Елорданың заңғар үйлері "МИБ шайқасы" ошақтарына айналуда

5198

Әртүрлі элиталы тұрғын үй кешендерінде тұрғындар мен басқарушы бірлестіктер арасында тайталас өршіп барады. 

Елорданың заңғар үйлері "МИБ шайқасы" ошақтарына айналуда

Биылғы 2021 жыл – МИБ-тер айналасындағы ірі жанжалдармен де есте қалатынға ұқсайды. Өйткені пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК) түпкілікті жойылатын мерзім – 2022 жылғы 1 шілде жақындаған сайын, жағдай ушығып, кернеу күшейе түсуде.

Мүлік иелері бірлестігі (МИБ немесе ОСИ) тетігінің әлі де болса шикі екенін өмір дәлелдеуде. Билік халыққа осы "ноу-хауын" таңғалы бері қалалардағы көптеген тұрғын үй кешендері тиімді жұмыс істеп тұрған ПИК-терінен, басқарушы компанияларынан айрылып қалды. Оларды ТК-дағы бірқатар белсенді, пысық тұрғындар заңдағы тетікті пайдаланып, ысырып шығарды. Бұл бір үй тұрғындарының бірнеше өзара бітіспес лагерьге бөлініп, бір-бірімен тайталасқа, тартысқа түсуіне соқтырды.

Өңірлерді алмағанның өзінде, "Үкімет үйінің" айналасында орналасқан Нұр-Сұлтан қаласында әрбір үй майдан даласына айналып барады. Бұрын бір WhatsApp чатқа біріккен бір тұрғын үйдің бір подъезінің тұрғындары түрлі топқа тарыдай шашылуда.

Бұл ретте тұрғын үй кешенінің сыныбы, сән-салтанаты неғұрлым жоғары болған сайын, шиеленіс қызуы да соғұрлым жоғарылай түседі. Мысалы, қазіргі кезде бас қалада тек HighVill Astana тұрғындары ғана емес, енді Қабанбай батыр даңғылында орналасқан "Триумф Астаны" тұрғындары да әр жақтан шағым жазып, елорда әкімі Алтай Көлгіновтың мазасын ала бастады. Мәскеудегі РФ СІМ-інің және МГУ-дің бас ғимараттарын көзге елестететін бұл тұрғын үй кешені Қазақстан астанасының әсем сәулетін дәріптейтін көрнекті нысан саналады. Бірақ лайықты күтіп-ұстайтын бірлестік болмаса, көп ұзамай-ақ ол елорда үшін "көзге шыққан сүйелге" айналып кетуі ғажап емес.

"Триумф Астаны" тұрғыны Әбдірахман Серіктің айтуынша, бүгінде бұл алып үйде МИБ құрылыпты. Бірақ оның жұмысына көңілі толмайды.

"Тұрғындардың шағымын тыңдамайды. МИБ басқарушысы ешқашан жұмыс орнында отырмайды. Бізден жиналған қаржыға есеп бермейді. Шағым қабылдамайды. Сонда не болғаны? Жұрттан тек ақша жинайтын мұндай көзбояушылардың қызметін қадағалайтын билік жоқ. Біздің сұрайтынымыз – есеп! Бұл ғаламат үйден аз ақша жиналмайды, бұл – пәтерлері көп үй, 7 секциядан, 39 қабаттан тұрады. Қаламыздың қақ ортасынан ойып орын алып, сән беріп тұрғанымен тұрғындары сауатты басшыға жарымады. Осы мәселені әкім назарға алса екен! Тиісті органдар тексеру жүргізіп, бізден жиналған қаржы үй мүддесіне жұмсалса дейміз!", – дейді ол.

Бірқатар тұрғындар – кәсіби аудитор болып жұмыс істейтін мамандар тегін аудит қызметін ұсыныпты, алайда оларды кеңсеге кіргізбей қойған көрінеді. Бүгінде МИБ тұрғындар арасында тариф бағасын өсіру жөнінде сауалнама жүргізіп жатыр. Оған қарсы шыққан бірқатар тұрғынды ортақ чаттан шығарып тастапты.

"Біздің "Триумф Астаны" МИБ-і міндеттемесін орындамайды. Ағымдағы жөндеу жүргізу, кәріз жүйесінен тарайтын күлімсі иісті жою және басқасы жөнінде ауызша да, жазбаша да бірнеше рет өтініш жасадық. Алайда МИБ оның бәрі құрылыс компаниясының кінәсі деп бет қаратпайды. Бұл тұрғын үй сонау 2006 жылы іске қосылған. Енді бұған салушы жауап бермейді ғой. Ай сайын тиісті алымдарын жинап беріп отырмыз. Менің өзім ай сайын МИБ-ке 14 мың теңге төлеймін", – дейді Нұрлан Болатов.

Билік не дейді?

Шағымданған елордалықтарға әкімдік стандартты, сырғытпа жауап қайырады. Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы "заңға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ұйымдардың қаржылық-шаруашылық қызметін тексеру мәселесі әкімдіктің құзыретіне кірмейтінін" мәлімдеді. Жергілікті шенеуніктер өзіне ұнамаған МИБ-ті тұрғындар "тақтан тайдыра" алатынын ескертумен шектелді.

"Тұрғын үй қатынастары заңының 42-1-бабының 1-тармағына сәйкес, пәтер және коммерциялық үй-жайлардың меншік иелері жиналыста кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға байланысты мәселелерді қарайды және шешімдер қабылдайды. Жиналыс қабылдаған шешімдер барлық пәтер иелері, тұрғын емес үй-жайлар үшін міндетті. МИБ төрағасы жиналыста 1 жыл мерзімге сайланады. Үй кеңесі және ревизиялық комиссиясы, яғни ревизор 3 жыл мерзімге сайланады. Пәтерлердің және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне жиналыста Үй кеңесі мүшелерін, ревизорды қайта сайлау және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату мүмкіндігі берілген", – деп түсініктеме берді басқарма.

Жалпы ПИК орнына МИБ енгізу – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бастамасы болатын. Оны Үкіметте және Парламентте министр Бейбіт Атамқұлов қорғағаны мәлім.

Дегенмен ИИДМ-нің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин МИБ айналасында туындаған түйіндерді тарқату жергілікті әкімдіктердің қолында дегенді айтады.

"Жергілікті әкімдіктердің Тұрғын үй инспекциясы пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері өтініш жасаса, кондоминиум объектісін басқару және оның ортақ мүлкін күтіп ұстау жөніндегі есептің бар-жоғына тексеру жүргізуі қажет. Сондай-ақ тұрғын үй инспекциясы заң бұзушылықтарды және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстау ережелерін бұзушылықты жою бойынша орындалуы міндетті нұсқама-ұсынымдар енгізуі керек. Бұған қоса, ол әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттама толтыра алады. Сол себепті МИБ-ке қатысты проблема туындаса, тұрғындар оны шешу мақсатында жергілікті атқарушы органның тұрғын үй инспекциясына жеке жүгінгені жөн", – деді Тимур Қарағойшин.

Яғни шенеуніктер бір-біріне сілтейді. Ақырында тұрғындар проблемамен жалғыз қалады. Былықты бастап, жауапкершілікті жұртқа ысыра салған шенділерге ел наразы.

Басқарушы компания МИБ "терісін жамылған" ба?

Осы Қабанбай батыр көшесінің бастауында, елорданың Есілдің оң және сол жағалауындағы ескі және орталығы түйісетін тұста орналасқан салтанатты тағы бір заңғар үйде МИБ дауы туындаған. Әңгіме Қабанбай батыр, 6/1, 6/2, 6/3, 6/4, 6/5, 6/6 мекенжайларына қанат жайып жатқан "Каскад" тұрғын үй кешені жайында болып отыр.

Бұл ТК-да пәтердердің және коммерциялық мүліктердің меншік иесі болып табылатын "Самұрық-2008" инвестициялық компаниясы араша сұрап, Үкімет мүшелеріне шағыммен жүгінді. "Каскад" көппәтерлі, көпфункционалды тұрғын үйді "Capital Service" ЖШС басқарушы компаниясы басқарады.

Дегенмен тұрғындардың айтуынша, биылғы жылғы ақпан айында онда "Каскад 2021 көппәтерлі тұрғын үйі" атты МИБ құрылады. Тиісінше, кешендегі барлық нысандарды басқару, күтіп ұстау соның құзырына көшуі керек еді. Заң бойынша басқарушы компания МИБ құрылған соң 3 күн ішінде барлық құжаттаманы, мүлік-мүкәммалды, бүкіл үй-жайлардың кілттерін Үй кеңесіне және МИБ төрағасына тапсыруға міндетті.

"Алайда қазіргі уақытта ТК-ны басқарумен әрі қарай "Кэпитал Сервис" айналысуда. Бұл коммерциялық ұйым пәтер және тұрғын емес үй-жай иелеріне "Астана ЕРЦ" ЖШС арқылы өз қызметінің ақысына төлемнің түбіртегін таратады. Қызметі 1 шаршы метр үшін 125 теңге тұрады. Ол баға қайдан шыққан? Есептемесін ұсынбады. МИБ құрылса да, басқарушы компания тұрғындардан өз қызметіне ақы төлеуді талап етуде. Есептік және техникалық құжаттаманы, материалдық құндылықтарды МИБ-ке табыс етпеген", – дейді "Самұрық-2008" инвесткомпаниясының өкілі Сайран Ержанов.

Бірақ мұның тосын қисыны бар көрінеді. Электронды Үкімет порталының дерегінше, "Кэпитал Сервис" ЖШС мен "Каскад 2021 көппәтерлі тұрғын үйі" МИБ-інің бірінші басшысы бір адам көрінеді.

"МИБ-те ревизиялық комиссиясы жоқ. Қазіргі кезде МИБ жұмыс істемейді деуге болады, өз қызметінің ақысына төлем есептемейді, ешқандай іс-шара өткізбейді, кондоминиум нысанын басқармайды, ортақ мүліктің бүтіндігін қамтамасыз етпейді. МИБ тіркеуден өтпеген. Үй-жай иелерінің ортақ жиналысында тарифін бекітілмеген, олармен келісімге отырмаған. Коммуналдық кәсіпорындармен де келісім бекітпеген. Ай сайын істелген жұмысы туралы есеп бермейді. Тұрғындар қатты алаңдауда, әлеуметтік кернеу туындауда", – дейді С. Ержанов.

Қалай болғанда, бұл оғаш жағдайдан тұрғындар тек өз күшімен, бас біріктіріп қана шыға алатынға ұқсайды. Шенеуніктерден қайыр болмай тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу