Енді әр батут әкімдікте тіркеуге алынады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3402

Қазақстанда балалардың ойын-сауық бизнесімен айналысатындарға қатысты жаңа тәртіп енгізілді.

Енді әр батут әкімдікте тіркеуге алынады

Кейінгі жылдары Қытайдан әкелінген үрмелі батуттардың жел көтеріп кетуі салдарынан балақайлардың жазым болу оқиғасы тіркелді. Ондай төтенше жағдайлар 2019 жылы Қостанайда, Нұр-Сұлтан қаласында, Қарағандыда, Жаңаөзенде және басқа елдімекендерде болды.

Балалардың денсаулығы мен өмірін қорғау үшін "ҚР СТ 3359-2019 "Аттракциондар қауіпсіздігі. Аттракциондарды пайдалануға беру және пайдалануға беру кезіндегі қауіпсіздік талаптары" атты жаңа ұлттық стандарты енгізілді.

Бұл стандарт индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының міндетін атқарушының бұйрығымен таяуда, 10 маусымда бекітілді.

"Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының Ақмола облысы өңірлік штабының түсіндіруінше, алдағы 1 шілдеден бастап, келушілердің қауіпсіздігіне, аттракциондарды және үрмелі жабдықтарды ұстап тұруға және авариясыз пайдалануға қатысты ұйымдастырушылық және техникалық талаптар заңды күшіне енетін болады.

Осы уақыттан бастап, меншік түріне қарамастан, аттракциондар арқылы жұртшылықтың көңілін көтеруді жүзеге асыратын субъектілер сол стандарт нормаларын қолдануға міндеттеледі. 

Дегенмен сарапшылардың айтуынша, бұл стандарттан тыс қалатын аттракциондар да бар екен.

Оның талаптары, мысалы, ауладағы балалар ойын алаңдарының жабдықтарына; жетондармен, магниттік карталармен және басқаларымен жұмыс істейтін балалар ойын-сауық жабдығына; үрлемелі су аттракциондарына; тіркемелі су аттракциондарына; ойын және ойын-сауық су жабдықтарына, үй үрлемелі ойыншықтарына, жеке пайдалануға арналған үрлемелі қорғаныш конструкцияларына, құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған үрлемелі конструкцияларға, үрлемелі ангарларға қолданылмайды.

Бұдан бөлек, қарапайым гимнастикалық батутқа, ұшуларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін аттракциондарға, жануарлар қолданылатын аттракциондарға, жолаушылар мен келушілердің пайдалануынсыз көрмелерде көрсетілетін аттракциондарға қолданылмайды. Олардың ескі өз стандарттары бар.

Сонымен қатар жаңа стандартта құрал-жабдықтарға орнатылғаннан кейін, тексеру мәселелері тәртіпке келтірілді. Құжатта апаттар, төтенше оқиғалар және жазатайым жағдайларды зерттеу тәртібі бекітіледі. 

Сонымен, аттракциондарды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ендігі кезеңдері мынадай болады: біріншіден, мысалы, даладағы үлкен батут қожайыны дайындаушының ұсынымдарына сәйкес, аттракционды орнатып, бекітіп, ретке келтіреді. Осыдан кейін аттракцион жергілікті әкімдікте есепке қойылуға тиіс.

Аттракционды жергілікті атқарушы органдар тіркету үшін иесі немесе пайдаланушы ұйым бірнеше құжат ұсынады: олардың қатарында "өтініш", "аттракционның паспорты", "оның оқытылған және білімін тексеруден өткен қызметкерлерінің барлығын растайтын құжаттар", нормативтік қызмет мерзімін өтеген аттракциондар үшін "техникалық куәландыру бойынша техникалық есеп", "аттракционның пайдалануға дайындығы туралы сарапшының қорытындысы" (паспорттағы техникалық куәландыру туралы жазба) және "техникалық дайындық және аттракционды пайдалануға қабылдау а ктілері" бар.

Үшіншіден, оған техникалық куәландыру жүргізіледі. Төртіншіден, кәсіпкер аттракционды іске қосуға рұқсат алуға тиіс. Ақыр соңында, ойынға деген құмарларын қандыруға ұмтылған клиенттерді қабылдауға жол ашылады.  

Ал "ҚазСтИн" РМК Жамбыл филиалының директоры Асқар Мыңбаев аттракциондарды қауіпсіз пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілгенін айтады.

"Басшы қызметкерлер, мамандар, жауапты тұлғалар осы стандарттың талаптары мен нормаларын бұзғаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тіпті оның аварияға немесе қайғылы оқиғаға әкеп соқтырмағанына қарамастан жауапты болады. Бұл адамдар тіпті өздеріне бағыныштылардың да осы стандартты бұзғаны үшін жауапты болады. Белгіленген тәртіппен оқытылған және аттестатталған, технологиялық регламенттермен, лауазымдық нұсқаулықтармен қамтамасыз етілген қызметкерлер, мысалы, операторлар, бақылаушы-отырғызушылар, слесарь-жөндеушілер, электромонтерлер да стандарт талаптарын бұзғаны үшін жазаланады", – дейді сарапшы.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу