Келесі жылы қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгеріс болады

3995

1 қаңтардан бастап елімізде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өзгерістер күтіліп отыр.

Келесі жылы қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгеріс болады Фото: inbusiness.kz

БЖТ жойылады, декларациялаудың үшінші кезеңі бастау алады, сондай-ақ зиянды еңбекте жүргендер арнаулы төлем алады. 2024 жылы тағы қандай өзгерістер болады? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады.

Бірыңғай жиынтық төлем алынып тасталады

2019 жылдың қаңтар айынан бастап енгізілген Бірыңғай жиынтық төлем келер жылдан бастап жойылады. Бұл төлем түрін өзін-өзі жұмыспен қатығандар төлеп келді. БЖТ жеке табыс салығын, зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына және медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарналарды біріктіреді.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, БЖТ механизмі өзін-өзі ақтаған жоқ.

"Бірыңғай жиынтық төлемді бірнеше жыл бұрын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға бір жеңілдік түрінде енгізген болатынбыз. Бірақ бұл құрал өзін-өзі ақтаған жоқ. Себебі 2023 жылдың деректеріне сүйенсек, жыл бойы БЖТ арқылы төленген сома 1,5 млрд теңге ғана. 300 мың адам қамтылған. Яғни, бұл сома мардымсыз", - деді министр.

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады

Келесі жылы заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары декларация тапсырады. Үшінші кезең шеңберінде 3,9 млн адам декларациялаумен қамтылады. Айта кету керек, бұл талап уақытша тоқтатылған және әрекетсіз тұрған салық төлеушілеріне де қолданылады.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияның қағаз түріндегі нұсқасын ұсыну мерзімін 15 шілдеден, ал электрондық түрде ұсынылған жағдайда 15 қыркүйегінен кешіктірмеу қажет.

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылады

2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақтаушы шотына аударылып отырады. Бұл бағдарламаға кәмелеттік жасқа жетпеген қазақстандықтар қатысады. Жыл сайын балалардың шотына жіберілетін төлем доллармен сақталады. Осыған дейін  бағдарлама және жобаға қатысу шарттары туралы толығырақ жазған болатынбыз.

55 жасқа толған кеншілер арнаулы төлем алады

Зиянды өндірісте істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем төленеді. Бұл төлем түрі зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беріледі. Келесі жылдан бастап 37 мың қазақстандық арнаулы төлемді алуы мүмкін.

Төлем түрі 4 көзден – бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;  жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем; сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі; бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемінен қалыптасады деп күтіліп отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова ай сайын орташа есеппен 208 мың теңге көлемінде төлем жасалатынын мәлімдеген еді.

Ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауында тиісті тапсырма берген болатын.

"Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді", - деді Президент.

"2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңда көрсетілгендей, келер жылдан бастап жалақының ең төмен мөлшерi 85 мың теңге болады. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 28 215 теңге,  зейнетақының ең төмен мөлшерi 57 853 теңге және айлық есептiк көрсеткiш 3 692 теңгені құрайтын болады. Сондай-ақ ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы 43 407 теңге болып белгiленбек.

Төлқұжат жасату құны өзгереді

2024 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі балалар 24 беттік төлқұжатты жасатуға 4 АЕК төлейтін болады. Ересектер тиісті құжат үшін келесідей төлем жасайды: 36 беттік паспорт үшін – 8 АЕК, 48 беттікке – 12 АЕК.

Әлеуметтік төлемдер, зейнетақы, жәрдемақы

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшерлері 7 пайызға арттады. Бұл туралы Үкіметтің тиісті қаулысында жазылған. 

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 130 414 теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 пайызға өседі. Бұдан бөлек мемлекеттік жәрдемақыларды арттыру да көзделген.

"1, 2, 3 баланың дүниеге келуіне берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы – 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғаяды. Балалар санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін артады. Сондай-ақ, I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылады", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий аяқталады

Келесі жылдан бастап бизнесті тексеруге тыйым салатын мораторий аяқталады. Таяуда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ШОБ-ты тексеруге енгізілген мораторий ұзартылмайтынын мәлімдеген болатын. Бұл мораторий 2020 жылы қолданысқа енгізіліп, 2023 жылы аяқталуы тиіс болған.

Айта кетейік, осыған дейін Жаңа жылға қарай азық-түлік бағасы қалай құбылатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу