімізде интернет жылдамдығы халықаралық стандартқа сай емес Фото: egemen.kz

Қазақстан мобильді интернет байланысын жақсы дамытып келеді. Дегенмен алыс елді мекендерде атқаратын жұмыс баршылық. Халықаралық электрбайланыс одағы ТМД аумақтық бөлімінің директоры Наталья Мочу осындай пікір айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ресми статистикада, Мочудың айтуынша, елдің интернетпен қамтылуы жақсы көрсеткішке ие. Көрсеткіш 2020-2021 жылдары пандемия кезінде жақсара түскен. 3G интернет желісі 100 пайыз бар деуге болады. Ал 4G интернет желісі – 97 пайыз шамасында. Бұл, әлбетте, оның сапасы да сондай жоғары деңгейде дегенді білдірмейді.

"Интернет сапасын арттыруға Қазақстан әлеуеті бар. Дегенмен қолда бар мәліметтерді айта кетейін. Халықтың жартысынан (елу пайыздан төмен) аз бөлігі талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған нүктеден он километрден артық қашықтықта тұрады. Сондықтан оптиканы ірі, орта және тіпті шағын елді мекендерге міндетті түрде жеткізу керек деп есептейміз", – деді ол астанада "Цифрлық Қазақстанның" болашағын талқылауға арналған Towards a connected Kazakhstan атты іс-шарада. 

Оған журналистер "елде интернет сапасы қандай?" деген сауал қойды.

"Сапа дегеніміз қандай жылдамдықтағы интернет туралы сұрағаныңызға байланысты. Егер секундына 10 Мбитке дейінгіні айтсақ, онда негізінен толық қамтамасыз етілген. Ал 10 мбит/с-дан асатын жылдамдықты айтар болсақ, аумақта жаппай жақсы деңгей байқалмайды. Яғни жоғарыда айтқанымдай, халықтың 50 пайызына жетпейтін бөлігі онымен қамтылмаған. Ал мектеп пен әлеуметтік нысандарға келсек, онда жаһандық көрсеткіш бойынша, 20 мбит/с және одан жоғары болуы керек. Бұл тұрғыда Қазақстанда деңгей төмен. Менің ойымша, үкімет те мұны жүзеге асыру керегін біледі. Бүгінгідей презентациялар халыққа үкіметтің аталмыш бағытта не істеп жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Әрине, біздің өңірде барлық жерде атқаратын шаруа бар екенін білеміз. Бәрі жақсы деп айта алмаймыз. Қазақстан қажетті деңгейге жетеді деп үміттенеміз", – деді Мочу.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министр Асқат Оразбек те интернетпен қамту көрсеткіші оның сапасы да сондай деңгейде дегенді білдірмейтінін айтады.

"Мысалы, астанада барлық жолда асфальт төселген. Бірақ барлығы мінсіз бе? Бұл да сол секілді", – дейді ол.

"Мен жалпы еліміз бойынша интернетпен қамту көрсеткіші 99 пайыз екенін айттым. Бірақ сапаға келгенде мәселе бар екенін жасырмаймын. Тіпті ауылдық жер емес, қалалық елді мекендерде де проблема бар. Сондықтан да биыл әкімшілік айыппұл көлемін ұлғайттық. Сонымен бірге шекті мәнді арттырдық, яғни 3G үшін тағы бір мбит/с, 4G үшін тағы бес мбит/с қостық", – деді Асқат Оразбек.

Оның айтуынша, интернет сапасы бойынша халықтан алғаш шағым түскен кезде шынымен сапасы нашар екені анықталса, байланыс операторына 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Екінші рет бұзушылық анықталса, яғни бірінші кемшілікті жоймаған жағдайда, айыппұл 1,5 мың АЕК болады. 

"Былтыр операторлар 135 млн теңге айыппұл төледі. Жалпы 500-ден астам шағым түсіп, сол шамада заң бұзушылық тіркелді", – деді вице-министр.

Алайда министрлік интернет сапасы қай деңгейде екені жөнінде нақты есептеу жүргізбегенге ұқсайды. Осыған қатысты сұраққа, жоғарыда "елді 99 пайыз интернетпен қамтыдық" деп айтқаны секілді, нақты жауап бере алмады.

"Сапасыздық деңгейі төмен деп ойлаймын",  деп жеке пікірін ғана үстеді.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу