Аралға он үш жыл бойы егілген сексеуілдің көбі қурап қалған

3766

Соған қарамастан, Үкімет ол жақта көшет отырғызу көлемін күрт арттырмақ. Бұл ретте біздің билік...  

Аралға он үш жыл бойы егілген сексеуілдің көбі қурап қалған

...Өзбектердің ісі озық екенін енді түсінді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Арал теңізінің құрғаған табанында отырғызылатын сексеуіл көлемін арттыруда. Ғалымдардың айтуынша, әзірге теңіз ұлтанынан тұз бен құмның бұрқырай ұшып, елге және әлемге таралуына тосқауыл қоюдың экологиялық тиімді және қауіпсіз жолы – байырғы өсімдіктерді егу болып отыр. Шөлдің өсімдігі саналатын сексеуіл құм мен тұзды жақтырады. Бұл шағын ағаштар топырақты тұрақтандырады, құмның көшуін тоқтатады. Арал теңізінің құрғап қалған табаны 6 миллион гектарды құрайды, соның 2,2 миллионы – Қазақстан жағында.

Қазақстан 2008 жылдан бері 195 мың гектардан астам жерге сексеуіл және басқа да галафиттік, яғни шөлейтті жерлерге бейімделген өсімдіктерді еккен. Бұған жалпы сомасы қанша қаражат бөлінгені, миллиардтардың қаншалықты тиімді жұмсалғаны белгісіз. Өйткені бұл сала содан бергі он үш жыл ішінде бір меморганнан екіншісіне көшумен болған. Ұштығын тауып, кінәліні жазалау қиын.

Ал жергілікті Арал ауданының тұрғындары болса, жаппай егілген сексеуілдің көбі тез қурап қалатынына, жерсіну үлесі тым аз екеніне назар аударып келеді. Оның үстіне жергілікті билік шөбі болса да, сексеуіл отырғызылған жерде мал жаюға рұқсат етпейді екен. Заңмен тыйым салынған. Осылай шенеуніктер бұқарадан қызғыштай қорғаған өсімдіктер босқа қурап жатқанына жергілікті жұртшылықтың іші қыж-қыж қайнайды.

Адам мен жануарлар денсаулығына зиян, улы құм дауылдардың соғуы тиылмаған көрінеді. Жыл сайын құрғақ теңіз түбінен 100-150 миллион тоннаға дейін тұз бен улы шаң көтеріліп, мыңдаған шақырымдарға айналаға таралады.  

Сорақысы сол, осы мақсатта Дүниежүзілік банктен кредит қаражат алынған. Яғни қурап қалған көшеттер үшін келер ұрпаққа есептесуге тура келеді. Бұған қоса, республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты шығындалуда. Сондай-ақ Жаһандық экологиялық қордың грант қаражаты жұмсалып кеткен.

Аралдағы экологиялық апат аймағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Теңіз табанындағы құрғаған жерлерді ормандандыру үшін Мемлекет басшысының елде 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасы аясында билік 2025 жылға дейін теңіз табанында 213 мың гектар аумаққа сексеуіл егуді жоспарлап отыр.

Алайда бұрынғы Экология министрлігі Мағзұм Мырзағалиев мұны "жеткіліксіз" деп мәлімдегені есте.

Сондықтан министрлік Арал табанында сексеуіл отырғызудың арнайы бағдарламасын қабылдауға ұсыныс жасап отыр. Сондай-ақ Қазақстан көршілес Өзбекстан мемлекетімен осы жұмыс аясында тәжірибе алмасуға бел буды. Себебі Өзбекстанда сексеуілдің жерсініп, өсіп-өнуі (приживаемось) әлдеқайда жоғары – 60-70%-ға дейін барады. Қазақстанда бұл көрсеткіш небары 40% ғана.

Жалпы Арал теңізінің құрғап қалған бөлігіне жыл аяғына дейін 1 миллион 800 мыңнан аса сексеуіл егіледі деп жоспарланған. Оның қаншасы құрғап, қанша ел қаржысы желге ұшатыны белгісіз.

Билік не дейді?

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова Қазақстан егетін сексеуілдің жерсіну көрсеткіші төмен екенін жасырып жатпады.

"Арал теңізінің құрғауынан туындаған экологиялық апат бүкіл өңірге теріс ықпалын тигізуде. Жыл сайын теңіз табанынан 100 миллион тоннадан астам тұз бен шаң көтеріліп, жүздеген шақырымға таралады. Борпылдақ тұзды топырақты және көшпелі құмды тұрақтандырудың барынша қолайлы, экологиялық қауіпсіз әрі экономикалық тиімді тәсілі – фитоорманмелиорация, яғни құрғаған ұлтанға жергілікті өсімдіктер отырғызу. Осы мақсатта Дүниежүзілік банктің "Республика аумағындағы орманды сақтау және ормандануын арттыру" жобасы бойынша 2008 жылдан 2014 жылды қоса алғанда, Аралдағы жалпы ауданы 57 мың 390 гектар жерде орманмелиоративтік өсімдіктер егу жұмыстары жүргізілді", – деді вице-министр.

Нақтылай кетсек, соның ішінде 47 337 гектар жерге көшет күйінде орман отырғызылған. Тағы 10 053 гектар жерге сексеуіл тұқымы егілген.

"Орман өсіру бағытындағы бұл іс-шаралар тұзды теңіздің табанында жүргізілгендіктен және ол жердегі топырақ құмайт, сазды болғандықтан, ал үстінен кристалды тұзбен жабылып тұрғандықтан, өсімдіктердің орташа жерсінуі 40%-ды құрады", – деді Ә. Шалабекова.

Ол биылғы сәуірде Президент Қ. Тоқаев елдегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрғаған бөлігінде фитоорманмелиоративтік жұмыстар жүргізу міндетін қойғанын еске салды. Осыған сәйкес, 2025 жылға дейін жалпы ауданы 1,1 миллион гектар жерде сексеуіл отырғызылатын болады.

2021 жыл соңына дейін 100 мың гектар, ары қарай 2025 жылға дейін жыл сайын 250 мың гектар алаңда сексеуіл егіледі.

Бұл ретте өсімдік егу тәсілі өзгермек. Себебі көшет түрінде отырғызылған сексеуілдің жартысынан көбі қурап қала бергені мәлім. Сондықтан енді Қазақстан Өзбекстанның тәсіліне жүгінбек. Сексеуіл тұқымын ұшақтан себетін болады.

"Өзбекстан 3 жыл ішінде 1,5 миллионнан астам гектарда орман өсіріп шықты. Осы орайда Өзбекстанның Арал түбінің өзіне тиесілі бөлігінде кең ауқымды орман отырғызу жұмыстарын жүргізіп, оң нәтижеге жеткенін, сондай-ақ бізде де жұмыс көлемінің ауқымды екенін ескере келе, біз тұңғыш рет сексеуіл тұқымын аэрошашуды жүзеге асыратын боламыз", – деді экология вице-министрі Ә. Шалабекова.

Негізі, осы істе мол тәжірибе жинаған өзбек ғалымдары мен мамандары көп. Оларды елімізге тарту жолдарын қарастыруға болады. Мамандардың айтуынша, сексеуілді аэросебу үшін ең қолайлы уақыт – желтоқсаннан бастап, ақпанның бірінші жартысын, сондай-ақ наурызға дейінгі аралықты қамтиды екен. Ары қарай құмның беті кеуіп, тұқым өнбейді немесе өркендер ылғал жеткіліксіздігінен қурап қалады. Өзбектер ұшақтардан сексеуілді қардың үстіне де себеді. Көктемде күн жылығанда ол тұқым қармен бірге жерге өзі сіңетін әрі көктейтін көрінеді. Өркен жайған тұқым 3 ай бойы тіршілік қабілетін сақтайды, ары қарай құм түбіне тамырын жаяды.

Аралды көгалдандыруда өзбектердің тәсілі тиімді екенін түсіну үшін біздің шенеуніктерге 13 жылдай уақыт қажет болғаны қынжылтады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу