Елордада "қоқыс дағдарысы" аяқталды ма?

4190

Астаналықтардан тұрмыстық қалдық үшін неге бір айда екі рет төлеу талап етілгені анықталды. 

Елордада "қоқыс дағдарысы" аяқталды ма? Фото: Голос народа

Қыркүйек айында елордалықтар коммуналдық қызмет ақысы үшін "ЕРЦ" жіберген түбіртекте қоқысқа төлем екі рет көрсетілгенін көріп айран-асыр болды. Мұның мән-жайын тұрғындарға қоқыс тасушы компаниялар да, аудан әкімдігі де түсіндірмеді: олардың ресми сайттарында, әлеуметтік желілердегі парақшаларында бұған қатысты ақпарат әлі күнге жоқ.

"Мен жеке сектордағы жеке тұрғын үйде тұрамын. Тамыз айына арналған коммуналдық қызметтердің квитанциясында төлеуге екі ұқсас пункт ұсынылған. Біріншісі – "Вывоз мусора" деп аталады, екіншісі – "Вывоз ТБО" делінген, онысы қатты тұрмыстық қалдықтар дегені. Екеуі де қоқыс емес пе? Түсіне алмадым", – деді қала тұрғыны Әмина Ильясова.

Тек жеке үйлерге ғана емес, көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтерлерге де осындай "түсініксіз" түбіртек келді. Бұл ретте мұндай "қайшылық" Астананың Байқоңыр ауданында орын алғаны белгілі болды.

"Біз КСК басшысынан сұрастырдық. Оның түсіндіруінше, Астанада қоқыстар енді тұрмыстық және тамақтық қалдықтар деп екіге бөлінеді. Сондықтан осылай екі бөліп төлеуге тура келеді. Мысалы, контейнерлерге тасталатын азық-түлік қалдықтарын, өзге де ұсақ-түйектерін бір компания әкетеді. Ал, ескі дивандар, шкафтар, пластик рамалар сияқты өзге ірі тұрмыстық қалдықтарды басқасы тасиды", – деп "білгенімен" бөлісті астаналық Яна Пустовойко.

Қалалық мәслихаттың шешімімен Астанада шынымен де, 2018 жылдан бастап, тұрмыстық қалдықтарды қос фракцияға ажыратып жинау енгізілді. Оған сәйкес, қоқыс "дымқыл-мокрый" (тамақ қалдықтары) және "құрғақ-сухой" (қағаз, пластик, шыны және метал) болып екіге бөлінеді. Соңғы 4 түрлі қалдықты бұдан былай қоқыс полигондарына көмуге апаруға заңмен тыйым салынған. Оны қоқыс тасушы компания өз бетінше кәдеге жаратып, утилизациялауға тиіс.   

Бірақ түбіртектегі екі түрлі төлемге мұның еш қатысы болмай шықты.

Содан қыркүйекте тұрғындардың бір бөлігі билік өкілдерінен мәселенің жай-жапсарын ашатын ешқандай ресми түсініктеме болмаған соң, "Базадан қате кеткен болар?" деп өзінше топшылап, екі пункттің біреуін ғана төлепті. Енді олар қыркүйекке қоқыс үшін екі рет төлеттіре ме деп алаңдайды. Бұл шағымдарын олар әлеуметтік желіге білдіруде.

"Біз өзімізге қандай қоқыс тасушы компания қызмет ететінін білмейміз. ЕРЦ арқылы төлемді кімнің ұсынатыны беймәлім. Тұрғындардың бәрі бейхабар. Анархия, былық жайлаған. Бізбен ешкім тарифін келіспейді, ешбір компания бізбен келісімшарт та бекіткен жоқ. Түбіртекте кері байланысатын контактілік нөмірі жоқ. Тек ай сайын "төле!" деп банк арқылы түбіртек ұсынады", – деп қамығады Болат есімді тұрғын.

Сөйтсе, Астананың "Байқоңыр" ауданында қоқыс тасушы компания ауысыпты. Сондықтан 14 тамызға дейін аудан тұрғындарына бұрынғы "Clean City NC" ЖШС (2024 жылғы 2 шілдеден бергі жаңа атауы – "СпецТех ЖКХ" ЖШС) қызмет көрсеткен. Ал, 15 тамыздан бастап, бұл ауданға "ГорКомТранс" ЖШС қызмет көрсете бастады.

Егер тұрғындар зер сала қараса, өткен айда бір айдың төлемі екіге бөлінгенін байқай алады. Мысалы, "Байқоңыр" ауданындағы Амангелді Иманов көшесінде орналасқан тұрғын үйдегі пәтердің иесі қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығару үшін шілде айында 780 теңге төлепті. Келесі тамыз айына арналған түбіртекте одан "Қоқыс шығару" үшін – 352 теңге, "ҚТҚ шығару" үшін – 428 теңге төлеу сұралған екен. Қорытынды сома – 780 теңге.

Айта кету керек, бұрынғы әкімдер тұсында, 2017 жылдан бері Астананың қоқысын шығаруға жалғыз монополист – "Оператор РОП"-пен байланысты "Clean City NC" ЖШС қызмет көрсететін. "Біз 1 000 000 тұрғынға қызмет көрсетеміз, жылына 300 мың тоннадан аса қалдық шығарамыз!", – делінген компанияның сайтында.

Қала әкімдігінің дерегінше, Clean City NC кейінгі уақытта қарқынды өскен жүктемесін еңсере алмай қалды. 2017 жылы елорданың 2 ауданы ғана болатын, бүгінде оның саны 5-ке дейін өсті. Қала екпінді түрде өркен жайып келеді.

Әкімдік өрістеген қалаға ақаусыз, үздіксіз қызмет көрсетіп, қоқыстарды уақытында әкетуге бұл компанияның енді ресурсы жетпейтініне назар аударыпты. Сол себепті қоқыс тасушы компанияларды анықтауға конкурс жариялау мәселесі 2023 жылдан бері пысықтала бастаған. Осыған қызығушылық білдірген және қауқары жететін бизнес нысандарынан өтінімдер жиналды.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорда тізгінін қолына алғанда, сонау 2017 жылдан бері созылып келе жатқан бұл негізсіз монополизмге нүкте қоюға уәде еткен. Сол уәдесін биыл орындады.

2024 жылғы сәуірде Астана әкімдігі қаладағы қалдықтарды шығару бойынша мердігерлерді таңдауға тендер өткізді. Онда "Clean City NC" қайтадан жеңіске жетті. Бірақ ол жеңіс тұғырына көтерілген жалғыз компания емес. Бас қаланың әрбір ауданын әртүрлі компания қоқыстан тазартатын болады.

Мердігерлер мегаполис аудандарын келесідей бөлісті:

  • Алматы ауданына – "Clean City NC" ЖШС;
  • Есіл ауданына – "Taza Zher Capital" ЖШС;
  • Нұра ауданына – "Taza Zher Capital" ЖШС;
  • Сарыарқа ауданына – "Zero Waste" ЖШС;
  • Байқоңыр ауданына – "ГорКомТранс" ЖШС.

Соңғы аудан ары қарай "Clean City NC" компаниясының "иелігінде" қала жаздады.

"Алайда "Байқоңыр" ауданы бойынша әлеуетті қатысушыдан шағым түсті. Осыған байланысты оның қорытындысы шағым бойынша шешімнің шығарылуына орай тек маусымда жарияланды. Қағидаларға сәйкес, шағым түспеген жағдайда конкурсты ұйымдастырушы 5 жұмыс күні ішінде келісімшарттарға қол қоя бастауы керек. Сондықтан Алматы, Есіл, Нұра және Сарыарқа аудандары бойынша жеңімпаз компаниялармен арада 3–7 маусым аралығында қол қойылып болды", – деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Егер мердігердің көліктері, білікті басқарушы және техникалық персоналы, сондай-ақ өндірістік орынжайы толық дайын болса, сол сәттен бастап келісімшартта көрсетілген қызметін атқаруға кірісіп кете алады. Оларға қойылатын тағы бір талап: қоқыс контейнерлерінің толуын қадағалауы, тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару, тасымалдау схемаларын цифрландыруы шарт. Бұл үшін арнайы бағдарламалық қамтылымды ендіруге тиісті.

Мердігерлерге осының бәріне дайындалуға ең көп дегенде 120 жұмыс күніне тең мерзім бөлінді. Егер үлгермесе, жұмысына кіріспесе, келісімшарт бұзылып, қайта конкурс өткізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда, яғни, өтпелі кезеңде әкімдіктің түсіндіруінше, ҚТҚ-ны шығару міндеттерін "Clean City NC" компаниясы орындайды.

Елордалық Байқоңыр ауданы бойынша конкурсқа қатысты шағым түскендіктен, оған мердігерді таңдау созылып кетті. Түбіртектегі қайшылықтар да содан туындаған көрінеді. Тамыздың 15-іне дейінгі өтпелі кезеңде бұл ауданнан қоқысты "Clean City NC" тасыды. Содан соң оның орнын жаңа мердігер – "ГорКомТранс" ЖШС басты.

Бұл компания негізінен іргедегі Қарағанды қаласына қызмет көрсетеді. ГорКомТранстың не интернет сайтын, не әлеуметтік желідегі парақшаларын тұрақты жүргізбейтіні белгілі болды. Сайтында соңғы жаңалығын 2017 жылғы шілдеде жариялаған. Facebook парақшасындағы соңғы постын 2016 жылғы 7 желтоқсанда орналастырыпты. Елордаға қызмет көрсету мәртебесін жеңіп алу үшін компания астаналық филиалын ашқан екен.

"Байқоңыр" ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, "ГорКомТранс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылғы 15 тамызда аудандағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмысына кірісіп кетті.

"Бұл компанияның өңірлерде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару саласында 30 жылдық тәжірибесі бар. Қызметкерлерінің саны 250-ге жуық. Компания 19 бірлік арнайы техникаға ие. Атап айтқанда, 2024 жылы шығарылған қоқыс таситын машиналары (мусоровоз), қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған, мырышталған 1 000 дана контейнерлері, ҚТҚ бөлек жинауға арналған 2 000 дана пластикалық контейнерлері бар. Компания "Байқоңыр" ауданы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарына ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап кірісті", – деп мәлім етті аудан әкімдігі.

Жалпы, былтырдан бері қоқыс жәшіктерінің "аузы-мұрнынан" шыға толып тұратынына, оның айналасында тұрмыстық қалдықтар тау-тау болып үйіліп жататынына қатысты астаналықтардың арызы көбейіпті. Мұндай сұрықсыз көріністер елорданың сыйқын кетірді, көркіне нұқсан келтірді. Қазіргі кезде жаңадан келген компаниялар азды-көпті белсенділік танытып, Clean City NC-тің күлімсі иісі қолқаны қабатын ескі қоқыс жәшіктерінің орнына су-жаңа контейнерлер қойып жатыр.

Астана әкімдігінің Қоршаған ортаны және қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Айдар Рашидтің түсіндіруінше, тендер өткізу рәсімдерінің бұлай ұзаққа созылып кетуіне оған мұқият дайындалу себеп болды. Ықтимал қатысушы-мердігерлермен, аудан әкімдіктерінің өкілдерімен бірнеше рет кеңес-кездесулер ұйымдастырылды, құжаттар жиналды. Тиісті талаптар түзілген.

"Бізге әрбір ауданға тұрғындар санына қарай қанша техника қажет болатынын есептедік. Қоқыс алаңдары бойынша жұмыс күшейтілетін болды. Әлеуетті қатысушылар да дайындалуға көбірек уақыт беруді сұрады. Өйткені техника қымбат. Біз барынша жаңа техника ұсынуды талап еттік. Егер ескі машиналармен қызмет көрсетуге рұқсат етсек, ерінбегеннің бәрі қатысатын еді. Сондықтан конкурстық құжаттамада қоқыс тасушы машиналар 2018 жылдан ескі болмауға тиістігін көрсеттік. Орташа алғанда сығымдаушы пресі бар 1 "КамАЗ" қоқыстасушы көлігі 70 миллион теңге тұрады. Бір ауданға кем дегенде 20–27-і керек", – деді Айдар Рашид.

Айтқандай, оның мәліметінше, Clean City компаниясында 95 маршрут бойынша 60 машинасы ғана қалыпты, содан оның жағдайы қиындаған. Онымен арадағы келісімшарт 2 жыл бұрын бітіп қалғаны анықталды. Содан ол қосымша келісіммен жұмысын жалғастырған.

Жалпы, бір қоқысқа екі рет төлем төлеттіру проблемасына бизнес те тап болды. Мысалы, "Атамекен" палатасының Павлодар облысындағы Екібастұз филиалына бизнес субъектілерінен шағым түсті. Кәсіпкерлердің айтуынша, "Полигон ЭК" ЖШС оларды қалдықтарды көмуге және қоқыстарды сұрыптауға екі рет ақы төлеуге мәжбүрлеген. Өз қоқысын өзі сұрыптайтын фирмаларға мұндай талап қойылмауға тиіс.

"Полигон ЭК" атқарушы директоры Қуандық Өтеновтің түсіндірінше, жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, қалдықтарды жинаумен айналысатын компаниялар қоқысты бөлек жинауды қамтамасыз етуге міндетті. 1 текшеметр қатты тұрмыстық қалдықты қолмен сұрыптау 3 мың теңге тұрады. Сондықтан оны төлеу туралы Екібастұздың барлық заңды тұлғаларына хат жолдаған.

Қаланың қоғамдық кеңесі қалдығын түр-түріне қарай өз бетінше сұрыптайтын фирмалар сол үшін қосымша ақы төлемеуге тиіс деген ұйғарымға келді және "Полигон Эк" ЖШС-іне өз хабарламасын қайта қарап, оны заңға сәйкес келтіруге кеңес берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу