Елорда іргесіндегі ауыл жарылыстан көз ашпауда

2179

Есілдің тартыла бастауы ауылға қосымша соққы болды.  

Елорда іргесіндегі ауыл жарылыстан көз ашпауда

Энциклопедияларға жүгінсек, Ақмола облысының Аршалы ауданындағы "Волгодоновка" ауылының іргесі 1913 жылы қаланыпты. Бұл жерге Ресейдегі Саратов губерниясының Дон өңірінен қоныс аударған "переселендер" орналастырылды. Атауы да содан туған.

Онда мыңнан аса адам ғана тұрады. Олар кезінде "Астана кеңейе келе, осы аумаққа дейін жетеді" деп күтсе керек. Бірақ олай болмады.

"Волгодоновка" Есіл өзенінің сол жағалауында, елорда су ішетін "Астана" (Вячеслав) су қоймасынан 8 шақырымдай жерде орын тепкен.

Бас қала жақтан еш қайыр болмаған соң, тұрғындар Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа қайта шағыммен жүгінді. Жұртшылық биліктен жыл өткен сайын әрі-ажары кетіп бара жатқан ауылдың ахуалына назар аударуды сұрайды.

"Біздің "Волгодоновка" кенті Нұр-Сұлтан қаласының отыз шақырымдық даму аймағына кіреді. Республикамыздың бас қаласына жақын орналасқанына қарамастан, елді мекеннің жағдайы сын көтермейді, көзге жас келтіреді. Оның проблемалары бастан асады, жыл сайын одан әрі қордалануда. Ұйымдастырушылық, демографиялық, инфрақұрылымдық, күрделі экологиялық мәселелер жетерлік. Соның ең құрығанда бастыларына көңіл бөліп, шешімін табуды, шара қабылдауды сұраймыз", – деді ауыл тұрғындары атынан Ольга Халанская.

Тұрғындарды әсіресе, экологиялық түйткілдер қатты алаңдатады.  Мысалы, кейінгі жылдары Есіл өзені тартыла, таяздана бастапты. Бұл қоршаған ортаның өзгеруіне соқтырған. Өсімдік түрлерінің әралуандылығына нұқсан келген. Бұлай бара берсе, өңір шөлейтті аймаққа айналып кетуі ғажап емес. Жерасты суларының суалуы процесі жүруде. Салдарынан, жергілікті тұрғындар су көздерінен қол үзді.  

Ауылдықтар ауыз судан ғана емес, таза ауадан "айырылып" қалған.

"Күрделі экологиялық ахуалдың негізгі факторларының арасында ауаның ластануын атап өткіміз келеді. Демалу қиындады. Волгодондықтар тыныс алу жүйелері ауруларымен, қатерлі ісік дерттерімен сырқаттануда. Қалыптасқан жағдайға шақпақтас, қиыршықтас, құм секілді құрылыс материалдарын өндіретін "Нефрит-Голд" ЖШС-ның белсенді қызметі негізгі себеп болып отыр. Табиғи ресурстарды өндіріп, қазба байлықтар есебінен байып жатқан жеке компания техникалық және экологиялық регламенттер мен талаптарды жиі аяқасты етеді. Тек сирек жағдайда тексерушілер келердің алдында стандарттарды сақтауға ден қояды", – дейді О.Халанская.

Тұрғындарды жер қойнауын пайдаланушының жаңа карьерлері елді мекенге жыл өткен жайын тақап келе жатқаны алаңдатады: 500–700 метрге дейін таяп қалыпты.

"Ол ірі габаритті жыныстар мен рудаларды жарумен айналысады. Жарылыс салдарынан жер қыртысына зақым келуде: кент тұрғындарының үйлері мен сарай, қора-қопсыларының қабырғалары қақырап, қирауда. Бұл сондай-ақ жерастыру суларының және ауыз судың тым тереңге кетуіне, суалуына соқтыруда. Бұған қоса, карьерлерде жүйелі жүзеге асырылатын жарылыстар, ірі габаритті қазба материалдарды арнайы қондырғыларда ұсақтап, уақтау шаралары кесірінен зиянды заттар мен шаң-тозаң ауаға тарап, жан-жаққа жайылады. Бұл қоршаған ортаны ластап, кент тұрғындарының денсаулығына залалын тигізуде: аллергиялық, түберкүлез және онкологиялық аурулардың тууына түрткі", – дейді тұрғын.

Сонымен бірге "Волгодоновка" инфрақұрылымға мұқтаж. Нұр-Сұлтанға бет алатын үлкен трассамен ауылды 5 шақырымдық автожол жалғайды. Бұл жолдың біраздан жөндеу көрмеген "Волгодоновка–Бабатай" телімі облыстық маңыздағы жол мәртебесіне сай емес, одан гөрі "даладағы қара жолға" көбірек келеді. 

Ауылдықтар бұған да кен өндірушіні кінәлайды: тұрғындар жазғы уақытта осы жолмен тәулігіне 400-ден астам көптонналық алып жүк көліктерінің әрлі-берлі өткенін санап, тіркепті. Олар жолдың қалған жұрнағын ары қарай езіп, жермен-жексен етуде.

Жұртшылықтың шағымдануынша, карьерлерге бет алған ірі жүк көліктері кейде жол ережелерін және жол белгілерінің талабын сақтамай, кент ішінен кесіп өтетінді шығарған. Сөйтіп, елді мекеннің ішіндегі жолдарды да бүлдіреді. Тұрғындар кент ішіндегі көшелер жиырма жылдан бері жөндем жөндеу көрмегенін айтады.

"Волгодоновкалықтар" балабақшаның және балаларға арналған үйірмелердің жоқтығына да назаланады. Қазіргі кезде тұрғындар "кент" атайтын бұл ауылда 100-ден астам мектепке дейінгі жастағы бүлдіршін бар. Олар мектепке дейінгі білім алу, тұлғалық даму және мемлекеттік тілді үйрену мүмкіндігінен құралақан қалды.

Елорданың дәл іргесіндегі ауылдың жағдайы осындай болса, шекаралас облыстардағы жағдайдың қаншалықты аянышты екенін бағамдай беруге болады.

Қариялар балабақша болмаған соң, жастардың жаппай астанаға кетіп жатқанын жеткізді. Кентте егде жастағы адамдардың үлесі артты. "Осыдан демографиялық жағдайымыз күрделі", – деп күрсінеді олар.

Мұндай ауылға жас мамандар қызықпайды екен.

"Жастардың кетуі, тұрғындардың қартаюы, балабақшаның жоқтығы кесірінен "Волгодоновка" жас кадрлар үшін тартымды болмай тұр. Біз әртүрлі инстанцияларға – Волгодоновка ауылдық округінің, Аршалы ауданының, Ақмола облысының әкімдіктеріне, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, облыстық Экология, Мектепке дейінгі білім беру, Көліктік бақылау департменттеріне, прокуратураға әлденеше рет шағымдандық, нәтиже шығар емес. БАҚ-қа жүгініп отырмыз. Ең құрығанда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында билік ауылға да назар аудара ма деп үміттенеміз", – дейді тұрғындар.

Билік ара-тұра бұл елді мекенге назар аударған сыңай танытады. Мысалы, төтенше жағдаймен күресуші құрылымдар қардың еруіне байланысты су тасқынының алдын алу үшін биылғы наурыз айында "Волгодоновкада" рейд жүргізіпті. Нәтижесінде, ТЖД мамандары әкімдікке бұл ауылдың қызыл судың келуіне дайын еместігі туралы ескерту хат ұстатып кеткен.

Бірақ сусырап отырған ауылдың басты "бас ауруы" бұл емес.

Бұдан бөлек, осы сәуір айының басында Аршалы ауданының әкімі Айдар Байманов Аршалы аудандық ауруханасының бас дәрігері А.Анюхинамен бірге "Волгодонов ауылдық округіне" жұмыс сапарымен барып қайтқан. Онда "құрылыстың перспективті жоспарына" сәйкес фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған. Ал Волгодоновка ауылына және Бабатай станциясына, Қойгелді ауылына, 42 разъезге қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория Арнасай ауылдық округінде бой көтереді деп жоспарлануда.

Ауылда басқа түгіл, дүние салған тұрғындарды лайықты жерлейтін жер тапшы деседі. Содан былтырғы жыл соңында Волгодонов ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Алпысбеков жергілікті қауымдастық жиналысында бірқатар бюджеттік бағдарламалардан үнемделген 180 мың теңгедей қаражатты "Волгодоновка ауылындағы 3 гектарлық мұсылман зиратына жоба жасауға, шекара белгілеуге және құқық белгілейтін жер актісін дайындауға" бөлуді ұсыныпты. Жұртшылық ұсынысты құптаған.

Жалпы, елордаға жақын отырғанымен, бұл елді мекендер кедей саналады. Мысалы, "Волгодоновка" ауылын айтпағанның өзінде, ол бағынатын Волгодонов ауылдық округінің 2021 жылғы бекітілген бюджеті 272,7 миллион теңгені ғана құрайды. Яғни, елордадағы шағын бір кәсіпорынның бюджетіне ғана тең.

Жалпы, демография, экология және кедейшілік – еліміздегі көптеген ауылдың басты мәселесі саналады.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу