Елордадағы сары маса "отаны" қорғауға алынады

3205

Экология министрі ақырғы шешімін жариялады.  

Елордадағы сары маса "отаны" қорғауға алынады

Ел астанасы 1997 жылы Алматыдан Ақмолаға көшкенде мұндағы көпқабатты үйлерден кәріз-канализациямен аққан лас-былық Есілдің сол жағалауына төгілетін. 1970 жылдан, Целиноград кезінен бері солай еді. Нәтижесінде, бұрын табиғи ауданы 400 гектар ғана болатын "Талдыкөл" көлi 2 мың 21 гектарға дейін ұлғайған. Кейін Астана сол жағалауға көшкенде тұрғындар шағымдана бастады: олар жыл сайын жаздыгүні қолқаны қабатын жағымсыз иістен жүрегі айнып, лоқси жаздайтын.

Осылайша, ағынды су төгілетін Талдыкөл өзенін кептіру қала әкімдігінің бір басымдығына айналды. Мысалы, 2012 жылғы 11 сәуірде Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен елорданы одан әрi дамыту жөнiндегі кеңесте Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Елбасының "Талдыкөл ақаба су жинағышын жою" тапсырмасына орай 5 жылға (2011–2015) есептелген iрi жоба жайын хабарлады.

Сонда әкім осы жоба жүзеге асқаннан кейін "Талдыкөл" жинақтауышына кәріздік ақаба суды тастау тоқтатылатынын; ағынды су тазартылып, сапасы шаруашылық-тұрмыстық нормаға дейін жеткiзілетінін; ол суды Есiл өзенiне ағызатын коллектор салынатынын; ал қалдықтар геотекстилдi контейнерлерде жою стансаларына бағытталатынын жеткізді. Расында, 2015 жылы кәріз суын жинақтау стансаларында Аустрия технологиясы бойынша қосымша тазалау блогы және суды ультрафиолетпен зарарсыздандыру цехы іске қосылды. Содан бері былықты "Талдыкөлге" төгу доғарылды. Әкімдік жоспарына сай "Талдыкөл" жинақтаушы жойылып, құрғатылған аумақты рекультивациялау жұмыстары қарқынды қолға алынуға тиіс еді.

Бұған енді қоғам белсенділері қарсы шықты. Олар осы күресіне журналистер мен экологтарды тартты. Себебі, адам қалдығы тасталып келген көл жануарлар мен жәндіктер мекеніне айналыпты.

Халық не дейді?

Биылғы тамыз ортасында ақпарат құралдары елордада жанжал туғанын, Нұр-Сұлтан тұрғындары кіші Талдыкөлді толық құрғатуға қарсы шыққанын жариялай бастады. 18 тамызда бұған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев үн қатты.

"Сарапшыларды, экологтарды және ғалымдарды тарта отырып, бұл мәселені қосымша зерделеу жөнінде қала басшылығымен келісімге келдік. Ары қарайғы шешім осы мамандардың пікірін ескере отырып қабылданатын болады", – деп хабарлады бас эколог Twitter-де.

"Талдыкөл" Нұр-Сұлтанның Есіл ауданының құрамына кірген. Әкімдік құрғатылған жинақтауыш орнында үлкен парк, әлеуметтік тұрғын үйлер, сауда-ойын сауық орталықтарын салуға ниетті болған. Жұртшылық мұны алпауыт құрылыс компанияларының мүддесіне лобби жасау, сол үшін табиғатты құрту деп түсінді. Қамыс басқан сулы-батпақты көлді кептіру экологияға зиян келтірмейтінін, тұрғындарға залалы болмайтынын, керісінше, сары маса өнетін басты ошақтардың бірі жойылатынын айтқан қала құрылысы мамандарының дәйектемесіне бұқара өкілдері құлақ аспады. Оларды Қазақстандық биоалуандылықты сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) өкілдері қолдады.

Қала әкімдігі елордада сары маса қаптауына кіші және үлкен Талдыкөлдің "үлесі" бар екенін айтып жүр. ҚБСҚ елордада басқа да ошақтар жеткілікті екеніне назар аудартады.

"Сары масаның дернәсілдері мен жұмыртқалары терең емес, күнге жақсы қызатын су қоймаларында дамиды. Үлкен Талдыкөлдің тереңдігі 4–6 метрге дейін жетеді, яғни сары масаның өнуіне жарамайды. Кіші Талдыкөлдің жағдайы басқа. Көл қазіргі кезде бөлшектеліп қалған. Олардың бәрін қала билігі құрғатуды жоспарлауда. Ірі су қоймасының шағын көлдерге бөлшектелуі оның кіші бөліктерінің таяздануына соқтырады және сары масаның дамуына қолайлы жағдай жасайды. Дегенмен, Нұр-Сұлтанда тұрмыстық және құрылыс қоқыстары төгілетін жерлерде, қалалық дренажды жүйелерде шыбын-шіркейге анағұрлым қолайлы жағдайлар бар", – деді қауымдастық. 

Ол "Талдыкөлдегі" сары маса ошағымен қауіпсіз биологиялық және экологиялық әдістермен күресуге болатынын атап өтті.

Министрлік не деді?

Міне, енді қыркүйекте осы көлге қатысты қорытынды белгілі болды.

Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбеков кіші Талдыкөлдің жануарлар дүниесіне зерттеу жүргізілгенін мәлім етті. Осы мақсатта алдымен Ақмола аумақтық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының инспекторлары, содан кейін қауымдастықтың ғылыми мамандары комитет өкілдерімен бірге осы көлге барып қайтыпты.

"Зерттеу нәтижесінде бұл көл көптеген құстың мекені болып табылатыны анықталды. Олардың қатарында қарабас өгізшағала (черноголовый хохотун) секілді сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі төнген құстар, сондай-ақ қызылбас сүңгуір, қызғыш құс секілді халықаралық Қызыл кітапқа енген құстар да бар. Бұл ретте құстардың басым көпшілігі балапандарымен өріп жүрді, демек, су қоймасы олар үшін ұя салатын орынға айналған. Су сапасы құстарға қажетті азықжем базасының қалыптасуына септеседі. Көлде омыртқасыз жәндіктердің көптігін оның айдынында үйректердің белсенді қоректенуінен байқауға болады", – деді Асхат Қанатұлы.

Жалпы, "Талдыкөлде" 5 мыңдай құс бар көрінеді.

"Онда қарамойын және үлкен сұқсыр, үлкен суқұзғын, көкқұтан, шағаланың түр-түрі, аққу, өзен қарқылдағы секілді балықпен азықтанатын құстардың көбеюі көлде балықтың барлығын білдіреді. Бұдан бөлек, жасыл құрбақа секілді амфибиялар, ондатр секілді сүтқоректілер түрі көзге түсті. Осы қысқа мерзімді есепке алудың өзі көлде толыққанды және орнықты экожүйе қалыптасқанын көрсетеді. Осыған байланысты, сондай-ақ ҚБСҚ ғылыми мамандарының ұсынысын ескере отырып, аталған экожүйені сақтау үшін бұл көлді құрғату орынсыз деп танылды", – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу