ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов көптеген қазақстандықтың тұрғын үй кезегінен шығарылғанын айтып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Елімізде бұған дейін тұрғын үй кезегі тізімін өзектендіру жылына бір рет жүргізілсе, енді жылына төрт рет жүргізілетін болады.
– Тұрғын үй саясатын реформаланғанға дейін үй кезегімен әкімдіктер айналысты және тізімді өзектендіру жұмысы жылына бір рет жүргізілді. Бұл тұрғын үй кезегі, тізім және тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша көптеген сұрақ туғызды. Бүгінде тұрғын үй саясатын реформалау шеңберінде тұрғын үй кезегін өзектендіру тоқсанына бір рет, яғни жылына төрт рет жүргізу көзделген, – деді Қуандық Қажкенов Үкімет отырысынан соң.
Вице-министр сөзінше, алдағы уақытта тұрғын үй кезегі тізімімен "Отбасы банкі" айналысады.
– Қазір 650 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр және тізімді өзектендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 50 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінен алынып тасталды. Олар – баспана алғандар, басқа өңірге көшкендер және жаңа орында тіркеуге тұрмаған азаматтар. Олардың орнына баспанаға мұқтаж басқа жандар кезекке қойылды, – деп толықтырды сөзін Қуаныш Қажкенов.
Осылайша, 50 мыңға жуық ел тұрғынының кезектен шығарылуынан соң үй кезегі тез жылжи түсетіні анық. Әрі бір жылда 4 рет тұрғын үй кезегі тізімін өзектендіру өз нәтижесін береді.
Бұған дейін 50 мың қазақстандықтың жалға берілген үйді жекешелендіретінін жазған болатынбыз.