Елордада отбасын тәрбиелейтін мектептер ашылады

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер отбасылық құндылық институтын құрмақшы. 

Елордада отбасын тәрбиелейтін мектептер ашылады

Ойрандалған ошақ, тірідей жетім қалған жеткіншектер, жас ғұмырын қыршынан қиюға асыққан балалар. Осы мәндегі суыт хабарлар екі күннің бірінде Қазақстанның әр түкпірінен қылаң беріп жатады. Біріміз елең етсек, біріміз қабырғамыз қайыса қайғырамыз. Бірақ сол жағымсыз тенденциялармен күресуге әрекет жасауға бекініп жатқан адам сирек. "Danalyq"  отбасы құндылықтарын дамыту институты осындай игі ниетпен құрылыпты. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында аталмыш ұйымның алғашқы жиыны өтті. 

"Өзімнің 4 балам бар. Жолдасым екеуміз отбасылық кикілжіңдер мен тосын оқиғалар туралы ақпараттар естіген сайын жағамызды ұстап, ойға қалатынбыз. Алғашында жекелеген адамдарға көмектесумен шектеліп жүрдік. Бір күні әйелім өзіне қол жұмсамақ болған анамен кездесіп келді. Оған дейін сондай  трагедиясы бар екі отбасымен жұмыс істегенбіз. Ер кезегі үшке дейін дегендей, "Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес" деген шешімге келдік те осы жобаны бастап кеттік", – дейді отағасы Дулат Әбілдин.

Әбілдиндер ұйымның төңірегіне қолынан іс келетін, елді аузына қаратып жүрген мамандарды топтастырыпты. Институт 12 мектептен тұрмақ. "Бала дарынын ашу", "Жас отбасы", "Денсаулық", Үйлесімді қарым-қатынас", "Эмоционалды даму", "Ержүректілік", "Биязылық", "Жас ата-ана", "Ұрпақ сабақтастығы", "Ерлі-зайыптылар диалогы", "Ажырасқан ата-аналар", "Отбасылық бизнес" атты бағыттар бойынша түрлі дәрістер ұйымдастыру көзделген.

Алғашқы жиын аталмыш мектептер қай бағытта жұмыс істеп, қандай пәндер бойынша білім беру қажеттігін анықтау үшін ұйымдастырылды. Сол үшін кәсіпкер, заңгер, спортшы, журналист, психолог, педагог, ментор сияқты түрлі кәсіп иелері 12 бағықа өз қалауымен топтасып, таңдаған бағытындағы қордалаған мәселелерді анықтады.   Оны шешудің жолдарын да өздері ұсынды.

"Бізде заңнамалық бастамалар да, мемлекеттік бағдарлама мен жобалар да жоғарыдан, яғни билік тарапынан  елге таратылады. Сондықтан болса керек, көбі жұрт ішінде қолдау таппай жатады. Халық қызықпаған соң нәтижесі де шамалы. Ал біздің жоба елдің өз ішінен шықты деуге болады. Бүгін айтылған проблемалар мен ұсыныстар қарпайым халық арасында түрлі проблемалармен бетпе-бет келіп жүрген адамдардың аузынан шығып отыр. Сол ұсыныстар негізінде мектептердің тұжырымдамасын жасаймыз.  Оны қоғам да қабылдайды деп үміттенеміз", – дейді отағасы.

Мектеп қызметі ақысыз болмақ. Қандай да бір проблемасы бар жанұя өз бағытын таңдап, қажетті мамандардың көмегіне ақысыз жүгінетін болады.

"Әзірше мектептің күн тәртібі, сабақ кестесі бекітілген жоқ. Қараша айында ашуды жоспарлап отырмыз. Оған дейін жұмыс жоспарымыз да дайын болады. Әр бағыт бойынша елге танымал психологтар мен коучтар, басқа да білікті мамандар тегін дәріс оқиды. Олар да қоғам алдындағы жауапкершіліктерін сезінгендіктен, біздің мектептерде тегін сабақ беруге келісіп отыр", – дейді отанасы Дана Әбілдина.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу