Елордада "қаржы пирамидасына" айналған үй айналасында тағы шу шықты

7212

Үлескерлер қысымына шыдамаса керек, бұл жолы құрылыс салушының өзі әкім Алтай Көлгіновке шағымданды.

Елордада "қаржы пирамидасына" айналған үй айналасында тағы шу шықты Фото: informburo.kz

Нұр-Сұлтанда "қала ішіндегі қала" атанған алып "Шығыс" тұрғын үй алабы үлескерлерінің тағдыр теперішін көргеніне он жыл өтті. Он блок-үйден тұратын бұл алаптағы баспана кезінде аса арзанға сатылды. Халық әр өңірден естіп келіп, жапатармағай алып жатты.

"Котляров бұл үйлерді "қаржы пирамидасына" айналдырып жіберді. Бір пәтерді бірнеше адамға сатқан. Үйлерімізді 27 кредиторға кепілге қойған. Үлескерлердің дерегінше, елдің 30 млрд теңге ақшасын ұрлаған. Алданған үлескерлер саны ондаған мыңға жетті.

Мен "Шығыс 1АВ" үлескерімін, 2012 жылы ақшамды салдым. 2013 жылы пәтерлер берілуге тиіс еді, берілмеді. Котляров 2013 жылы 1 А, Б, В блоктарының қораптарын тұрғызды. 2015 жылы көз қылып, 1Б-ны іске қосты. Онда мемлекеттік пәтерлер көп еді. Осы кезде 2А, В, 3А, В, 4-ші, 5-ші топтарды сатты. 2012 жылдан бері 15 үйдің тек біреуін ғана қолданысқа берген", – дейді үлескердің бірі Роза есімді белсенді.

Сөз болып отырған белгілі елордалық бизнесмен, "KAONTECH International" ЖШС директоры Сергей Котляровқа қатысты 2021 жылғы 4 тамызда үкім шықты. Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданының №2 соты "Шығыста" 2014-2018 жылдары бір пәтерді бірнеше үлескерге сатқаны үшін "аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады" деп айыпталған (Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлімінің 2-тармағымен) Котляровты 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Судья оның егде тартқанын ескеріпті. Алаяқ зейнет жасына, 63-ке жеткен. Үлескерлер оның "Жағалау" тұрғын үй алабында да көптеген клиенттерін алдап соққанын айтып жүр.

Астанадағы әлемге мәшһүр (Гиннес кітабына енген) "Хан Шатыр" сауда ойын-сауық орталығының іргесінде қанат жайған "Шығыс" тұрғын үй алабының құрылысы қазір әкімдіктің "Елорда Құрылыс Компаниясы" ЖШС арқылы бюджеттік миллиардтарға салынуда.

Нұр-Сұлтан әкімдігі 2021 жылғы желтоқсанда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай "шығыстықтардың" бір бөлігіне – 1 047 үлескерге пәтер кілттерін табыстады. Қалған 1 058 отбасы баспанасын зарыға күтуін жалғастырды.

"4-ші және 5-ші кезектегі "Шығыс" ТК-нің қалған үлескерлерінің мәселелерін "Қоныстандыру" жобасы аясында инвесторлармен және банктермен арада бекітілген келісім арқылы шешу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, "Шығыстың" 4-ші, 5-ші кезектері және 2Б, сондай-ақ "Жағалау-4"-тің полигон 1, полигон 2 тұрғын үйлерінің үлескерлері "Шығыстың" дайын объектілеріне, 3А және 3Б-ға қоныстандырылады", – деп мәлімет берді елорда әкімдігі.

Құрылыс салушыларға қарай қаражат тасқыны басталды

"Мемлекет біздің үйлеріміздің құрылысын бюджет қаржысына аяқтап жатыр. Оған алғыс айтамыз. Алайда тендерді құрылыс компаниясы саналмайтын "Қамқор" жеңіп алды. Оның "Шығыс" ТК-де мыңдаған шаршы метр коммерциялық алаңы бар. Ол құрылысты дұрыс жүргізіп те жатқан жоқ. Үлескерлерді шаршатып болды. Лифтілерді іске қоспай тұр. Тұрып жатқан отбасыларға ай сайын үлкен сома жазылған түбіртек таратады", – дейді белсенділердің бірі Роза.

"Шығысты" салушы компания да әкімдікке шағымданды. Қосалқы мердігер компанияның басшысы Нұрбек Сұлтановтың айтуынша, орындалған жұмыстар үшін ақша ұзақ уақыт кешіктіріліп жатыр.

"Біз "Шығыс" проблемалы тұрғын үй кешенін салудамыз. Бас мердігер – "Астана Қамқор" ЖШС, ал тапсырыс беруші – әкімдіктің "Елорда Құрылыс Компаниясы". Мәселенің мәнісіне келсем. 1,5 жыл бұрын біз проблемалы объектінің құрылысын аяқтау жұмыстарына кірістік. Алайда бас мердігер қаржыландыруда қиындыққа тап болды. Сонда қалалық сәулет-құрылыс мекемесінің және "Елорда Құрылыс Компаниясының" басшылары бізге міндетті түрде ақша төленетініне уәде етті, тек жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруге көндірді. Соған сеніп, біз құрылысқа өз қаржымызды шығындадық. Содан бері 1,5 жыл өтті. Біздің алдымыздағы қарызын өтейтін емес. Борышы өсіп барады", – деп алаңдайды кәсіпкер.

Оны тіпті қарызды өтеу кестесінің жоқтығы, нақты мерзімдердің бекітілмеуі де мазалайды. Құрылыс салушыға ешқандай жылжымайтын мүлік кепілге берілмеген, құрылыс үшін тыйын да төлемей қойса, еш мүлікті ала алмайды, тақырға отырады.

"Мемлекет бұл тұрғын үй кешеніне ондаған миллиард қаражат бөлді, алайда бюджет қаржысы түпкі адресатына дейін жетпей қалды", – дейді ол.

Дегенмен жергілікті билік қосалқы мердігердің қаражаттан қағылмайтынына сендіріп отыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың мәліметінше, 2021 жылғы 3 желтоқсанда "Шығыс" ТК-ның 1А тұрғын үй тобының объектісі бойынша "Мемсараптама" РМК-сінің оң қорытындысы алыныпты.

"Құжаттарды түзету кезеңінде құрылысты бас мердігер "Астана Қамқор" ЖШС төл қаражатына жүргізуге тиіс еді. Нәтижесінде, мердігер компаниялар мен құрылыс материалдарын жеткізушілер алдында дебиторлық қарыз қордаланды. Дегенмен "Мемсараптама" РМК-сының оң қорытындысы алынғаннан кейін "Астана Қамқор" ЖШС-і орындалған жұмыстар актісін қалыптастырып, төлеуге ұсынды. Ол актіде көрсетілген соманы қазіргі кезде "Елорда Құрылыс Компаниясы" ЖШС толық көлемде төледі", – деп мәлім етті А. Көлгінов.

Демек бас мердігерге ақша берілген. Өз кезегінде "Елорда Құрылыс Компаниясының" басшылығы "Астана Қамқорға" хабарласып, қосалқы мердігерлер және құрылыс материалдарын жеткізушілер алдындағы берешегін тездетіп, қысқа мерзімде өтеуге кеңес беріпті.

Олай болса, елорда тарихындағы ең ірі "сақалды құрылыстың" хикаясы биыл аяқталады деген үміт бар.

Айта кету керек, 2020 жылдың өзінде елордадағы проблемалы тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға Ұлттық қордан 40 миллиард теңге бөлінген. Сол мол қаражат та жетпей, жергілікті шенеуніктер қосымша ондаған миллиард қаржы сұратты. Ақша бөлінгенге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу