Енді әрбір мигрант "БИЛ"-дан қорқатын болады

1604

Қазақстан келімсектердің дактилоскопиялық досьесін оның қайтыс болу фактісі анықталғаннен кейін де жоймайды, ол 100 жыл сақталатын болды. Өйткені АҚШ-тағы "China Town"-дарды өліп қалған жерлесінің құжатымен келген қытай мигранттары толтырғаны мәлім. 

Енді әрбір мигрант "БИЛ"-дан қорқатын болады

Қазақстанға мигранттар тасқыны дәстүрлі түрде Орталық Азиядан – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан ағылатын. Ауғанстанда ұзақ жыл арпалысқан АҚШ өз әскерін әкеткен соң екі күн өткенде, 2021 жылғы 15 тамызда президент Ашраф Ғанидің өкіметі құлап, орнына тәліптердің билігі орнады. Сонда кейбір сарапшы радикалдардан қашқан ауғандардың Қазақстанға лап қоятынын болжады. Олай болмады, ауқатты ауғандар Түркияға қоныстанды.  

Бірақ мигранттар легі күтпеген жақтан лақылдап, төгіле бастауы мүмкін. 2022 жылдың тек үш айында ғана Ресейден Қазақстанға ресми түрде 204 947 адам қоныстанған. ЕМИСС жүйесінде, яғни РФ ведомствоаралық статистикасы қордаланатын жалпыресейлік платформада осындай дерек келтірілген. Бұл тек ресми тіркелгені ғана. Қаншама Ресей азаматы Қазақстандағы туыстарын жағалап немесе турист ретінде елге кіріп кеткен. Басқаны айтпағанда, елорда жанындағы Бурабай жақта ресейлік көліктер мен азаматтар жиі ұшырасады.

РФ ФСБ-сының шекара қызметі жариялаған дерек бойынша, 2022 жылғы қаңтар-наурыз айларында 3 миллион 880,7 мың ресейлік шетелге кеткен. Арасында туристер де бар. Бірақ қаншасының қайта оралмайтыны белгісіз. Өткен жылмен салыстырғанда, жат жұрттарға кетіп қалған РФ тұрғындарының саны бірден 46,75%-ға көбейген.

ФСБ дерегінше, 2022 жылғы І тоқсанда посткеңестік кеңістіктегі елдерге аттанған азаматтарының саны 1 723 333-ке жетті. "Қазақстан және Украина бойынша негізінен шекаралас өңірлердің тұрғындары әрлі-берлі қоныс аударып жатқаны тіркелуде", – делінген есепте.

Батыс солтүстік көршіге салған ауыр санкцияларын әзірге жоймайтын түрі бар. Демек іргедегі елде экономикалық жағдай ушығып, халықтың тұрмысы нашарласа, одан еңбек мигранттары мен босқындар саны артпасына кім кепіл? Қазірдің өзінде Қазақстанның Үкімет мүшелеріне аты-тегі орыс "азаматтығы жоқ тұлғалар" ел азаматтығын қалай алуға болатынын сұрап, өтініш жазуда. Неге азаматтығы жоқ? Ғаламторда РФ паспортын өртеген ресейліктердің бейнежазбалары да толып тұр.

Қалай болғанда, енді Қазақстан бейғам отырмай, қамданған жөн. Осы орайда Ішкі істер министрлігі "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Үкіметтің 2018 жылғы 31 қаңтардағы №36 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" жаңа қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Негізі, ІІМ осы аса маңызды тетікті іске қосуда тым кешігіп қалды. "Қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін ведомство қарқынға қарқын қосуға қажет еді. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу Қазақстанда 2021 жылдың басынан бастап іске қосылуға тиіс болатын. Оның орнына ІІМ ол тетікті енгізуді 2023 жылғы 1 қаңтарға көшіру бастамасын көтерді.

Қазір құжаттар базасын түзетіп жатыр. Дайындық аясында барлық ХҚКО-ларда арнайы дактилосканерлер орнатылып, сол арқылы бірінші кезекте келімсектердің саусақ іздерін жинайтын болады. Ол іздер адамның жеке басын куәландыратын құжаттарға кіріктірілмек. Іздердің деректер базасы тек ІІМ-ге ғана емес, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Еңбекминінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне қолжетімді болады деп күтілуде.

Бұл істің кейбір жай-жапсарына тоқтала кетсек. Ішкі істер органдары "шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың дактилоскопиялық ақпаратын жинауды жүзеге асырады". Бір жайтқа назар аудара кеткен жөн. Бай қазақтар бала күтушіні – Филиппиннен, аспазды – Италиядан, Өзбекстаннан, құрылысшыларды – Иран, Түркия, Өзбекстаннан және басқа елдерден арнайы алғызатын көрінеді. Олардың бәрі алда саусақ іздерінің таңбасын тапсырып, арнайы анықтама алуға міндетті болады.    

Мигранттар мен эмигранттарды қалай ұстайды?

  • Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға жүгінгенде;
  • Жұмыс берушіде – қазақстандық жеке тұлғаларда үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін үй жұмыскерлері ретінде Қазақстанға келгенде;
  • Қазақстанның визасын рәсімдеген кезде;
  • Сондай-ақ шетелдіктің ҚР-да тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін, жол жүру құжатын (проездной) бірінші рет ресімдеген кезде;
  • Осы құжаттарын жоғалтып, қалпына келтіргенде;
  • Ауыстырғанда дактилоскопиялық дерегін тіркетуі міндетті болады.

Яғни ұзақ жасырынып жүре алмайды, осы маңызды құжаттарының кез келгенін жоғалтса, мерзімі өтсе, бәрібір құзырлы органның алдына келуге мәжбүр болады. Бұған дейінгі Үкімет қаулысында осы құжаттар тізімі қысқа болатын. Айталық, елімізде "ПМЖ" рәсімдейтін ресейліктер саусақ іздерін тапсырудан тыс қалатын еді. Ал РФ құзырлы органдарының мәліметінше, шетелде тұрақты тұруға ресми рұқсат алған ресейліктердің көбі, 70 пайызы – Қазақстанды таңдаған. Қалғандары – уақытша тұруды қалайды (ВНЖ).

Жалпы алғанда жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу кезінде Қазақстан азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпараты мынадай мәліметтерді қамтиды: 1) аты, тегі; 2) туған күні және жері; 3) жынысы; 4) қай ұлтқа жататыны (қалауы бойынша); 5) азаматтығы; 6) фотосуреті; 7) қолдарының 10 саусағының да папиллярлық бедерлері құрылымының ерекшеліктерін көрсететін таңбалар (саусақ іздері); 8) құжаттың берілген күні, нөмірі, қолданылу мерзімі; 9) құжат иесінің қолтаңбасы (подпись); 10) ЖСН-і (болса); 11) дактилоскопиялық тіркеуді жүргізу күні және негізі; 12) құжатты берген органның атауы; 13) дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның аты-жөні.

Егер адам тұрақты тұруға рұқсатты ресімдесе, тұрақты тұруы мүмкін мекенжайын, баспанасын, елді мекенін көрсетуі шарт.

Бұрын саусақ іздерін тапсырған адамдар құжаттарын қалпына келтіру не ауыстыру кезінде верификация рәсімінен өтеді. Бұл мысалы, өлген адамның құжатымен елге еніп кетуі мүмкін түрі ұқсас келімсектерді анықтау үшін де қажет.

"Верификациялау бояусыз әдіспен жүзеге асырылады. Жеке тұлға 4 саусағын – сұқ, ортаңғы, атыжоқ саусақтары мен шынашағын сканерге бір мезгілде басады, содан кейін сол және оң қолдарының бас бармақтарының таңбалары дактилоскопиялық сканердің заттық шынысына кезек-кезекпен басылады. Егер адамның 2 қолының да саусақтары жоқ болса, онда ол сол және оң қолдардың алақандарын кезек-кезекпен қоюға тиіс. Жеке тұлғаның саусақтарының немесе алақандарының папиллярлық бедерлері жеке басты куәландыратын құжатта, сондай-ақ "БИЛ" (ЖБС) автоматты ақпараттық жүйесінің дерекқорында орналастырылған дактилоскопиялық ақпаратпен сәйкес келсе, одан әрі құжаттандыру рәсімі жүргізіледі", – деп түсіндірді ІІМ.

Сәйкес келмесе ше? Онда жеке тұлға қайтадан дактилоскопияландырылады, көші-қон қызметінің қызметкері ішкі істер органдарын оқиға туралы құлақтандырады және сол кісіге қатысты тиісті тексеру іс-шаралары жүзеге асырылады.

Дактилоскопиялаудың немесе қайтара верификациялаудың нәтижесі қағаз форматтағы анықтама түрінде рәсімделеді және ол құжат мигрантқа беріледі. Иммигрант ол анықтаманы өзімен алып жүруі керек. Әйтпесе елден аласталуы мүмкін.

Айтқандай, ескі қаулыда азаматтың дактилоскопиялық ақпаратын оның қайтыс болу фактісі анықталғаннен кейін жоюды қарастыратын. Жаңа қаулыда адам шартты түрде алғанда 100 жасқа толған күнге дейін оның деректерін "БИЛ" дерекқорда сақтау жоспарланып отыр. Демек әрбір мигранттың тағдырын осы жүйе анықтауы мүмкін.

Қазіргі кезде Қазақстанда "2022-2024 жылдарға арналған Ұлттық цифрлық биометриялық сәйкестендіру платформасын құру бағдарламасы" әзірленді. Онда айтылғандай, болашақта барлық қазақстандықтар саусақ іздерін тапсырған соң, банктер кредит беру кезінде оның саусақ таңбасын сәйкестендіруді сұрауы мүмкін. Бұл алаяқтардың ұрлап не тауып алған құжатпен несие рәсімдеуін болғызбауға тиіс. Электронды банк қызметтерін алу кезінде де оның тұлғасын нақты айқындау үшін қазіргідей тек физиологиялық қана емес (бет-жүзі), сондай-ақ дактилоскопиялық ерекшеліктері ескерілуі мүмкін.

50 мың АЕК-тен асатын сомада электронды ақша шығару кезінде де осы қағидат қолданылуы ықтимал.

Бұл ретте 2022 жылдың соңына дейін дербес деректерді жинауға, фото түсіруге, саусақты сканерлеуге қажетті құрылғыларды, серверлік жабдықтарды сатып алуға 2,9 миллиард теңге талап етіледі. Бұдан бөлек, биыл көздің мөлдір қабығының көрінісін жинау бойынша ІІМ-нің деректер базасын құруға, перифериялық жабдықтар сатып алуға 6,8 миллиард теңге қажет болмақ.

ІІМ жүйелерін 2022–2024 жылдар аралығында модернизациялауға – 21,9 млрд, бақылау-биометриялық жүйені жүйені дамытуға, Ұлттық платформа аясында түрлі компоненттердің өзара іс-қимылын интеграциялауға 10,4 млрд теңге қарастырылуы қажет.

Жалпы көптеген жекеменшік мектептер қазірдің өзінде оқушыларды, мұғалімдерді, персоналды ішке саусақ таңбасымен енгізеді.

Кеңес кезінде саусақ іздері қара сияға батырып, қағазға басу арқылы алынатын. Қазіргі жаңа технологиялар саусақ пен алақанды арнайы бағдарламасы бар есептеуіш құрылғымен сканерлеуге мүмкіндік береді. Болашақта 16 жасқа жеткен барлық қазақстандықтар саусақ іздерінің таңбасын, көздің мөлдір қабығының көрінісін, ДНК-сын тапсыруға міндеттеледі деп жоспарланып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу