"Ең сұмдығы: Лагерде бойына бала біткен әйелдерге де аяушылық болған жоқ"

5324

Бүгін, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 

"Ең сұмдығы: Лагерде бойына бала біткен әйелдерге де аяушылық болған жоқ" Фото: Тасқын Болатұлы

Қазақ даласында 1930 жылдары тікелей Сталиннің бұйрығымен Қарлаг, АЛЖИР сынды 10-нан астам жаппай жазалау және еңбекпен түзеу лагерлері пайда болды. Бұл түрмелер заң орнатуға емес, адамды адамдық қалыбынан айыруға арналған жер бетіндегі анық тозақ еді. 

 

Мысалы, АЛЖИР-де "Отанын сатқандардың" әйелі және әйел туыстары зұлмат көрді. 

Саяси жер аударылғандарды "Сталиндік вагонмен" тасыған. Оны басқаша "Қызылша" деп те атаған.

 

Осы орайда Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешенінен фоторепортаж ұсынып отырмыз. 

"Қасірет қақпасы" монументі – киелі жерге кірудің нышаны іспеттес, бұл жерде екі дүние – тірілер мен бақи болғандар кездесетіндей. Монумент қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларын қайғырған әйелді бейнелейді. Қақпадан өтіп бара жатып бас ию қажет, бұл – қуғын-сүргін жылдары мерт болған адамдарға жасалған тағзым!

Лагердің орналасқан орны дәл қазіргі астананың іргесі, Ақмол деген ауыл. Мұндағы 40 градус суық қыс, 40 градус ыстық жазда әйелдер ауыр еңбекке жегілді. 

Жалаңаш көлінен қамыс буды. 

Тұратын үйлерін де өздеріне саманнан салдырды.

АЛЖИР музейінің экскурсоводы әйелдерді азаптау сәтін былайша баяндайды: "Тергеу бөлмесінде әйелдерді аяғы жерге тиместей биік орындыққа отырғызды. Тергеушілер жарты сағат сайын алмасып тұрды. Ал әйелдер бес сағат бойы тапжылмай отырды, соның салдарынан аяқтары ісініп, есінен танып құлайтын болған".

 

"Қамаудағы әйелдерге туысынан хат келетін. Әскерилер хатты өртейміз деп қағаз шетіне от тигізіп, мазақ қылатын. Соңында олар шет-шеті күйіп, танылуы қиын жазуды оқуға мәжбүр болатын".

 

Ең сұмдығы лагерде бойына бала біткен әйелдерге де аяушылық болған жоқ. Темір тордың ар жағында 1 507 нәресте дүниеге келіп, басым көпшілігі аяз бен аштықтың құрбаны болды.

АЛЖИР лагерінде Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов сынды Алаш арыстарының да жақындары болды.

Лагерде жалпы саны 20 мыңнан астам адам – 15-тен астам ұлт өкілдері өтті. Сегіз мың әйел "қоңыраудан қоңырауға дейін" қамауда болды. Музей ауласына 14 елдің елшіліктері ескерткіш белгі орнатқан.

Жалпы 1934-1956 жылдар аралығында Кеңестік ГУЛАГ лагерлерінде жалпы саны шамамен 22 млн адам ауыр зұлматты бастан кешірді. Ашық дереккөздерде 830 мың орыс, 181 мың украин, 44 мың беларусь, 25 мың татар, 24 мың өзбек, 20 мың еврей, 18 мың неміс, 17 мың қазақ, 16 мың поляк, 12 мың грузин, 17 мың армян, 9 мың түрікмен, 5 мың башқұрт, 4 мың тәжік, басқа да 100-ден астам кеңестік ұлт өкілдері болғаны айтылады. 

"Халық жаулары", тегін жұмыс күші ретінде, сол кездегі "үлкен" өндіріс пен халық шаруашылығының әртүрлі саласын "өркендетуге" жегілді. Тұтқындар, соноу Қиыр Шығыс, Сібірден бастап, барлық солтүстік өңірлерді қамтып, Қазақстанның да өндіріс орындарын игеруге пайдаланылды. Ұлы Отан соғысы басталып, аяқталғанға дейін олардың күшімен 640 зауыт іске косылды, 842 аэродром, 8 мың км автомобиль жолдары, көптеген домна, мартен пештері, т.б. салынды. Соғыстан кейін атом, сутегі бомбаларын шығарып, оларды сынауға, сынайтын шахталарды ұңғылауға да сол (Қазақстанда) тұтқындар айдап салынды. 

КСРО-да мұндай жалпы саны 53 лагерь болды. 1934-1956 жылы барлығы бірдей жазалаушы органдардың ерекше қатаң бақылауында болды. Осындай Гулаг 20-дан астамы Қазақстан жерінде орналастырылды. 

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу