Енді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар да тұрғын үй кешендерін салады

3566

ӘКК-тер мемлекеттік баспананы іске қосу жұмысына тартылады. 

Енді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар да тұрғын үй кешендерін салады Фото: canva.com

Олар тұрғызған тұрғын үйдің жалпы алаңының кемінде 2%-ын коммуналдық меншікке беруге міндеттеледі.

"Kazakh Invest" ұлттық компаниясының дерегінше, "әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды" (ӘКК) құру идеясы мен бастамасы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екен. Оны 2006 жылғы 1 наурыздағы жолдауында жариялап, Үкіметке тиісті тапсырма берген.

ӘКК-тер өңірлердің ұлттық компаниялары болады және олардың жан-жақты дамуына шешуші үлес қосуға тиіс. Алайда корпорациялардың немен айналысқанын жұртшылық түгіл, депутаттар мен сарапшылар да біле бермейді. Біз төменде осыған қатысты егжей-тегжейлі ақпарат ұсынып отырмыз.

"Алғашында бұл мекемелер бірен-саран жақсы жобаларды іске асырды. Бірақ соңғы 10-15 жылда бұл корпорациялардан ешқандай пайда жоқтығын байқадық. Олар өңірлік даму институты емес, әкімдердің жекеменшік компаниясына айналып кеткен сияқты. Өзінің нақты миссиясын таба алмаған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың осы 18 жыл ішінде айналыспаған ісі жоқ! Бірі Үкіметтен 0,01%-бен қарызға алған су-тегін ақшаны ірі сауда үйлеріне таратып жүр. Енді бірі әкімдіктердің өздері-ақ жасайтын жұмысына жағаласып, жер учаскелерін алып, оларды кәсіпкерлерге жалға берумен, делдалдықпен айналысады", – дейді мәжілісмен Анас Баққожаев.

Оның айтуынша, ӘКК-тердің "түкке қажеті жоқ", ал, "жобаларының жемқорлық тәуекелі көп". 2006 жылдан бері корпорациялардың 100-ден аса қызметкері коррупция бойынша сотталған. 50-ге жуық жобалары еш қажетсіз деп танылған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі корпорациялардың көптеген бағыты заңға қайшы деп қанша рет айтып келеді, бірақ оның талабын елеген де ешкім байқалмайды.

"Кәсіпкерлерді дамыту үшін жаралған корпорациялар кәсіпкерлерге қол ұшын беру орнына оларды өз қолымен "тұншықтырып" жүр. Мысалы, Атыраудағы "Каспий Лана" жүн өңдеу зауытының нақты проблемаларын шешу орнына, сол бизнеске 49% үлеспен кірген жергілікті ӘКК компаниямен соттасып, оның есепшоттары мен дүние-мүлкін бұғаттап, тоз-тозын шығарған. Мұндай мысалдар елде өте көп. Жалпы, квазимемлекеттік мекеме болып есептелетін, 17 облыс пен 3 ірі қалада бар ӘКК-тердің жұмысы еш заңмен реттелмеген. Оларға бағыт-бағдар беретін, оңы мен солын анықтайтын бірде-бір заң нормасы жоқ! Тек өз жарғысының негізінде қызмет атқаруда. Бір сөзбен айтқанда оларды "жүгенсіз кеткендер" деп атауға болады!", – деді Мәжіліс депутаты.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мұндай проблемалардың барын жасырмады. Сондықтан Үкімет бұл салада реформа жүргізу мәселесін пысықтап жатқан көрінеді.

Вице-премьердің айтуынша, ӘКК-тердің атқаруына рұқсат етілген қызметтер мен кәсіптер ауқымы өте кең. Олар мысалы, коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша консультация берумен; өзге де кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметпен; экономикалық қызметті тиімді жүргізуді реттеумен және жәрдемдесумен; коммерциялық және кәсіпкерлік қоғамдық ұйымдардың қызметімен айналыса алады.

Сондай-ақ ӘКК-тер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын "мамандандырылған ұйымдар" болып табылады.

"Жалпы алғанда, Азаматтық кодек пен "Акционерлік қоғамдар туралы" заңына сәйкес, олар заңнамада тыйым салынбаған кез келген қызметті жүзеге асыруға және табыс табуға құқылы. ӘКК-тер құрылғалы белгілі бір тәжірибе жинақтады. Кең ауқымды мәселелерді шешу бойынша базасы құрылды. Мысалы, олар өз өңірінде инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысады, әлеуметтік инфрақұрылымды ұйымдастырады және басқасы бар", – деді еліміздің бас экономисті Нұрлан Байбазаров.

Сонымен бірге, ол өңірлік осы ұлттық компаниялардың жұмысын бүге-шігесіне дейін реттейтін заң керектігін нықтады. Осы мақсатта Ұлттық экономика министрлігі қолданыстағы "Мемлекеттік мүлік туралы" заңға заңнамалық түзетулер топтамасын әзірледі.

Атап айтқанда, жаңа заң жобасында корпорацияларды құрудың мақсаттары нақты белгіленеді. ӘКК-тердің функцияларының толық тізбесі айқындалады, оларға мәселен, мемлекеттік коммуналдық активтерді басқару, жеке бизнеспен әріптестікте бірлескен жобаларды іске асыру және басқасы жүктеледі.

Сондай-ақ жобаларды іріктеу және іске асыру тәртібі, ӘКК-тің жеке кәсіпкерліктің өзге субъектілерімен өзара ісқимыл тетігін айқындау және басқасы регламенттелмек. Жаңа заң жобасында ӘКК-терге жаңа құзырлар беру ұсынылған.

"Бұл корпорациялар облыстардың және мегаполистердің даму жоспарларының мақсаттарына қол жеткізуге қатысады. Осыған бағытталған жобаларды іске асыру үшін ӘКК-терге конкурстан тыс жер учаскелерін беру жөнінде түзетулерге бастамашылық жасалып жатыр. ӘКК-тер ол жерде тұрғын үй салады. Кейіннен ондағы пәтерлер мен коммерциялық үй-жайлардың бір бөлігін – тұрғын үй құрылысы кезіндегі жалпы алаңның кемінде 2%-ын коммуналдық меншікке беруі керек", – деді вице-премьер–экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Inbusiness.kz әрбір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қашан құрылғаны және содан бері не бітіргені туралы егжей-тегжейлі ақпаратты ұсынады:

1. "Ұлытау" ӘКК

Ең шығындысының бірі. 2022 жылдың тамыз айында құрылған. Ол ӘМАТ бағасын реттеу мақсатында Тұрақтандыру қоры жұмысын жүргізуде. Мұндай тауарлардың 15 түрі бойынша 1,5 млрд теңгеге 27 контракт жасап, 2,8 мың тонна тауарға интервенция жүргізілді. Жыл басынан бері ӘМАТ бағасының индексі 92,3%-ға төмендеп, Ұлытау облысы 17-ші орында тұр. Салыстырсақ, 2023 жылы баға индексі 110,5% болып, облыстар арасында 1-орынға шығып еді. Жергілікті шаруа қожалықтары өнімдерін өткізу мақсатында Жезқазғанда "Ауыл өнімдері" фермерлік дүкендерін ашу жұмыстарын жүргізуде. Ол дүкендерде ӘМАТ тауарлары төмен бағамен сатылады.

2024 жылдың ақпанында ӘКК пен жеке инвестор бірігіп, Жезқазғанда қонақ үй кешенінің құрылысын бастады. Бюджеттік инвестиция көлемі 256 млн теңге. Онда қосымша 18 төсек-орын қосылып, жаңа 20 жұмыс орны ашылды. Жаңа өндіріс орындарын құру үшін Сәтбаев қаласында кіші өндірістік аймақ және индустриалды аймақ ашу жұмыстарын жүргізуде. "Ауыл Аманатында" 3,1 млрд теңгеге 403 өтінімді мақұлдады.

2022-2023 жылдары келтірген залалының жалпы сомасы 128,7 млн теңге болды. 20,3 млн теңге ғана салық төлеген.

2. "Ақтөбе" ӘКК

Өте шығынды корпорация. Ірі инвест жобалары: Ақтөбеде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу. Инвестициялар көлемі – 296 млн теңге. Тиімді картопты өсіру және сақтау – 950 млн теңге. Оның қызметі туралы цифр аз. Аталған екеуінен басқа жобаларының тұсында "Инвестициялар болған жоқ" деп жазылған. ӘКК-ке өңірде азық-түлік тауарлары нарығындағы бағаны тұрақтандыру жүктелген. Тұрақтандыру қорының тауарлары дүкендерде әлеуметтік сөрелер, бөлімдер арқылы сатылады.

2011-2023 жылдар кезеңінде келтірген залалының жалпы сомасы шамамен 5,6 млрд теңгені құрады. Бюджетке төлеген салықтарының жалпы сомасы – 971 млн теңге.

3. "Тараз" ӘКК

Ірі инвестжобалары: "QZQ Finance" ЖШС Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ауыл шаруашылығы техникасын ұсыну бойынша лизингтік компания құру жөніндегі жоба. Инвестициялар көлемі – 1 млрд 82,7 млн теңге. Т.Рысқұлов ауданында балық шаруашылығын дамыту жобасы, "Nomad Aqua Invest" ЖШС: инвестиция көлемі – 150 млн теңге. "Таразкожобувь" ЖШС-нің былғары тауарлары мен аяқ киім өндірісі жөніндегі жобасы: инвестиция көлемі – 250 млн теңге. Жуалы ауданында күн-электр станциясын салу, "Burnoye Solar-1" жобасы: инвестициялар көлемі – 543,7 млн теңге.

2024 жылы "ӨДҚ" АҚ-ынан Жамбыл облысының аумағында шағын өнеркәсіп аймақтарын (ШӨА) салу үшін 4,56 млрд теңге тартылды. ШӨА құрылысын іске асыру шеңберінде республикалық маңызы бар "Тараз" индустриялық аймағы мен "Jibek Joly" арнайы экономикалық аймағы аумағында шамамен 40 мың шаршы метр өндірістік алаңдар салынуда. Пайдалануға беру мерзімі 2025 жылдың мамырына дейін. Дайын өндірістік үй-жайларды өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жалға беру жоспарланған. Бүгінде 9 шетелдік компаниямен жалпы сомасы 26,7 млрд теңгеге инвестжобаларды іске асыру үшін жалға беру бойынша алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.

2011–2023 жылдар аралығында келтірген шығынының жалпы сомасы – 750,5 млн теңге. Төлеген салығының жалпы сомасы 1 млрд теңге.

4. "Семей" ӘКК

2022 жылғы 21 қазанда құрылды. Ең ірі инвестициялық жобалары. 2023 жылы "Ауыл Аманаты" бағдарламасы аясында қоғам 2 млрд 59,5 млн теңге бөлді. Жобаға 6 аудан, оның ішінде 96 ауылдық округ енгізілді. 2023 жылдың қорытындысында ӘКК 2 млрд 59,5 млн теңгені толығымен игерді. 280 жұмыс орны құрылды, 210 жеке кәсіпкер тіркелді. 363 жеңілдетілген қарыз берілді, оның ішінде: қой сатып алуға 1 млрд 66,3 млн теңге сомасына 205 қарыз (2 741 аналық бас сатып алынды). Шағын және орта кәсіпкерлікті сатып алуға 113,9 млн теңге сомасына 21 қарыз (2 050 қой сатып алынды). Жылқы сатып алуға 835,6 млн теңге сомасына 129 қарыз (1 880 бас жылқы сатып алынды). Омарта ашуға 16,5 млн теңге сомасына 3 қарыз (250 ара отбасы сатып алынды). Ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлеріне 27,1 млн теңге сомасына 5 қарыз (жабдықтар мен негізгі құралдарды сатып алу және наубайхананы одан әрі ашу).

Отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне асыл тұқымды сиыр сатып алуға микрокредит беру шеңберінде сүт фермалары мен ауыл шаруашылығы техникасына арналған жабдық қаржыландырылды: "Өрнек" ЖШС-іне 1 млрд теңге; "Қаликанұлы" ШҚ-ына 1 млрд теңге (жеке кәсіпкер Қаликов Марат Қаликанұлы).

2022-2023 жылдары бюджетке төлеген салықтары – 347,7 млн теңге.

5. "Тобыл" ӘКК

Қазіргі уақытта ӘКК жалпы мәлімделген құны 1 триллион теңгені құрайтын 38 инвестжобаны іске асыруға қатысуда. Оларға ӘКК-тің құйған инвестициялары – 87,2 млрд теңге. Қостанайда жалпы алаңы 400 гектарды құрайтын республикалық маңызы бар Индустриялық аймақты құрды: ӘКК оны басқарушы компания болып айқындалды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясынан" алған несиелік міндеттемелерін орындауына кепілдік беруге қатысады, агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне кредит береді.

2011-2023 жылдары алған пайдасының жалпы сомасы шамамен – 2,1 млрд теңге. Төлеген салықтарының жалпы сомасы – 2,3 млрд теңге.

6. "Байқоңыр" ӘКК

2010 жылғы 14 желтоқсанда құрылды. Қызметін бастағалы жалпы сомасы 22,9 млрд теңге болатын 112 жобаға қатысты. Соның ішінде тартылған инвестицияларының көлемі 13,9 млрд теңге. ӘКК үлесі – 9,1 млрд теңге. 1 500-ден астам жұмыс орны құрылды. 112 кәсіпорынның 58-індегі ӘКК-тің үлесін жоба әріптестері толығымен сатып алды.

Бүгінгі күні ӘКК портфелінде жалпы сомасы 13,6 млрд теңге құрайтын 25 жоба бар, оған тартылған инвестиция 8,3 млрд теңге: ӘКК үлесі 5,3 млрд теңге. 25 жобаның ішінде 11,3 млрд теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылған. 2,3 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылу сатысында.

"Ауыл аманаты" бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2023 жылы 3 млрд теңге қаржы бөліп, 406 жобаны несиелендірді (33 кооператив және 373 жеке кәсіпкер). Берілген несиелер бойынша 713 жұмыс орындары ашылды. Қайтарылған қаржы есебінен биыл қосымша 7 жоба 79,1 млн теңгеге қаржыландырылды.

Көктемгі егін егу және күзгі жинау жұмыстарын жүргізуге "Кең дала-2" жобасы шеңберінде корпорацияға 5 млрд теңге несие қаржысы бөлінді. 16 шаруашылықтан 5,8 млрд теңгеге өтінім түсіп, 2,9 млрд теңгені құрайтын 10 өтінім мақұлданып, қаржыландырылды.

Қазіргі уақытта "Шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру" бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімдерін қайта өңдеу бойынша азық-түлік бағытындағы шағын өнеркәсіптік аймақты салу бойынша 1 жоба 420,9 млн теңгеге қаржыландырылды.

Ұқсас бағыттағы тағы бір жобаны іске асыру жоспарлануда. 2011-2023 жылдары алған пайдасы шамамен 575 млн теңге, бюджетке төлеген салығы – 1 млрд 915 млн теңге.

7. "Каспий" ӘКК

Ең ірі инвест жобалары. "Ақтау қаласының автобус паркін жаңарту" жобасын іске асыруда. "Маңғыстау облысының өңірлері мен Ақтау қаласында автобус паркін жаңарту" жобасы: жалпы құны – 1 млрд 444,4 млн теңге. 2022 жылғы 1 шілдеде 12 автобус Ақтау қаласының №2, №4 маршруттарына берілді. 2022 жылғы 25 қазанда "Ақтау – Басқұдық – Ақтау" №105 маршрутына 16 автобус берілді. "Пластмасса бұйымдарға полимер орамасын (ыдысын) өндіру" жобасы: жалпы құны – 368,4 млн теңге. 13 жұмыс орны құрылды. 2023 жылы 68 млн теңгенің 54 тонна өнімін шығарды. 2024 жылы 95 тонна өнім өндіру жоспарланған.

Өзге жобалары: "Маңғыстау Индустриалды паркі" ЖШС; "Каспий" тұщыландыру зауыты" ЖШС. Зауытты жаңартудың 2 кезеңі өткізіліп, су тұщыту қуаттылығы алдымен 20 000 шаршы метрге, содан кейін 40 000 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Тұщытылған суды Мұнайлы ауданы және Қарақия ауданының Құрық ауылының тұрғындары пайдалануда. Маңғыстау облысы бойынша "Ауыл аманаты" жобасын жүзеге асыруға 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Ауыл тұрғындарының кірісін арттыру жобасының ауқымын кеңейту үшін ауыл тұрғындарына шағын несие түрінде қаражат берілді.

2011-2023 жылдары тапқан пайдасының жалпы сомасы шамамен 800 млн теңге, бюджетке төленген салықтары – 700 млн теңге.

8. "Павлодар" ӘКК

2021-2022 жылдар кезеңінде ӘКК жалпы құны 892 млн теңге болатын 4 шағын және орта бизнестің жобасын іске асырды, оның ішінде тазартылған күнбағыс майын өндіру, демалыс аймағын салу, фри картобын өндіру бойынша жобалар бар. 2023 жылғы пайдасы – 239,7 млн теңге. Бұл 2022 жылдағыдан 32% жоғары (бір қызметкерге шаққандағы еңбек өнімділігі – 6,7 млн теңге).

Сондай-ақ шоғырландырылған пайданың оң серпіні байқалады: 2023 жылғы өсім 23%. Бірақ трамвай басқармасы 192,5 млн теңге шығын келтірген екен. 2023 жылы ӘКК екі мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысты: біріншіден, "Ауыл Аманаты" аясында ауылдықтарға арзан несие таратуға 1,5 млрд теңге бөлінді және игерілді.

Екіншіден, АӨК саласындағы жобаларға кредит беру аясында 2023 жылы жалпы сомасы 9,2 млрд теңгеге 6 жоба қаржыландырылды. 2024 жылы 250 млн теңге сомасына ШОБ-тың 5 инвестжобасын іске асыру көзделген.

Биыл "Кең Дала-2" бағдарламасына 2025 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімге 10 млрд теңге сомасына кредиттік желі ашу туралы Аграрлық несик корпорациясымен негіздемелік келісім жасалды. Бүгінде 9,5 млрд теңге сомасына 90 өтінім қабылданды, оның ішінде 7,7 млрд теңге сомасына 78 қарыз берілді.

Бұл ӘКК қазірден үй салуда: "Достық" шағынауданында екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде, 22 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. 2023 жылы 15,4 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосқан.

2011 жылдан 2023 жылға дейін пайдасы – 736 млн теңге, бюджетке салығының жалпы сомасы – 810 млн теңге.

9. "Солтүстік" ӘКК

Ең ірі инвестжобалары: АӨК дамыту жөніндегі бағдарлама шеңберінде 2011-2012 жылдардан бастап, СҚО-да 12 шаруашылық базасында асыл тұқымды өнім өндірушілерді құруды қаржыландырды. Ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды ІҚМ және асыл тұқымды ұсақ мал сатып алу: жалпы құны – 1 млрд 74 млн теңге. "Тамды" ФҚ базасында шұбат, түйе мен қой еті, тірі мал өндіретін кәсіпорын құру: жалпы құны – 18,5 млн теңге. "СҚО Есіл ауданы Покровка ауылында сыйымдылығы 1000 тоннаға дейінгі картопты сақтауға арналған көкөніс қоймасын жаңғырту": жалпы құны – 70,2 млн теңге.

2023 жылы АӨК субъектілеріне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 4 млрд 781,7 млн теңге берді. Оның ішінде 5  сүт-тауар фермаларын (СТФ) құру үшін 2 млрд 687,7 млн теңге, 2 құс фабрикасын ұйымдастыру үшін 1 млрд 530 млн теңге, қой шаруашылығы кешенін құруға 500 млн теңге, жарма өңдеу цехын құруға арналған 1 жобаға 64 млн теңге қарыз берді.

Тапқан пайдасының жалпы сомасы – 2,4 млрд теңге, бюджетке төленген салықтары – 1,8 млрд теңге.

10. "Түркістан" ӘКК

Шығынды корпорация. Ең ірі жобалары: тұрақтандыру қорына деп, оған бүгінгі күнге дейін жергілікті бюджеттен 7,24 млрд теңге қайтарымды негізде қаражат бөлінген. 2023 жылы бөлінген қаражаттың көп бөлігі, яғни 2 млрд 714 млн теңгесі Үкіметтің тапсырмасына сәйкес бір ғана жобаға – "Меркі қант" зауытына берілген.

Форвардтық сатып алу бойынша тауар өндірушілермен арада 1 млрд 38 млн теңгеге келісімшарттар жасалды. "Ауыл аманаты" жобасын қаржыландыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаржы бөлініп, бүгінде 19,5 млрд теңгеге 3 215 жоба қаржыландырылды.

Құрылыс саласы бойынша іске асырған жобалары: "Түркістан, Шымкент қалаларында және Мырзакент ауданында құрылыс саласында" 44,251 млрд теңге сомасына инвестжобалар іске асырылып, 236 705 шаршы метр пайдалануға берілді. "Түркістан облысы, Сауран ауданы, Шаға ауыл округіндегі өнеркәсіптік парктер құрылысы" (10 ғимарат): жобаның құны – 4,3 млрд теңге, жалпы ауданы – 24 780 ш.м. "Түркістан облысы, Сауран ауданы, Шаға ауыл округіндегі көкөніс сақтау қоймасының құрылысы": жобаның құны – 1,4 млрд теңге, жалпы ауданы – 3264 ш.м.

2011-2023 жылдар кезеңінде залал шекті: зиянының жалпы сомасы шамамен 1 миллиард 675 млн теңгені құрады. Бюджетке төлеген салықтардың жалпы сомасы – 1 млрд 495 млн теңге.

11. "Shymkent" ӘКК

2018 жылғы 13 қыркүйекте құрылды. Ең басты жобаларының бірі – әлеуметтік маңызы бар маршруттарда қызмет көрсетуде қаланың автобус паркін жаңарту: лизингке 890 автобус алынып, 3 жеке тасымалдаушыға қайталама қаржы лизингісіне берілді. 1066 жұмыс орны құрылды, ол автобустар 59 маршрутке қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ ӘМАТ сататын 23 кәсіпкерлік субъектісіне қарыз берді. Қалада ӘМАТ сататын 100-ге жуық сауда нүктелері жұмыс жасауда.

Басқа да негізгі ірі жобалары. "Кока-Кола Алматы Боттлерс" бірлескен кәсіпорны" ЖШС: алкогольсіз сусындар шығаратын зауыттың құны – 27 млрд теңге, 110 жұмыс орны. "Wan Sheng Ceramic" ЖШС керамикалық плиталар өндірісі: 25,5 млрд теңге, 100 жұмыс орны құрылған. "QazAlPack" ЖШС алюминий қалбырлар жиынтығы мен сусын қақпағын өндірісі: 23,4 млрд теңге, 157 жұмыс орны. "Asia Trafo" ЖШС Күш трансформаторларын өндіру зауыты: 21,3 млрд теңге, 220 жұмыс орны. "НМИ ЮГ" ЖШС-нің көпфункционалды қойма кешені: инвестициялық құны – 10,2 млрд теңге, 107 жұмыс орны.

Сонымен қатар Қоғам шағын өнеркәсіптік аймақ салу бойынша 3 жобаны қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде: "Orda NS Building" – 1 кезеңі, 2024 жылы 34 524 ш.м. ІІ кезеңі 2025 жылы – 8476 ш.м. "Standard Steel KZ" 1 кезеңі 2024 жылы – 14 354 ш.м. ІІ кезеңі 2025 жылы – 8029 ш.м. "Энерготранс-3" 1 кезеңі 2024 жылы – 5000 ш.м. ІІ кезеңі 2025 жылы – 8000 ш.м. 2024 жылы – 53 878 ш.м, 2025 жылы – 24 505 ш. м. Салынатын аймақтағы алаңдар ары қарай шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне төменгі бағамен жалға беріледі.

2018–2023 жылдардағы таза пайдасы – 3,8 млрд, салығы – 683 млн теңге.

12. "Атырау" ӘКК

2010 жылғы 26 сәуірде құрылды. Портфелінде 49 жоба бар, олардың жиынтық сомасы 102,3 млрд теңгеге тең. Соның ішінде: бизнес қаражаты – 68 млрд теңге, ӘКК қаражаты – 34,3 млрд теңге. Жүзеге асырылған жобалар саны – 35, жиынтық құны 54,8 млрд теңге (инвестордың қаражаты – 38,8 млрд теңге, корпорация қаражаты – 16 млрд теңге). Салалар бойынша АӨК және қайта өңдеу үлесі: 15 жоба (37%), құрылыс – 9 жоба (27%), өндіріс – 6 жоба (21%), қызметтер ұсыну – 5 жоба (15%).

Жүзеге асырып болған ірі жобалары. Махамбет ауданында мал шаруашылығы кешені, ешкі өсіру, етін өңдеу, ешкі сүті жобасы: құны – 1 млрд теңге. Атыраудағы ет өңдеу комбинатының жобасы: құны – 3 млрд теңге. Құлсары қаласында құрылыс әк өндіру зауытын ұйымдастыру жобасы: құны – 243,9 млн теңге. Жүзеге асырып жатқан жобаларының саны – 14, жиынтық құны 47,5 млрд теңге.

Ондағы инвестордың қаражаты – 29,2 млрд теңге, ӘКК қаражаты – 18,3 млрд теңге. Оның арасында "IClinic Atyrau" көпсалалы медициналық орталығын құру жобасы: құны – 2 млрд 286,80 млн теңге. Тауарлық балық өндіру және балық өсіру фермасын құру жобасы: құны – 1 млрд 45 млн теңге.

2011-2023 жылдары алған пайдасының жалпы сомасы – шамамен 18,7 млрд теңге, бюджетке төлеген салығы – 1,5 млрд теңге.

13. "Aqjaiyq" ӘКК

Күні бүгінге дейін ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері арқылы өнім өндірушілерге құны 1 млрд 102 млн теңгені құрайтын 3 674 тонна сүт тапсырылған. 778,6 млн теңгеге 442 тонна ет өнімі өткізілді. Құс пен өсімдік шаруашылығы және басқа бағыттағы шағын кәсіпкерліктер 86 млн теңгеге тауар өндіріп, жұмыс пен қызметтер көрсетті. Мембағдарламаларды жүзеге асыру барысында 2023 жылы 1 136 жаңа жұмыс орны ашылған, биыл бұл көрсеткіш едәуір артпақ.

Бір қызығы, бұл ӘКК-тің ерекшелігі сол, ол шетелдік инвесторларға әуежайда қарсы алудан бастап, "бір терезе" қағидаты бойынша қызметтердің кең спектрін көрсетеді.

Соның ішінде көлікпен тасу, қонақүйді броньдауды, барлық қажетті жиһазбен, техникамен жабдықталған кеңсе ұсынады, аймақ туралы, мемлекеттік қолдау шаралары, инвестицияларды талап ететін жобалар туралы барлық қажетті ақпаратты берумен толықтай айналысады.

Одан табыс табады. Биыл жергілікті және шетелдік ықтимал инвесторларға 70-тен астам мемлекеттік қолдау шаралары бойынша консультация беріпті.

Келесі жобаларды қолдауға ниетті: оңтүстіккореялық инвесторға жер телімін беру: аймақтық үйлестіру кеңесінің оң шешіміне қол жеткізді. Орал қаласында қуаттылығы жылына жүз мың тонна модульдік жылыжай кешенін салу жобасы: инвестициясы – 5,6 млрд теңге, ашылатын жұмыс орны – 200 адам, жобаның аяқталу мерзімі – 2026 жыл. Бұдан бөлек, Оралда қоқыс өңдеу кешенінің салу жобасы: 18 млрд теңге, жұмыс орны – 50 адам, аяқталу мерзімі – 2025 жыл. Үшінші әлеуетті жоба: Оралда қуаттылығы күніне 300 тонна қоқыс жағу кешенін салу жобасы: 28,2 млрд теңге, жұмыс орны – 50 адам, 2025 жыл. Төртіншісі – күн электр станцияларын салу жобасы: 28,2 млрд теңге, ашылатын жұмыс орыны – 30 адам, аяқталу мерзімі – 2025 жыл.

2011–2023 жылдары алған пайдасы – шамамен 101,3 млн теңге, бюджетке төлеген салығы – 545,2 млн теңге.

14. "Жетісу" ӘКК

2023-2024 жылдар аралығында ӘМАТ бағаларын тұрақтандырудың 2 тетігін іске асыру үшін оған бюджеттен 9,2 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражатқа 9,4 млрд теңге сомасына 30,7 мың тонна тауар жеткізуге шарттар жасалды.

"Ауыл Аманаты" аясында 2024 жылы 2,8 млрд теңге бөлінді, оның аясында 3,2 млрд теңге сомасына 408 өтінім қабылдады, оның ішінде 2,6 млрд теңге сомасына (92%) 342 өтінім мақұлданды. Ақсу қант зауытын қалпына келтіруге 2017–2024 жылдар аралығында салынған инвестициялардың бүкіл көлемі 40,58 млрд теңге, оның ішінде ӘКК қаражаты – 33,06 млрд теңге (81,47%).

ӘКК "Қаратал" СГО" ЖШС-мен бірге "Қаратал ауданының аумағында заманауи шошқа өсіру кешенін құру" жобасын жүзеге асыруда. ӘКК 504,9 млн теңге сомасына шошқа фермасына 20,1% үлесін сатып алды. ӘКК инвестор "Каримов А." ЖК-мен бірге Көксу ауданында еуропалық стандарттарға сай келетін, 400 бас голштиндік тұқымды малға арналған заманауи жоғары технологиялық роботталған тауарлық-сүт фермасын (ТСФ) құру жобасын жүзеге асырды.

"Agritech" ЖШС майбұршақты терең өңдеу жөніндегі зауытты іске қосуда қиындыққа тап болып, 2021 жылғы тамызда ӘКК-ке жобаны бірлесе жүзеге асыруды сұрап, жүгінді. Талдықорғанда автобус паркін жаңарту мақсатында 2021 жылы ӘКК 2,5 млрд теңге сомасына 55 автобус сатып алып, 5 лизинг алушыға берді.

2011-2023 жылдары төлеген салығы – 2,5 млрд теңге.

15. "Ертіс" ӘКК

2007 жылғы 20 сәуірде құрылды. 2015 жылдан бастап қоғамның қатысуымен барлығы 24 жоба іске асырылды. 2 488 пәтері бар 37 көпқабатты үйлер пайдалануға берілді (215,1 мың шаршы метр). Жобалардың жалпы құны 33 млрд 645,46 млн теңгені құрайды, оның ішінде ӘКК салымы – 19 млрд 532,61 млн теңге.

Қазіргі уақытта Өскемен қаласында жалпы құны 7 млрд 408,6 млн теңгені (мұндағы ӘКК салымы – 5 млрд 488,2 млн теңге) құрайтын, 324 пәтерге арналған 31,6 мың шаршы метрлік 4 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Инвестициялық қызмет шеңберінде 2009 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін ӘКК жалпы құны 93,41 млрд теңгені құрайтын 31 бірлескен жобаны іске асыруға қатысты.

Оның ішінде жалпы құны 3,3 млрд теңге болатын 11 жоба ғана аяқталған. Өзгесінен салынған инвестицияларды қайтару бойынша іс-шаралар жүргізілуде. 9 проблемалық жобаның ішінде 2 жоба бойынша жасалған бітімгершілік келісім шеңберінде сот шешімімен берешекті өтеу жүргізіледі. 4 жоба бойынша сот шешімін орындау жүргізіледі. 1 жоба бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады, 2 жоба бойынша банкроттық рәсімі басталды.

ӘКК "Ауыл аманаты" аясында 1,535 млрд теңгеге 213 шағын несие ресімдеді, оның ішінде 309,5 млн теңге сомасына 12 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қаржыландырылды. 1 млрд 225,5 млн теңгеге 201 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтары мемлекеттік қолдауға ие болды.

2011-2023 жылдары алынған пайдасы шамамен – 449,2 млн теңге, бюджетке төлеген салығы – 637 млн теңге.

16. "KOKSHE" ӘКК

"KOKSHE" ӘКК (бұрын – "Есіл" ӘКК) 2010 жылғы 15 қазанда тіркелген. Оның кәсіпкерлермен бірге іске асырған ең ірі инвестжобаларына мыналар жатады. Картоп пен көкөністерді тиімді өндіруді, сақтауды және бастапқы өңдеуді құру: инвестиция көлемі – 592,6 млн теңге. "Масальское" кен орнында темір кендеріне барлау жүргізу: инвестиция көлемі – 2,2 млрд теңге. "Көкшетау" сервистік-дайындау орталығы" ЖШС (ауыл шаруашылығы жұмыстарының түрлері бойынша қызмет көрсету): инвестиция көлемі – 348 млн теңге.

ӘКК 2011–2024 жылдар аралығында бизнеске 98,7 млрд теңге сомасына кепілдіктер берді. 2023–2024 жылдар кезеңінде Ақмола облысында жалпы сомасы 15 млрд теңгеге сүт-тауар фермаларын құру бойынша 7 инвестжобаны қаржыландырды. Ауыл халқының табысын арттыру жобасы аясында ауылдықтарға микрокредиттер береді: 2023 жылы 1,2 млрд теңге сомаға өз бизнесін ұйымдастыру үшін  өз ісін жаңа бастаған 198 кәсіпкер қаржыландырылды, 205 жаңа жұмыс орны құрылды.

Бюджетке төленген салықтарының жалпы сомасы 1,34 млрд теңге.

17. "Сарыарқа" ӘКК

"Сарыарқа" ӘКК 2010 жылғы 19 қарашада тіркелген. Ең ірі инвестжобалары. "Қарағанды облысының Сораң (Сарань) қаласында тұрмыстық техника өндірісін ұйымдастыру": инвестиция көлемі – 24,9 млрд теңге. "Қарағанды облысының Сораң қаласында шиналар өндірісін ұйымдастыру", инвестиция көлемі – 234 миллиард теңге. Бүгінде "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ "Шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру үшін ӘКК-ні қаржыландыруды ұсыну" қарыз операциясы шеңберінде "Сарыарқа" ӘКК жалпы ауданы 47 мың шаршы метрлік 3 шағын өнеркәсіптік аймақтарды (ШӨА) құру мақсатында жалпы сомасы 9,87 млрд теңгеге кредиттер берді.

2023 жылы ӘКК облыста бюджеттік кредиттеу кезінде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде 3,4 млрд теңге сомасына 456 кредит берді. Оның аясында қарыз алушылар жалпы сомасы 881 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтарын, негізгі қаражатын және жалпы сомасы 2 млрд 524 млн теңгеге мал сатып алды.

18. "Қонаев" ӘКК

2022 жылғы 17 қазанда құрылды. Ең ірі инвестжобалары. Екі оператормен асыл тұқымды ірі қара мал және ұсақ қара малды сатып алуды қаржыландыруға бірлескен қызмет туралы келісімшарттар жасалды. Нәтижесінде, 7 АӨК субъектісіне 820 асыл тұқымды ІҚМ және 5 079 асыл тұқымды ҰҚМ сатылды. Лизинг алушылармен 19 қаржылық лизинг шарты жасалды, олардың негізінде 1 351 бас асыл тұқымды ІҚМ және 5 693 бас асыл тұқымды ІҚМ лизингке берілді.

2024 жылдың І-ші тоқсанында облыстан Жетісуға берілген қарыздардан облыс бюджетіне 1 млрд теңге сомасында бюджеттік несие қайтарылды. Қазіргі уақытта жеңілдікпен несиелеуге арналған қаражат 4,97 млн теңгені құрайды. 17 кәсіпкерлік субъектісінің айналымында 10 969 тонна ӘМАТ мен 21 млн жұмыртқаны өндіру және өткізу үшін 4,03 млрд теңге сомасына қарыздар берген.

Оның ішінде 2025 жылғы маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру кезеңіне 4 104 тонна көкөніс бар. Осылайша, облыс бюджетінен 4 млрд 55 млн теңге сомасында бөлінген қаражат түпкілікті қарыз алушылар қайтарған қаражат есебінен 550 млн теңге сомасында толық, оның ішінде револьверлік түрде игерілді.

2022-2023 жылдары тапқан пайдасы – 19,7 млн теңге, бюджетке төлеген салықтары – 142,5 млн теңге.

19. "Алматы" ӘКК

Ең табысты ӘКК-тің бірі. 2020 жылдан 2024 жылдың 1 жартыжылдығына дейін жалпы құны 644,9 млрд теңгені құрайтын 12 инвестжобаны ұйымдастырды. Оның 8-і аяқталды, 3 жоба жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу сатысында және 1 жоба құрылыстың аяқталу сатысында.

Бизнесті инфрақұрылымдық қолдау "Алматы индустриялық аймағы" ЖШС еншілес ұйымы арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде ондағы инвестжобаларының жалпы саны 96-ны құрады. Инвестициялық портфельдің жалпы көлемі 518,9 млрд теңгені құрады.

Бұл ӘКК Алматы қаласында 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын жүзеге асырудың операторы. Соның ішінде, инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылатын ағымдағы жөндеу жобалары: 280 үйді сүру жоспарлануда (2 645 пәтер, ауданы 112 244 ш.м.). Оның орнына жалпы ауданы 1 236 975 шаршы метрді құрайтын 314 үй немесе 17 426 пәтер салынады.

Екіншіден, қоныс аудару қорын құру, апатты жағдайдағы, сондай-ақ санитарлық және су қорғау аймақтарындағы қызыл сызықтарда орналасқан үйлердің тұрғындарын бюджет қаражаты есебінен бұзу және көшіру: 250 үйді бұзу жоспарлануда (2 580 пәтер, ауданы 102 800 шаршы метр), 163 үй салынады: 7 154 пәтер, жалпы ауданы 482 881 ш.м. Үшіншіден, инвесторлармен бірлесіп, уәкілетті ұйымның жобаларын өз қаражаты есебінен жүзеге асыру: Алматыда 178 үйді бұзу жоспарлануда – 1 424 пәтер. 201 үй салынады: 8 935 пәтер, жалпы ауданы 564 513 ш.м.

2023 жылы 11,1 млрд теңге сомасында таза пайда тапты. 2023 жылы – 2024 жылдың 1 жартысында бюджетке 12,7 млрд теңге салық төледі.

20. "Астана" ӘКК

Елдегі табыстысының бірі. 2020 жылдан бастап, елордада ӘМАТ-тың барлық 19 атауының бағасын ұстап тұру үшін жалпы сомасы 24,2 млрд теңгеге 49 қарыз берді. Бүгінде 175 инвестжобаны іске асыруда. Жалпы инвестициясының көлемі – 1 трлн 462,4 млрд теңге.

Бизнес жобалар шеңберінде жалпы ауданы 58 гектар болатын 117 жер учаскесінде 78 жобаны іске асыруда. Тұрғын үй құрылысы шеңберінде жалпы ауданы 404,4 гектар болатын 158 жер учаскесінде 97 жобаны жүргізуде.

Елордаға ӘКК тартқан инвестициялар 43,8 млрд теңгені құрады, оның ішінде бизнес жобалар келесі салаларда іске асырылуда: жеңіл өнеркәсіпте – 2 млрд 103 млн теңге тұратын 9 жоба. Жылжымайтын мүлік (жатақхана, ақылы паркингтер және басқасы) – 15 жоба, сомасы 9 млрд 666 млн теңге. Машина жасау – 1 жоба, сомасы 1 млрд 300 млн теңге. Инфрақұрылым – 3 млрд 114 млн теңге сомасына 9 жоба. Білім беру орталықтары – 2 млрд 880 млн теңге сомасына 2 жоба. Сауда және қызмет көрсету – 35 жоба, сомасы 24 млрд 117 млн теңге. Туризм – 638 млн теңгеге 7 жоба. Жарнамалық нысандар (LED экрандар) – 4 жоба. Жылы аялдамалар салу – 36 павильон. Электрмен қуаттайтын ЖҚС салу бойынша 2 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Бүгінде Астанада павильондарда көше саудасын жүргізу шағын-орта бизнестің қызығушылығын тудырады. Жобаны іске асырудың барлық кезеңінде ӘКК арқылы 1 037 жер учаскесі қосалқы жалға берілді.

2023 жылы таза пайдасы – 857,9 млн теңгені құрады. 2011 жылдан 2024 жылға дейінні аралықта 4 млрд 792 млн теңге салық төледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу