Елордадағы тұрғын үй-құрылыс кооперативінің мүшелері мұңын шақты

6489

Соңғы жылдары мемлекет заңнаманы біршама жетілдіріп, тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің (ТҚК) қызметін және құқықтық жағдайын реттеуді күшейтті.  

Елордадағы тұрғын үй-құрылыс кооперативінің мүшелері мұңын шақты

Бұл ретте кооперативтік қозғалыс қатысушыларына түсетін тәуекел деңгейі азайтылды, ТҚК жұмысының айқындылығы артты. Алайда билік тұрғын үй құрылысының осы түріне қатысты қордаланған мәселелерді сол бойы шешпеді, деп жазады Inbusiness.kz.

Үлескерлер проблемасы әзір бітпейді

ТҚК халықтың баспанасыздық түйткілдерін тарқату орнына, өзі жаңа түйткілдерді генерациялайтын "кесел ошағына" айналды. Салдарынан елде қаншама мың адам кооператив басшыларының "құлдығында" отыр. Тіпті кейбір "пысықайлары" кооператив мүлкін кепілге қойып, мүшелер үстінен жүздеген миллион теңге несие рәсімдеген, заңсыз қыруар қаржыға кенелген.

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов 2021 жылы елордада құрылысы ұзаққа созылған 57 проблемалы нысан ел игілігіне табысталатынын мәлімдеді.

"2019 жылы 52 үлескерлік құрылыс объектісінде 152 көппәтерлі тұрғын үй болған. Оларға 15 мыңдай отбасы қаржы салған, жылдар бойы баспанасына қол жеткізе алмаған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет қаражат бөлді. Нәтижесінде, 2019 жылы 2,5 мыңдай үлескері бар 13 көппәтерлі тұрғын үйді, ал 2020 жылы 2,7 мыңдай үлескерге тиесілі 20 үйді қолданысқа бердік. Биыл тағы 7 мыңға жуық үлескері бар 57 тұрғын үй кешенін іске қосамыз. Қалғандары 2022–2023 жылдарға қалады", – деген болатын Алтай Көлгінов.  

Әкімдік қазір Австрияда қазақстандық Фемидадан қашып жүрген Ерқанат Тайжановтың "Азбука жилья" компаниялар тобының нысандарына "ерекше көңіл бөлуде", себебі онда зардап шеккен азаматтар саны тым көп. Мәжілістің экс-депутаты Е.Тайжанов үлескерлердің 40 миллиард теңгеден астам қаражатын ұрлады деп айыпталған. Әкімдіктің дерегінше, оның 6 проблемалы нысанының 4-еуінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. "Садовые Кварталы", "Гарант", "Айсанам Де Люкс", "Жеті Жол", "Комсомольский", "Комфорт" ТК-ларында жобалау-сметалық құжаттамаларына түзетулер енгізілген.

"Шығыс" ТК-да 5 проблемалы тұрғын үй тобы, "Жағалауда" – 2 тұрғын үй тобы бар. Оларда үлескерлердің бір бөлігі тұрғын үй-құрылыс кооперативіне бірігудің қамын жасауда. Соттар аяқталып, адал емес құрылыс компанияларымен арадағы бастапқы келісімшарттар бұзылған.

"Хазар" ТК құрылысын аяқтау үшін инвестор тартылып, жұмыс басталған. "Royal EXPO apartments" кешенінде қаржылық-техникалық аудит және зерттеулер жүргізілген, жобалау-сметалық құжаттама түзетілген, дайындық  жұмыстары басталды. 

Кооператив – күрмеулі мәселелер "көпіршігі"

Елорда әкімдігі тағы 5 тұрғын үй кешенін жеке атап өтті: олардағы меншік иелері өз баспаналарына меншік құқығын иелене алмауда, құжаттары жоқ. Бұлардың қатарында Күләш Бәйсейітова көшесіндегі "Сауыр" ЖШС салған көппәтерлі ТК-лар, "Азия плюс" ТК (салушысы "Строй проект" ЖШС), "Қордай, 81" мекенжайындағы көп қабатты ТК (салушысы С.Аманов), "Алтын босаға" ТК ("Строй класс" ЖШС), Даулеткерей көшесіндегі ТК ("Аруана XXI" ЖШС). Әкімдіктің бас ауруына айналған бұлардың көбі – тұрғын үй-құрылыс кооперативтері.

Осының ішіндегі "Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, К.Бәйсейітова көшесі, 10" мекенжайында "кіріктірілген гараждары бар көп пәтерлі тұрғын үй кешенін" тұрғызу үшін 2013 жылы Серік Топанов "Алатау KZ" ТҚК-ін құрып, баспаналы болғысы келетін азаматтардан ақша жинай бастайды. Бірақ фирма құрылыс жүргізуге емес, "жылжымайтын мүлікті сыйақыға немесе келісім негізінде басқаруға" маманданған. 

Кооператив құрамына аталған ТК-дағы пәтерлердің болашақ иелері кірді. Оның барлық мүшелері талап етілген көлемде кіру жарнасын, сондай-ақ сатып алатын пәтер не коммерциялық мүлік ауданына сәйкес көлемде пай жарналарын енгізіп, өз міндеттемелерін толық орындайды.

Осыдан кейін ТҚК (ЖСК) тұрғын үйді салатын бас мердігерді айқындап, елордалық "Сауыр" ЖШС-мен пәтер иелері атынан келісім бекітеді. Құрылыс аяқталған соң, келісім бойынша ол кооператив мүшелеріне баспанасын толық құжаттар топтамасымен бірге тапсыруға міндеттеме алады. Компания ақыры "Эксклюзив" деп аталған екі тұрғын үй кешенін салып шығады. Мәселе өзінің қисынды нүктесіне жетіп, пәтер иелері баспаналарына қоныстанған, осымен әңгімені аяқтауға болар ма еді.

Алайда кооператив мүшелерінің сергелдеңі осыдан кейін басталыпты. Үйлер орналасқан 19 мың 431 шаршы метр жердің меншік иесін анықтаудың соңы дау-жанжалға ұласып, сотқа жетеді. Құрылыстың заңдылығына қатысты күдік туады.

"Кооперативтің барлық мүшесі өз міндеттемелерін толық орындады, алайда күні бүгінге дейін пәтерлерінің толыққанды қожайынына айнала алмады. Негізі, келісімге сәйкес, объектінің құрылысы 2015 жылдың екінші тоқсанынан кешікпей аяқталуға тиіс болған. Ол мерзім сақталмады. Адамдар баспаналарына тек 2018 жылғы 21 мамырда кіре алды. Бүгінде сыртқы қабырғалардың бір бөлігінің құрылысы бітпеген күйде тұр. Жерасты паркингінің құрылысы да тәмамдалмаған. ТҚК басшылығы мен бас мердігер оған ақша жоқтығын айтады. Нысанды қабылдап алу актісі бар. Бірақ жер теліміне "тұтқын" салынуы, бұғатталуы тұрғын үй кешендерін іске қосу актісін уәкілетті органда тіркеуге кедергі болуда", – дейді кооператив мүшесі Әнель Сыйлыбай.  

Атап айтқанда, 2019 жылы сот Ж.С.Сағындық, "Астана-Строй Н.Н." ЖШС, "ALIT" ЖШС жерлерін бұғаттайды. Өйткені "Сауыр" ЖШС-ның "Темірбанк" АҚ-ның мұрагері "ForteBank" АҚ алдындағы 81,5 миллион теңге берешегі өтелмеген екен.

Салдарынан, пәтер иелері өз баспанасының құжаттарына қол жеткізіп, меншік иесі атана алмады. Пәтерін де сата алмайды. Олар "Алатау KZ" кооператив пен бас мердігер ТК-нің құқық белгілеуші құжаттарының ағымдағы жағдайы туралы нақты ақпарат бермей, алдарқатуда дейді.

Тұрғын үй қарыз батпағына батып барады

"Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының Сарыарқа аудандық департаментінің жауаптары алаң көңіл тұрғындардың мазасын май ішкендей етті. Мазмұны бір-біріне қайшы хаттардың бірінде ТК-ның тіркелгені және қалалық басқарма тұрғын үйді есепке қойғаны айтылса, басқасында "техникалық-экономикалық көрсеткіштері келісілген эскиз жобасына сәйкес келмегендіктен, есепке қоюдан бас тартылғаны" айтылған.

2021 жылғы мамырда үйді іске қосудың бастапқы актісіне келісім беру мерзімі аяқталыпты. Қос ТК тұрған жер учаскелерін рәсімдеудегі қателіктер кесірінен ол акті сол бойы күшіне енбеді. Қазіргі кезде Сәулет басқармасы осындай актіге қайта қол қоюға келіспей отырған көрінеді. Басқарма бас тарту негізі ретінде құрылыстың жобадан ауытқуын атады. Мысалы, жобада 10-шы қабатты тұрғызу көзделмеген. Сондай-ақ 4 бөлмелі пәтерлерді шағын пәтерлерге бөліп тастау да шенеуніктердің қарсылығын туғызған.  

Сондықтан қалалық шенділер бұл ғимараттарды іске қосудың жаңа іс-қимыл жоспарын ұсынды: ол нысандарға техникалық зерттеп-тексеру өткізуді және қайтадан мемлекеттік сараптамадан өтуді қарастырады.

Енді бұдан тұрғын үй-құрылыс кооперативі бас тартып отыр: себебі, ол қосымша қаржы шығынын талап етеді, оған қаражат қалмаған, оның үстіне рәсім ұзаққа, шамамен 1 жылға ұзайды. Ұзаққа созылатын іспен құнтты айналысуға оның құлқы жоқ. Екі ортада қос оттың арасында қалған қарапайым тұрғындардың құқығы аяқасты болуда.

"Кооператив коммуналдық қызметке өз бетінше ақша жинайды, қаражаттардың қайда жұмсалғанына есеп бермейді. Мысалы, ТК-ларда су мен электр қуаты үшін берешек қордаланып қалыпты. Жалпы, "Эксклюзив" ТК үлескерлерін әкім Көлгінов те, прокуратура да, мердігер де, кооператив те, басқа органдар да елегісі келмейді. Біз бір елес сияқтымыз. 100% ақысын төлеген пәтерлеріміздің құжаттарына 6 жылдан бері қол жеткізе алмай келеміз", – дейді үлескерлер.

Олардың байламынша, үйдің құжаты болмағаны – кооператив басшысына қолайлы сияқты.

"Кооператив пен мердігер басшылары тұрғындарға меншігіндей қарайды, коммуналдық қызметтерге, арендаға және басқасына өз білгенінше ақы белгілеп, өздері ақша жинайды. Қала ішінде қала жасап алған. Тұрғындар мен арендаторларды сауынды сиырға айналдырды. Бұған қоса, бос тұрған пәтерлерді жалға береді. Орынжайларды қайта сатады. Коммерциялық алаңдарды жалға ұсынады. Бұл ретте салықтан жалтарады, салық органдарынан жасырынады. Мемлекеттің қанша қаражат жоғалтқаны белгісіз. "Сауыр" ЖШС-ның салық бойынша берешегі 5 миллион теңгеден асты. Жаңа үйіміз құжаты рәсімделмей жатып, нашар жағдайға жетті. Жарық, су беру жиі тоқтатылады. Кооператив мүшелерінің, тұрғындардың келісімін алмастан, "Алатау KZ" ТҚК басшысы Топанов үйдің құрылысын аяғына жеткіземін деген сылтаумен банктен кредит алыпты, енді банкке жалпы сомасы 140 миллион теңгеге қарыз болып қалған", – деп күрсінеді Ә.Сыйлыбай.

Бәйсейітова көшесіндегі әрқайсысы 10 қабаттан және 9 кіреберістен құралған осы ТК-ларда тұрғындар сыртында, кәсіпкерлер де қиындыққа кезікті: онда қазірдің өзінде 27 нысан жұмыс істеуде. Арасында балабақша, тұшпара жасайтын цех, спорт клуб, полиграфия, ойын клубы, 4 азық-түлік дүкені, екі сән салоны, фотостудия және басқасы бар. Олар да ресми тіркелмеген, себебі үй қағаз жүзінде жоқ.

Нұр-Сұлтан әкімдігі Бәйсейітова көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің күрделі мәселесімен таныс болып шықты. Бәрі инвесторға байланысты: мердігер тапсырманы орындауы керек дейді.

"Бұл объектіге 2021 жылғы 8 шілдеде жобалауға сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілді. Меншік иесінің салынған объектіні эксплуатациялауға қабылдап алу актісі тіркелмеген. Ал осы тұрғын үйде коммерциялық нысандардың орналасуына келсек, рұқсат беру құжаттарының деректер базасында аталған ТК-ларда балабақшаның, тұшпара өндірісінің, спорт клубтың, дүкендердің және басқасының орналасқаны туралы дерек жоқ", – деп жауап қатты елорда әкімдігі.

Демек, кооператив мүшелерінің сергелдеңі жалғасатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу