Енді бойдақ жігіттерге бала асырап алуға рұқсат беріле ме?

702

Сарапшы бойдақтарға бала беріледі деген пікірді орынсыз деп есептейді.

Енді бойдақ жігіттерге бала асырап алуға рұқсат беріле ме? Фото: matritca.kz

Жақында Конституциялық Сот ерлер мен әйелдер бала асырап алғысы келетіндердің тізімінде тең дәрежеде бола алатынын мәлімдеді.

Бұл шешім қаншалықты орынды, қауіп-қатерлер қандай? Жалпы елімізде бала асырап алудың тәртібіне өзгеріс енгізіле ме? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады.

Қоғамда қызу талқыға түскен бұл жаңалық неден басталды дегенге келсек. Бұған Конституциялық Сотқа ер адамдардың бала асырап алуына рұқсаттың болмауы туралы нормамен келіспеген қазақстандықтың арыз жолдауы себеп. Артынша құзырлы орган "Неке және отбасы туралы" кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11) тармақшасын Конституцияға сәйкес емес деп таныған.

"Кодекстің аталған нормасына сәйкес, анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдар бала асырап ала алмайды. Конституциялық Сотқа жүгінген азамат бұл норманы кемсітуші және Конституцияның ешкімді жынысы бойынша қандай да бір кемсітуге болмайды деп көрсетілген 14-бабына қайшы деп санайды. Ол тіркелген (заңды) некеде тұрмаған әйелдер үшін мұндай тыйым салу жоқ екеніне назар аударады", - делінген Конституциялық Сот таратқан хабарламада.

Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот бала асырап алуға ниет білдірген адамдарға деген теңсіздік Конституцияның 14-бабының талаптарына сәйкес келмейді деп тапты.

Халықаралық құқық магистрі, гендерлік экономиканы зерттеуші Айгерім Құсайынқызының айтуынша, Конституциялық Соттың жоғарыда аталған шешімін бұрмалап жатқандар жетерлік.

"Екіншіден, Конституциялық Сот шешімінде үйленбеген ер адамдар бала асырауға құқылы деген бірде бір сөз жоқ. Мәселе, Сот шешімін бұрыс интерпретациялап жатқан медиаларда. Үшіншіден, тек ер және әйел адамдар бала асырауға тең құқылы, бірақ ең алдымен заңды некеде тұрған және отбасылы адамдар деп Конституциялық Соттың шешімінде тікелей көзделген. Сондықтан, некеде тұрмаған ер кісілер бала асырауға құқылы деп жазған журналистер қазақстандықтарды жаңалыстырып, жалған ақпарат беріп жатыр. Бұл жағдай БАҚ-тың рейтінгі үшін таза популизм десе болады. Егер Конституциялық Соттың шешімін мұқият және басынан аяғына дейін оқитын болсақ, осы шешімде нақты жазылғаны – ресми некеде тұрған және отбасылы кісілерге бала асырауға бәрінен бұрын басымдық берілу керек, осыған байланысты заңнамалық тетіктер бағытталу қажет", - деді ол редакция тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшының сөзінше, енді Конституциялық Сот Үкіметке осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін 6 айдан кешіктірмей Парламент Мәжілісіне Конституциялық Соттың осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, бала асырап алу институтын құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізсін деп нақты ұсыныс берді.

"Бойдақтарға бала беріледі деген пікір орынсыз. Бала асырап алудың тәртібі қайта қаралатын болады. Жетімдер үйі жабылды деген ақпаратқа да қандай фактчек қажет болса, бұл қаулыны да түсініп оқыған жөн. Әйелдерге қатысты жағымды жаңалықтардың көп болуына байланысты, "еркектер де есімізден шыққан жоқ" деген ақталу позициясындағы кликбейт жаңалықтар деп ойлаймын", - деп атап өтті Айгерім Құсайынқызы.

Бұдан бөлек Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бойдақ ер адамдардың бала асырап алуына қарсылығын жеткізген болатын. Омбудсмен бала асырап алуға ниетті азаматтарға қойылатын талаптарды қатаңдатқан дұрыс деген пікірде.

Елімізде кімдер бала асырап ала алмайды?

"Неке және отбасы туралы" кодекстің 91-бабына сәйкес:

  • сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдар;
  • сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыптылар;
  • сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдар;
  • өзiне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдар;
  • егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшiн жойса, бұрынғы бала асырап алушылар;
  • денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдар;
  • тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар;
  • дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдар;
  • асырап алған кезде қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдар;
  • азаматтығы жоқ адамдарды;
  • анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдар;
  • асырап алған кезде асырап алынған баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдар;
  • наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдар;
  • адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдар;
  • Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген Қазақстан азаматтары (баланың жақын туыстарын қоспағанда) бала асырап ала алмайды.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу