Ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден неге аспайды?

2195

Сарапшылар ең төменгі айлық мөлшері бұдан да жоғары болуы керек деп санайды.

Ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден неге аспайды? Фото: inbusiness.kz

2024 жылдың қаңтарынан бастап елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге жетті. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында бұл шараның республикадағы 1 миллион 800 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетіні айтылған. Ең төменгі жалақыны арттыру ел экономикасына қалай әсер етеді? inbusiness.kz сайтының тілшісі мәселені зерттеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, биылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы жаңа әдіспен есептеледі. Әдістемеге сәйкес Ең төменгі жалақы мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалмақ.

Жалпы ең төменгі айлыққа қатысты мәселеде қоғам пікірі қақ жарылды. Тіпті заң шығарушы органдарда жүрген азаматтарымыз да осыған байланысты бірқатар ұсыныс тастаған болатын. Мәселен, 2023 жылғы қараша айында Асхат Рақымжанов ең төменгі жалақы мөлшері 200 мың теңге шамасында болуы тиіс екенін айтты.

"Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ай сайын әлеуметтік маңызды азы-түлік тауарларына тиісті мониторинг жасап келеді. Біздің есептеулерімізге сәйкес, бір қазақстандық орташа алғанда барлық табысының 55 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Біздіңше, елде ең төменгі жалақы 200 мың теңге шамасында болуы тиіс", – деді мәжілісмен.

Ал оның әріптесі Ринат Зайытов Ең төменгі жалақы мөлшері 300 мың теңге болуы керек деген пікірде екенін жеткізді. Оның сөзінше, мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмей, ең төменгі айлықты арттыруға болады.

Десек те, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың сөзінше, ең төменгі айлықты депутаттардың ұсыныстарына сәйкес арттыру шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізеді.

Сонымен ең төменгі жалақы неге 85 мың теңгеден аспай тұр? Ол артқан күннің өзінде мемлекет қазынасы мұндай шығындарға дайын ба?

"Ең төменгі айлық 85 мың теңгеден жоғары болуы керек"

"Ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге жетті. Бұл жағдайға байланысты айтатын болсақ, Үкімет мүшелері өз есептерінде соңғы үш жылда ең төменгі жалақы мөлшері екі есеге ұлғайды деп айтып жатыр. Яғни, 42,5 мың теңге болған, қазір 85 мың теңге. Меніңше, реалды түрде әлі де болсын бұл өте төмен жалақы және де ол әлдеқайда жоғарырақ болуы керек. Сол бағытта нақты зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек деп есептеймін. Әлеуметтік Кодекс қабылданды, соның төңірегінде еңбек министрлігі айтып жатқан бізде әлемдік есептеулерді пайдалана отырып, 2025 жылдан бастап ғана жаңа әдістемелерді қолданамыз деген ұсыныстарды айтып жатыр. Көп сұхбатымда осы мәселе туралы айтып жатырмын. Мұны күтудің де қажеті жоқ, соған сәйкес есептеп, солай бекітілуі керек. Өйткені 85 мың теңге болсын, алдыңғы 70 мың теңге болсын, оның нақты экономикалық негіздері жоқ. Қалай есептелгенін де өздері айтып бере алмайды. Сондықтан осыған байланысты әлемдік тәжірибені ескере отырып нақты есептеулер қолданылуы керек. Менің есептемелерім бойынша оның екі жолы бар. Бірі – орташа медианалық жалақының елу пайызын бекіту", – деді экономист Мақсат Халық.

Оның сөзінше, дамыған еуропалық мемлекеттерде орташа медианалық жалақының 60 пайызына дейін бекітеді. Сарапшы өткен жылда орташа медианалық жалақы 240 мың теңгеден жоғары болғанын еске салды.

"Демек ең төменгі жалақы 120 мың теңге деп бекіте беруге болады. Дәл қазіргі уақытта көлемі сондай болу керек. Тағы бір әдіс бар. Елдегі орташа арифметикалық жалақыны алып, бір адам 1-2 млн теңге, екіншісі 100-200 мың теңге табыс табуы мүмкін, соның орташа мәнін шығарады. Сол жерде мұның 365 мың теңгеден асқаны келтіріледі. Сондықтан осы орташа жалақының үштен бірінен кем болмауы керек деген тағы бір әдіс бар. Егер сол бойынша есептесек, онда еліміздегі ең төменгі жалақы тағы да 120 мың теңгенің үстінен шығатынын көріп отырмыз. Дәл қазіргі уақыттағы ең төменгі жалақының құны 120 мың теңге болуы керек және ол елдегі инфляция жағдайына, орташа жалақының өсуіне байланысты реттеліп отыруы керек деген ұсынысым бар", – деді ол.

Экономист ең төменгі айлықты арттыру мәселесінің екінші жағы бар екенін баса айтты.

"Тездетіп жалақыны арттырамыз деп ертең инфляцияны да өсіріп алмау керек. Үкіметтің алдындағы міндет – инфляцияны барынша төмендетіп, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, соның есебінен халықтың табысын арттыруға баса назар аударылу қажет. Сонда азаматтардың өмір сүру сапасы да жақсаратын болады", – деп түйіндеді Мақсат Халық.

Ал экономист Ләззат Нұрғалиқызының сөзінше, ең төменгі айлықты арттыруға елдің әлеуеті жеткілікті.

"Ең төменгі жалақының 85 мың теңге болуына көп экономист те келіспейді. Көпшілікке түсінікті болуы үшін айтатын болсақ, 85 мың теңгеден ең төменгі жалақыны бір отбасында ата-анасы алатын болды дейік. Отбасында 4 немесе 5 бала болса, мемлекет тарапынан төрт балаға берілетін көмек 50 мың теңгенің көлемінде. Сонда бір отбасына тиетін қаржы 200 мың теңгеге жуықтайды. Ал сол отбасының бір айлық азық-түлік себетін есептесек, оларға жетпейді деген сөз. Сондықтан бұған мен де келіспеймін. Бұл елдің экономикасына өзінің үлесін қосады не болмаса халықтың жағдайын едәуір көтеруге көмектеседі деген пікірге қосылмаймын. Себебі халықтың күнкөріс деңгейінің төмендігінің нәтижесінде көпшілігі несиеге байланған. Олардың бәрі тек үй немесе көлік алу үшін емес, күнделікті тамағының өзін несиеге алуға мәжбүр болып отырған отбасылар бар", – деді ол.                                              

Сарапшы өткен жылы депутаттардың көтерген бастамаларына қатысты да пікірін білдірді.

"Депутаттардың ең төменгі жалақы 200-300 мың теңге болуы керек дегеніне толығымен қосыламын. Себебі еліміздің әлеуеті оған жетеді", – деді сарапшы.

Еске салайық, осыған дейін елімізде ең төменгі жалақы мөлшері өскенін жазған болатынбыз. Сонымен қатар биыл қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгерістер болатынына да тоқталдық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу