Енді біраз жыл тек айлығына күнелтіп келген адам тосыннан табысқа кенелсе, күдікке ілінеді

3448

Үйде бума-бума ақшаны тығып ұстаған дұрыс па?

Енді біраз жыл тек айлығына күнелтіп келген адам тосыннан табысқа кенелсе, күдікке ілінеді Фото: inbusiness.kz

Қазақстандықтардың айына қанша табыс табатынын және қанша шығын шығаратынын санауға кіріскен Мемлекеттік кірістер комитеті ескерту жасады. Келесі жылдан бастап қазақстандықтарға 55 мың 380 теңге айыппұл салынады. Оған жол бермеу үшін табыс пен шығыс декларациясын уақытылы тапсырып отыру қажет.

Олар екі айдан аз уақыттан соң, 2024 жылдың 1 қаңтарында жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңі басталатынын еске салды.

Мұны экономистер "бизнес кезең" деп атайды. Бұл кезеңде 250.00 формадағы "Активтер мен міндеттемелер туралы" декларацияны:

  • компаниялардың, заңды тұлғалардың басшылары,
  • құрылтайшылары,
  • қатысушылары,
  • барлық жеке кәсіпкерлер,
  • сондай-ақ олардың бәрінің жұбайлары ұсынуға міндетті болады.

Әйтсе де, Мемкірістер органы келесі декларация тапсырудан құтылып кетудің заңды жолын түсіндірді. Егер "жеке кәсіпкерлігіңіз" (ИП) болса және оны пайдаланбасаңыз, онда жыл соңына дейін жауып тастаңыз. Сонда өзіңіз де, жұбыңыз (күйеуіңіз немесе әйеліңіз) де келесі жылы декларация тапсырып, барлық тапқан-таянғанын мемлекетке мәлімдеуге міндеттелмейді.

Ал егер жеке кәсіпкерлігіңіз жұмыс істеп тұрса, онда отағасы, отанасы болып, екеуіңіз де 250.00 форманы толтырғаныңыз жөн. Әйтпесе, 55 мыңнан астам айыппұл салынады.

"Егер сіз жоғарыда аталған тұлғалардың санатынан болсаңыз, бірақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмасаңыз немесе оны тоқтата тұрсаңыз, онда сізге заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына жүгініп, ЖК қызметін тоқтату туралы салық өтінішін беруге кеңес береміз. Бұл ретте жеке кәсіпкер немесе заңды тұлғаның басшысы екеніңізді, қызметін тоқтатқан немесе әрекетсіз салық төлеушілердің тізімінде тұрған-тұрмағаныңызды мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсындағы "Электрондық сервистер" мәзірінен, Сенімсіз салық төлеушілерді іздестіру бөлімінен тексере аласыз", – деп ұсынды Мемлекеттік кірістер комитеті.

Меморган мұны келесі сілтемелер бойынша өтіп те, тексеруге болатынын жеткізді:

1. Сілтеме

2. Сілтеме

3. Сілтеме

Бұдан бөлек, комитет банктердің мобильді қосымшалары арқылы push-хабарламалар жіберуге күш салуда. Сол арқылы кейбір азамат төл жеке кәсіпкерлігінің әрекетсіз деп танылғандар тізімінде тұрғаны туралы құлағдар етіледі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 529 411 заңды тұлға, 1 774 249 жеке кәсіпкерлік, 2 236 501 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Ал Мемкірістер комитетінің хабарлауынша, елде кем дегенде 27 954 жеке кәсіпкерлік ашылуын ашылғанымен, жұмыс істемейді, салық төлемейді. Егер иелері оны жауып үлгермесе, келесі жылы бәрібір "кіру" декларациясын тапсыруға мәжбүр болады. "Ол жұмыс істемейтін ЖК, мен бүгінде кәсіпкер емеспін" деп ақталу қабылданбайды.

Бұған қоса, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жойылады. Сол арқылы салықты аз төлеу тәсілін көптеген өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қолданады. Егер олар келесі жылы да кәсібін жалғастырғысы келсе, онда жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тура келеді. Тиісінше, декларация тапсыруы шарт.

Сонымен, 250.00 нысандағы салық есебін мемкірістер органдарына қағаз түрінде ұсынсаңыз – әр жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей, ал электронды түрде – 15 қыркүйектен кешіктірмей, "Салық төлеушінің кабинеті" (cabinet.salyk.kz) Web-қосымшасы немесе e-Salyq Аzamat, еGov mobile, Halyk мобильді қосымшалары арқылы тапсыру қажет.

Бизнеспен заңды түрде айналысатын азаматтар мен олардың жұбайлары келесі 2024 жылы 250.00 формасын ұсынған соң, әрі қарай 2025 жылдан бастап, Кірістер мен мүлік туралы декларацияны, яғни 270.00 формасын толтырып, жыл сайын ұсынып тұруға тиіс болады. 2025 жылдан бастап, барлық адам декларация табыстауға кіріседі.

Декларацияны уақытылы ұсынбағаны үшін алғашында ескерту жасалады. Сонда да тапсырмай, бір жыл ішінде қайталап заң бұзушылық жасаса, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 2024 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш сомасы 3 692 теңгені құрайды.

Нәтижесінде, салықшылар әрбір азаматтың жыл сайынғы табысын динамикада бақылап отырады және оны шығысымен салыстырады. Егер біраз жыл тек айлығына күнелтіп келген адам тосыннан, еш несие алмастан, көлік, баспана және басқа салтанат затын сатып алса, онда оның үстінен тергеу жүргізілуі, құзырлы органдар есігін қағуы мүмкін.

Себебі, бұл не пара мен жемқорлық, не заңсыз бизнес, не ұрлау, тонау сияқты қылмыс, немесе ақшаны жылыстату, лас қаржыны заңдастыру сияқты көлеңкелі жолдармен табылған қаражат деген күдік туады. "Көшеден тауып алдым" деген дәйектеме қабылданбауы мүмкін. Заң тауып алынған заттарды полицияға тапсыруға міндеттейді, иесі табылмаса, ол мемлекет меншігіне өтеді.

Осы орайда декларациялауға қатысты бір пікірталас жаңа қарқынмен жалғасты. Әңгіме – қазақстандықтардың бір бөлігінің қомақты ақшаны үйінде сақтайтыны туралы болып отыр. Билік заң қабылдау арқылы азаматтарға үйінде тек 10 000 АЕК көлеміндегі (келесі жылы 36 млн 920 мың теңгеге тең) қаржыны ғана қолма-қол ақша күйінде сақтауға рұқсат етті. Декларацияда да азаматтар осы сомаға дейінгі қолма-қол ақшасын көрсетуге тиіс болады.

Әрине, үйде немесе басқа жерде шытырлаған купюра күйінде бұдан да көп соманы тығып ұстауға болады. Алайда егер оның иесі ертең соларды шашып жұмсай бастаса, қымбат заттарды сатып алса, онда құзырлы органдар тарапынан оған қатысты сұрақ туындары даусыз.

Экономист Марат Ерғозин қазақстандықтардың 90 пайыздайына салықшылар еш назар аудармауы мүмкін екенін айтты.

"Өйткені 37 миллион теңгеден асатын қолма-қол, қорап-қорап ақшаны үйінде ұстап отырған азаматтар саны өте аз. Халықтың басым көпшілігі тіршілігінен артылған барлық ақшасын апарып, депозитке салады. Яғни, олардың қанша ақшасы барын мемлекет онсыз да біледі. Қазақстанда бүгінде 60 мыңдай ғана долларлық миллионер бар. Ұлттық статбюроның мәліметінше, елімізде толық жұмыс істейтін 3 млн 437,3 мың жалдамалы жұмыскер болса, соның тек 2,5 пайызы ғана 900 мың теңгеден көп жалақы алады", – деді экономист-ғалым.

Ол әркімнің үйінде қолма-қол ақша болғаны абзал деген пікірін жеткізді.

"Тек электронды ақшаға сенген алматылықтар, өзге де өңір тұрғындары былтыр "Қанды қаңтарда" қалай қиналды? Бірде бір банк, төлем терминалы істемеді. Дүкендер қолма-қол ақша ғана қабылдады. Салдарынан тамақ ала алмағандар болды. Тіпті ондай ауқымды ТЖ болмағанның өзінде мемлекет кез келген азаматтың банктік картасын, есепшотын бұғаттап тастап жатады. Онда қолма-қол ақша көмекке келеді. Мысалы, кезінде, патша заманында ата-бабамыз ресейлік ақшаға сенбей, дүниесінің бір бөлігін алтынға айналдырып, диверсификациялаған. Отарлау кеңестік кер заманға ұласқанда, Қытай, Ауғанстан, Түркияға, одан әрі Еуропаға қашқан бай қазақтар сол алтын құймаларының пайдасын көрді. Алдындағы үйір-табынымен шекара аспақ болғандар тұтылды", – деп тарихи теңеу келтірді М.Ерғозин.

Ол таныс сарапшылардан бір кеңес естігенін айтты. Егер отбасы үйде қомақты ақша ұстағысы келсе, бастапқы жылғы "кіру" декларациясын тапсырғанда, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өзінің 250.00 формасында ең жоғарғы соманы (10 мың АЕК) көрсетуіне болады. Тіпті үйінде 37 миллион теңгедей қолма-қол қаражаты болмаса да. Содан соң кейінгі жылдары сол сомаға дейінгі қаражатты үйінде асықпай жинай алады. Сонда оған салықшылардың да күмәні мен сұрағы болмайды.

Дегенмен, экономистің өзі бұған кеңес бермейді. Біріншіден, кіру декларациясы да сұрақ туындатуы мүмкін, өйткені оған қатысты "амнистия" жарияланған жоқ. Екіншіден, азаматтардың дербес деректері үнемі сыртқа "ағып" кетіп жатқан заманда қаскөйлер әлдебір отбасының салмақты соманы қолма-қол сақтап отырғанын біліп алса, бұл қылмысқа түрткі болуы мүмкін.

"Жинақтар мен инвестициялар" жобасының негізін қалаушы Александр Репников бір мысал келтірді. Мәселен, ауқатты жеке тұлғаның қолында 60 миллион теңге қолма-қол ақша болды делік.

"Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда ол соның 30 миллионын ғана көрсетті. Ал келесі жылы 50 миллион теңгеге жылжымайтын мүлік сатып алды. Бұл мәмілені 270 формалы Кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетуі керек. Мұндай шығынның көзі ретінде "төл қаражаттар" деп белгілейді. Ары қарай құзырлы орган камералды бақылау жүргізу кезінде ол азаматтың қолында болған қолма-қол ақша мен мәміленің құны арасындағы айырмашылықты, теріс сальдоны әшкерелейді. Бұл қарсы тексеруге себеп болады. Соның аясында жеке тұлғаға қосымша 20 миллионды қайдан алғанын түсіндіруге тура келеді. Растай алмаған табысы үшін қандай жазалау санкциясы қолданылатыны әзірге белгісіз", – деді сарапшы.

Парламент депутаттары сол үшін жазаны қатайтатын заң қабылдауы мүмкін. Өйткені елде заңсыз алынған табыстарды мемлекетке тартып алу науқаны жүруде.

Сондықтан қаржы кеңесшісі Александр Репников рұқсат етілген межеден асатын соманы депозитте сақтауға кеңес береді.

Мемлекеттік кірістер комитеті де 10 мың АЕК-тен артылған ақшаны банктік шотта ұстауды ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу