Емханаларда педиатрлық қосындар қайта ашылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2252

Үкіметте 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыру нәтижелері таныстырылды.

Емханаларда педиатрлық қосындар қайта ашылады

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жалпы өлім (2%-ға дейін төмендеді), бала өлімі (10,2% төмендеді), ана өлімі (4,9%-ға), қатерлі ісіктерден болған өлім (4,9%-ға), жазатайым оқиғалар мен жарақаттан (9,1%-ға), туберкулезден (17,1%-ға) болған өлім көрсеткішінде өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда оң қарқын сақталып отырғанын айтты.

Сонымен қатар министр емханаларда алты жасқа дейінгі балаларға ғана қызмет көрсететін дәрігерлік учасакелер қайта ашылатынын жария етті.

"Алғашқы медициналық көмек деңгейінде алты жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту және жалпы практика дәрігерінің жүктемесін төмендету мақсатында педиатриялық учаскелерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы биыл еліміз бойынша 23 педиатриялық учаске ашылды, жыл соңына дейін тағы 84 осындай учаске ашу жоспарланып отыр. 2018 жылы оқуды бітіретін интерн педиатрларды есепке алғанда, тағы 230 педиатриялық учаске ашу, 2019 жылдан бастап 2024 жыл аралығында жыл сайын 500-ден астам педиатриялық учаске ашу көзделген. Осылайша, 2024 жылға қарай педиатриялық учаскелерге деген қажеттілікті 100% қамтамасыз ету жоспарланып отыр", – деді Елжан Біртанов.

Бұдан өзге, созылмалы аурулары бар пациенттерді белсенді түрде қадағалап-қарауға негізделген ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша жоба жүзеге асырылуда. Биыл жоба барлық 16 өңірде іске асырылды, жобаға қатысатын науқастардың саны екі есеге ұлғайды.

Жедел медициналық көмек көрсетуді жетілдіру және ЖМК қызметінің жұмысындағы проблемаларды шешу мақсатында жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуге сараланған тәсілді көздейді. Жеделдік санатына байланысты көмектер оңтайландырылған және симптомдары бойынша топтастырылған.

Қабылдау бөлімшелерінің деңгейінде қабылдау бөлімшесінің дәрігері ("emergency doctor") деген жаңа дәрігерлі мамандық енгізілетін болады, ол шұғыл медициналық көмекті дер уақытында көрсетіп, қажет болған жағдайда бастапқы реанимациялық және басқа да шараларды пациенттің жағдайы тұрақталғанға дейін жүргізетін болады.

Ұлттық дәрі-дәрмек саясатын іске асыру аясында бүгінде 53 ұзақмерзімді шарт жасалды, оның ішінде 24-іне биыл қол қойылды. Бірыңғай дистрибьютордың жалпы сатып алуында отандық өндірушілердің үлесі заттай мәнде 75%-ды, ақшалай мәнде 30%-ды құрады. Дәрі-дәрмектердің 175 атауына 23%-ға баға төмендетілді. Амбулаториялық деңгейде шамамен 2,5 млн науқас дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді, 2018 жылы 3,8 млн науқасты қамтамасыз ету көзделген.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу саласында 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілердің аударымдары және жеке кәсіпкерлердің жарна төлеуі басталды. Жеке жеткізушілер үшін кедергілерді жою мақсатында 2018 жылға медициналық қызметтерді сатып алу бойынша шаралар жүргізілуде. Денсаулық сақтау субъектілерінің мәліметтер базасы қалыптастырылды – 1 519, оның ішінде жеке жеткізушілер саны – 686.

Сонымен қатар министрлік өңірлермен бірлесіп денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын әзірлеуде екен. Бұл құжатта желіні трансформациялау қажеттілігі, инфрақұрылымды жаңарту және ресурстарды тиімді пайдалануды ескерумен медициналық кадрларды дайындау қарастырылады.

Қазіргі таңда жеті өңірдің инфрақұрылымын дамытудың ұзақмерзімді жоспарлары қарастырылды, бұлар – Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстары және Астана қаласы. Жалпы, инвестициялық жоспарлармен бірге Бірыңғай перспективалық жоспар бойынша жұмысты осы жылдың қараша айының бірінші онкүндігінде аяқтау жоспарланып отыр.

Инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қабылдау және іске асыру 2017-2025 жылдар аралығында 11,2 млрд теңге көлемінде қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді деп болжанған. 

Бақыт Көмекбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу