Эмилио Певида Пупо:"Венесуэладағы саяси дағдарыс экономикалық дағдарыстан басталды"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5680

АҚШ-тың Латын Америкасы елдеріндегі қылмыстық саясаты әшкереленіп жатыр. 

Эмилио Певида Пупо:"Венесуэладағы саяси дағдарыс экономикалық дағдарыстан басталды"

Венесуэла Боливар Республикасы "Латынамерикалық Сирияға" айналып кетпей ме? Ушыққан жағдайды бейбіт жолмен шешу үшін не істеу керек? Зорлық пен зомбылықтан қалай сақтануға болады? Осы тақырып төңірегінде ой бөлісу үшін Куба Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эмилио Певида Пупомен тілдестік. Ол Венесуэланың өзекті мәселелері және Латын Америкасы елдеріндегі қазіргі жағдай туралы пікір білдірді.  

 – Әлем Венесуэла Боливар Республикасындағы күрделі жағдайды біліп отыр. Елдегі экономикалық және саяси дағдарысты еңсеру үшін қандай шара қолдану қажет деп ойлайсыз?

– Кубалықтардың пікірінше, Венесуэла ішінде болып жатқан дүниенің барлығы тек венесуэлалықтарға ғана қатысты. Венесуэла үкіметі мен Венесуэла халқы дағдарысты еңсеру мәселелерін сыртқы күштердің араласуынсыз шешуі керек. Мен өз тарапымнан Чавистік үкімет келіссөзге қашанда дайын екенін айта аламын. Бейбіт келіссөздер мен тараптар арасындағы келісім ел ішіндегі кез келген жанжал мен келіспеушілікті шешудің ең тиімді және жалғыз жолы. Сондықтан менің ойымша, елді тұрақсыздандыруға қатысты барлық жоспар олар келтірген және қазір келтіріп отырған зияндарға қарамастан орындалмайды. Венесуэланың заңды және конституциялық президенті Николас Мадуро халықтың басым бөлігінің қолдауына ие. Бұл соңғы сайлауда да дәлелденді. Мен сол себепті Вашингтонның нұсқауы бойынша агрессивті және АҚШ мүддесіне барынша бағынатын оппозицияның бір бөлігі сайлауға қатысудан бас тартты деп санаймын.

– Осы жерде АҚШ нені көздеп отыр?

– Меніңше, олардың мақсаты - Венесуэланың қалыпты дамуына кедергі келтіру. Уго Чавес басқарған, қазір Николас Мадуроның қолына өткен үкіметтің әлеуметтік бағдарламаларының жүзеге асуына тосқауыл қою. Осылайша, Венесуэла Республикасының иелігіндегі мұнай және энергетикалық ресурстарды тартып алу.

– Бұл ретте Куба Республикасының ұстанымы қандай?

– Куба, әу, бастан, Боливар және Чавистік революцияны, Венесуэла халқының азаматтық және әскери одағын мейлінше қолдайтынын мәлімдеді. Біз конституциялық президент Николас Мадуро басқаратын заңды және демократиялық үкіметке қолдау білдіреміз. Куба Венесуэлаға қарсы іс-қимылдар мен санкцияларға, елді экономикалық тұрғыдан тоқыратуға және  Венесуэла азаматтарына зиян келтіруге бағытталған әрекеттерге қарсы. Куба елдің ішкі ісіне араласуды және Венесуэлаға қарсы экономикалық агрессияны құптамайды. АҚШ қолданып отырған әдістердің барлығы біз үшін жаңалық емес. Бір кездері бұл әдістердің барлығы бізге қарсы қолданылған.

– Неге Латын Америкасы елдері Куба секілді өз позициясын ұстана алмады?

– Өкінішке қарай, Латын Америкасының көптеген елі АҚШ-тың экономиканы тұншықтыру әрекетіне қосылып кетті. Жақында Америкалық мемлекеттер ұйымы "Өзара көмек туралы" американдық келісім бойынша Венесуэлаға қарсы заңсыз шешім қабылдады. Мұндай шешім аталған келісімнің тарихында алғаш рет қабылданды. Шарт әскери араласуға дейінгі саяси, экономикалық және дипломатиялық шараларды қарастырады.

Неге заңсыз? Өйткені Венесуэла Боливар Республикасы біраз уақыттан бері Америкалық мемлекеттер ұйымына мүше емес. Мемлекет аталған келісімге қатысудан бірнеше жыл бұрын бас тартқан. Процесті заңды деп тану үшін Америкалық мемлекеттер ұйымы өзін-өзі республиканың президентімін деп жариялаған Хуан Гуаидоға аталған келісімді өз еліне қарсы қолдануды өтінді. Міне, осыдан кейін оппозицияның келіссөздерден не себепті бас тартқаны белгілі болады. Олар мәселені бейбіт жолмен шешуді қаламайды. Керісінше, Венесуэладағы жағдайды толығымен тұрақсыздандыруды көздейді.

- Венесуэладағы саяси дағдарысқа экономикалық дағдарыс әсер еткен жоқ па?

- Әрине, тұрақсыздықтың барлығы осыдан басталды. Бірнеше жыл қатарынан Венесуэлаға қарсы экономикалық және қаржылық шабуыл жасалуда. Яғни, республиканың дамуына кедергі келтірілуде. Шынын айтсақ, Венесуэла үкіметінің шетелдік банктердегі 300 млрд доллардан астам қаржысы тартып алынды. АҚШ аумағындағы отын тасымалдаумен айналысатын венесуэлалық кәсіпорындардың барлық активі тәркіленді. Осының өзі республиканың экономикасына соққы болып тиді.

Енді АҚШ-тың бұйрығымен әрекет ететін ішкі олигархияның көмегімен конституциялық президент Мадуро басқаратын Чавистік үкіметтің шешіміне қарсы шара қолданылуда.

Жоғарыда айтқанымдай, АҚШ-тың басты мақсаты ішкі ісіне араласа отырып, елдің берекесін қашыру. Халық үкіметін құлату және оппозицияның конструктивті емес бөлігінің көмегімен аумақты бақылауға алу. Ал қалғаны бос әңгіме. Бұл – әділ сайлау, адам құқығын қорғау туралы демагогия. Ел бірнеше жыл бойы экономикалық, қаржылық және сауда дағдарысына түскен кезде бірдеңе айтудың өзі артық. Халық қолдамайтын, бірақ шетелден қолдау көрсетіліп, қаржыландыратын, заңсыз және өзін-өзі президентпін деп жариялаған елде қандай береке болсын?!

Куба АҚШ үкіметінің тарапынан жасалып отырған агрессияны айыптайды. Біз олардың әрекетін гуманитарлық көмек жасаған болып, әскери шабуыл дайындау деп білеміз. Бұл шаралар Венесуэла Боливар Республикасына қарсы бағытталған. АҚШ мұндай әрекетті Югославияға, Иракқа және Ливияға қарсы бірнеше рет қолданды. Сондықтан біз халықаралық қауымдастықты аталған жоспарлардың орындалуына кедергі келтіруге шақырамыз.

– Қазіргі жағдайда әлем қауымдастығы Венесуэла Боливар Республикасына қалай көмектесе алады?

– Қазір Венесуэла басқа елдердің қолдауы мен ынтымағына ерекше мұқтаж. Бұл елді әскери басқыншылықтан қорғау керек. Бұл жердегі сұрақ айқын: Венесуэладағы бейбітшілікті кімдер жақтайды, кімдер соғыс болғанын құптайды? Жауап та анық. Иә немесе жоқ. Үшінші нұсқа болмайды. Әрине, әлемнің барлық ақылды көшбасшылары және қарапайым адамдар бейбітшілікті қолдайды. АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы диверсиялық саясатына қолдау білдіретін елдер де жоқ емес. 

Венесуэланың қалыпты дамуы үшін АҚШ-тың да, басқа елдердің де біржақты санкцияларының бәрі дереу алынып тасталуы тиіс. Бұл санкциялардың бәрі заңсыз. Олар халықаралық құқықтық нормалар мен ережелерді, БҰҰ жарғысын және мемлекеттер арасындағы еркін сауда шарттарын бұзып отыр.

– Көптеген елдер Венесуэлаға гуманитарлық көмек көрсетуге тырысты ғой...

– Сіздің не айтқалы отырғаныңызды түсіндім. Олар республика заңдарына қайшы келетін гуманитарлық көмек көрсетті. Сондықтан мұндай әрекеттер сәтсіз аяқталды. Менің ойымша, кез-келген ел мұндай "көмекке" жол бермейді және заңды билік мұндай "көмекті" реакциясыз қалдырмайды. Сондықтан "көмекті" мәжбүрлеп әкелуге күш жұмсалады. Колумбия шекарасы арқылы өткен гуманитарлық жүк те арандату болып шықты. Бұл да оппозицияның өзге әрекеттері сияқты, конституциялық үкіметке қарсы бағытталған және АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асырылған іс.

– АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы саясаты Кубаға бағытталуы мүмкін бе?

– Әлбетте. Мұндағы ең күрделі шешім - Венесуэланы Кубаға мұнай мен жанармай жеткізу мүмкіндігінен айыратын шаралар. Аталған бизнеспен айналысатын кәсіпорындарға санкция салынады. Уақыт өте келе санкцияның аясы кеңейеді. Мұның барлығы жағдайды ушықтырып, еліміздегі энергия ресурстарының тапшылығын тудырады. Біздің үкімет халыққа және елдің экономикалық, өндірістік секторына отын жеткізуді шектеу үшін ішкі шараларды қабылдауға мәжбүр болды. Енді біз энергияны алыс нарықтан әкелуіміз керек. Ал бұл логистиканың құнын автоматты түрде арттырады.

Десе де, мен жеңіс біздің жақта болатынына сенімді екенімді атап өткім келеді. Өйткені шындық біздің жақта. Екіншіден, біздің ісіміздің адалдығы халықаралық құқық нормаларымен дәлелденген.

Біз – Венесуэламен ынтымақтаспыз. Боливар революциясы аясында халықтың игілігі үшін көп нәрсе жасалды. Венесуэла үкіметі Боливар революциясына дейін дауыс беру құқығы, білімі, баспанасы жоқ, денсаулық сақтау жүйесі қолжетімсіз адамдарды қолдады. Бұл – бос сөз емес, таза шындық. Бірақ біз республикаға тыныштық берілмейтінін, АҚШ агрессиясымен үнемі күресуге тура келетінін жақсы түсінеміз және бұл тек Венесуэлаға ғана емес, Латын Америкасының барлық елдеріне қатысты екенін білеміз. 

– Венесуэла мен АҚШ арасындағы түсініспеушілік Латын Америкасының басқа елдеріне кесірін тигізбей ме?  

– Венесуэлаға қарсы күш қолдану аймақтық тұрақтылыққа қауіп төндіреді және Латын Америкасы мен Кариб бассейнін бейбітшілік аймағының мәртебесіне нұқсан келтіреді. Қазір АҚШ-тың Латын Америкасындағы саясаты Монро доктринасын басшылыққа алып отыр. Соған сәйкес Латын Америкасы АҚШ-тың тірегіне айналады. Осылайша олар өздері қалаған нәрсені жасап, пайда табуға тырысады. Дегенмен қазір уақыт өзгерген. АҚШ-тың Латын Америкасы елдеріндегі қылмыстық саясаты әшкереленіп жатыр. Мұны біз ғана емес, бүкіл әлем көріп отыр.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу