Олай деуге себеп, соңғы жылдары әлемдегі №1 спортқа ел билігі де ерекше емеурін танытып келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осы орайда, сайт тілшісі журналист, спорт сарапшысы Оңғар Қабденнің ой-пікірін біліп көрді.
Легионерлерге миллиондап ақша төлегеннен, балалар спорты назардан тыс қалды
"Футбол клубтарын мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды тоқтату керек!" деген журналист Исландия футболындағы басым бағыттарды мысалға келтіріп отыр.
Оның сөзінше, балалар футболы мен инфрақұрылымға баса назар аудару арқылы-ақ көп нәрсені жолға қоюға болады.
– Францияда өткен Еуропа чемпионатында Исландия футболшылары айды аспанға бір-ақ шығарып, ширек финалға дейін жеткен еді. Тіпті, 1/8 финалда футболдың отаны саналатын Англияны ұтып, сенсация жасады.
Исландияның осы жеңісінен кейін бүкіл әлем олардың феноменіне қызығушылық танытқан. Жауабы қарапайым болып шықты. Гейзерлер елі үшінші мыңжылдық басталғанда футболға қатты назар аударған. Сөйтіп, елдің түкпір-түкпірінде стадиондар салып, балалар спортын дамытуға басымдық берген.
Исландияда небәрі 360 мың адам мекендейді. Бұл дегеніңіз, Қазақстандағы бір облыстың халқынан аз көрсеткіш. Соған қарамастан, Исландияда бүкіл стандарт бойынша салынған 179 стадион бар екен. Әрбір жасыл алаңға 1800 адамнан келіп тұр. Бұған мектептерде, тұрғын үйлер ауласында салынған пәленбай шағын алаңды қосыңыз. Яғни, исланд халқы футболмен тыныстап тұр деуге де болады, – дейді журналист Оңғар Қабден.
Сөз арасында ол Исландиядағы жайтты ел спортымен салыстырды. Журналистің айтуынша, соңғы уақытта ғана Қазақстан футболды дамытуға жаңаша көзқарасты бастады.
Президент: Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды
Ұлттық құрылтайда дәл осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылым жайын да сөз етіп, мұны өз бақылауында ұстайтынын жеткізген еді.
Президенттің айтуынша, елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек әрі отандық футболға бизнес ретінде қарайтын күн жетті.
– Демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн. Бұл мәселені бақылауда ұстаймын.
Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуы тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз.
Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз.
Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады.
Осы салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек.
Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек.
Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақтар әлем чемпионатында атой салатын күн туатыны анық
Журналист Оңғар Қабден Президенттің жоғарыда айтқан сөзімен толықтай келіседі.
Ол "Мемлекеттің ақшасы легионердің қалтасына емес, балалар спортын дамытуға, қажетті инфрақұрылым салуға жұмсалуы керек" деп отыр.
– Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде футболды дамыту қажет екенін айтыпты. Облыстық стадиондарды күрделі жөндеуден өткізуге немесе жаңасын салуға тапсырма берді. Бірақ оған қаражатты мемлекет емес, демеушілер беруге тиіс. Ал әрбір облыс, аудан орталықтарында, ауылдар мен елді-мекендерде балаларға арналған алаңдар салынуы қажет.
Президент сондай-ақ футболды коммерциялық жоба ретінде қарауды ұсынып отыр. Яғни, футбол клубтары жекеменшікке өтуі тиіс. Айтуынша, жауапты министрлікке, футбол федерациясына, жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырма берген көрінеді. Бұл – өте дұрыс. Мемлекеттің ақшасы легионердің қалтасына емес, балалар спортын дамытуға, қажетті инфрақұрылым салуға жұмсалуы керек. Әрине, мұның нәтижесін алдағы 4-5 жылда көрмейтініміз басы ашық мәселе. Алайда 10-15 жыл көлемінде қазақтар әлем чемпионатында атой салатын күн туатыны анық, – деп сөзін қорытындылады ол.
Ойнай алмайтын футболшының өзіне 15-20 миллион теңге жалақы төленеді
Жуырда ғана Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің "Ордабасы" клубындағы былықтар туралы айтқан сөзі әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.
Шенеуніктің сөзінше, жергілікті клубта ойнайтын футболшылардың жалақысы тым көп. Бірнеше жылға келісімшартқа отырғандықтан, оны бұзғаннан еш пайда болмай тұр.
– Ойыншылардың орташа айлығы – 15 миллион теңге. Екі жылға келісімшартқа отырған. УЕФА-ға тіркеп қойған. Біз оны тоқтатсақ, онда соңына дейін айлығын төлеп беруіміз керек. Ештеңе істей алмаймыз. Бәрімен сөйлесіп, біртіндеп кетіріп жатырмыз. Ашығын айтайын, Асхат Тағыберген сияқты ойыншылар қазір ойнай алмайды да, кетпейді де, отыр. 20 миллион теңге жалақыдан алып отыр. Мен ештеңе істей алмаймын. Тоқтатсам, соңына дейін төлеп беруім керек. Өзімізден 10 жас баланы қостық. Мұның бәрін көпшіліктің сұрағына нүкте қою үшін айтып жатырмын. "Оңтүстік" секілді жастар командалары тек құжат жүзінде болған. Достарым жеке қаражатына Хорватия мен Сербияға апарып келді, формасын алып берді, енді автобус әперейін деп жатыр, – деді әкім шарасыздан.
Шыны керек, елдегі легионерлермен қоса, отандық ойыншылардың да көп жалақы алатынын спортсүйер қауым жақсы біледі. Сондықтан да, олардың басым бөлігі шетелдік клубқа ауысуды құп көрмеуі мүмкін. Яғни, Шымкент әкімі айтқан мысал да елдегі футболдың дамуына өз кедергісін келтіріп отыр.
Сонымен, Қазақстан футболмен тыныстайтын елге айналуға қадам жасаған секілді. Өйткені, Президенттің бір ғана "...Кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын" деген сөзі біршама қозғалысқа түрткі болуы тиіс. Әрі инфрақұрылым мен балалар футболына мән беру елдегі ең көп қаржы бөлінетін спортты дамытудың ең қарапайым жолы саналмақ.
Еске салайық, бұған дейін inbusiness.kz тілшісі "Бюджетті "сауын сиыр" етіп алған салалар белгілі болды" деген тақырыпта сараптамалық мақала жазған болатын.